Экономика

Инвестиция тарту жұмыстары қағазбен емес, іспен көрінуі қажет

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Ақтөбе өңіріне іссапары барысында аймаққа инвестиция көздерін көптеп тарту қажеттігі жайлы тапсырмасына орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі кәсіпорын басшыларымен, инвестициялық жоба бастамашыларымен кездесті. Ауқымды басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, департамент басшылары мен видео байланыс арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов инвестициялық жобалар туралы баяндады. Осы жылдың сегіз айында өңірде инвестициясының өсімі 107,3%-ды құрап, яғни 316,3 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Оның 170 млрд теңгесі жаңа іске қосылған жобалар. Көрсеткіш республика бойынша 42% құрайды. Облыста биыл 95 млрд теңгеге жаңадан тоғыз инвестициялық жоба іске қосылып, 610 жаңа жұмыс орны ашылды.

Оңдасын Оразалин осы жылдыңсоңына дейін инвестиция көлемін 600 млрд теңгеге, келесі жылы 800 млрдқа, 2024 жылға қарай 1 трлн 600 млрд-қа жеткізу бойынша жоспар белгіленгенін айтты.

— Өңірге отандық және шетелден аймақтан қандай инвесторлар келмек, қанша жұмыс көзін ашу көзделіп отыр, осыны нақтылап, экономикалық әлеуетті арттыру, облыс бюджетін жаңа салық көздерімен толықтыру мақсаты мен міндеті тұр. Бұл жоспарлар қағазға жай сурет етіп көрсетуге емес, шын мәнінде нақты жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар, — деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар Оңдасын Оразалин өңірдегі түрлі бағытта жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарға атқарушы орган тарапынан қолдау, қажетті көмек көрсету мақсатында кәсіпорын иелерінің ой-пікірлерін тыңдап, қандай да бір кедергілердің бар-жоғын анықтады.

Кәсіпорындардың кейбірі жер көлемін кеңейту, су, жарық мәселелеріне қатысты проблемаларға тап болып отырғандығын айтты. Тіпті сот орындаушылардың жұмысына көңілдері толмағаннан арызданып жүргендері де бар.

Облыс әкімі көтерілген жайттарға қатысты орынбасары Қайрат Бекеновке мән-жайды анықтап, мәселенің шешілуіне заң аясында ықпал жасауды тапсырды.

— Жергілікті билік шетелдік және отандық инвесторларға қолдау көрсететін болады, дегенмен кәсіпорын тарапынан да қоғамдық наразылықты тудырмау, яғни жұмысшылардың жалақысын көтеру, экологиялық талаптарды сақтап, тізе қоса жұмыс жасау талап етіледі», — деді Оңдасын Оразалин

Атап өтейік, облыста жыл соңына дейін құны 72 млрд теңгені құрайтын «Arm Wind», «Зерде-Керамика  Актобе», «Aktobe Smart Tech», «Gigant KZ»,т.б. 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button