Басты жаңалықтарӘлеумет

Тұрғындарды қабылдады, кеңес берді

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

 Сейсенбі күні Ақтөбе қаласында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірнеше бағыты бойынша азаматтарды қабылдау, сондай-ақ бірқатар кездесулер өтті.

Басты сауал — баспана және атаулы әлеуметтік көмек

 Аталған жоба аясында «Анаға тағзым» орталығында азаматтарға қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға келген тұрғындар жеке сауалдары бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі, Ақтөбе қалалық білім бөлімі, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, ҚР Ұлттық банкі Ақтөбе филиалы, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ облыстық филиалы, т.б. мекемелердің өкілдерінен кеңес алды.

— Ақтөбе қаласының тұрғындарынабарлық сауалдар бойынша әр аптада қабылдау ұйымдастырып жатырмыз.Қабылдау туралы алдынала хабарландырулар Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік желілердегі парақшасында жарияланады. Жалпы қабылдауға келген тұрғындардың дені баспана, атаулы әлеуметтік көмек, балабақша, мектепке қабылдау кезегі сияқты мәселелер бойынша сауалдарына жауап алуда, — дейді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әсел Дарыбаева.

Қабылдауға келгендердің бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлхадиша Төлегенова. Бес бала өсіріп отырған көпбалалы ана сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алады.

— Жуырда көпшілікпен бірге мемлекет екінші деңгейлі банктердің біріндегі несиесімізді жауып берді, тіпті үстіндегі қаржысын да алдық.Бүгін қабылдау болып жатқанын естіп, мемлекеттік мекеме өкілдерінен әлгі қаржының балалардың жәрдемақысынан шегеріліп-шегерілмейтіндігін сұрауға келген едім, — дейді ол.

Көпбалалы ананың сауалына жауап берген Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Айнұр Жалғасбайдың айтуынша, аталған мәселе бойынша мемлекеттік мекемелерге ешқандай мәлімет келіп түспеген.

Бұл көпбалалы отбасында отағасы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ал мемлекет тарапынан берілген қаржының алдағы уақытта отбасына түсетін кіріске есепке алынатыны-алынбайтыны туралы нақты айта алмаймыз. Алдағы уақытта бұл мәселеде өзгерістер болса, біз тұрғындарға ескертеміз, — дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні орталық түлектерді тәжірибе жинақтау үшін жастар практикасына жіберсе, жұмыссыздарға бос жұмыс орнын ұсынуда. Алайда азаматтардың көбі жалақысы 70-100 мың теңге болатын жұмысқа барғысы келмейді.

Қазіргі таңда қала бойынша 1300-ге жуық бос жұмыс орны бар. Ал нақты жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздардың саны — 213. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен әртүрлі акциялар аясында 6,5 мыңға жуық ақтөбелік жұмысқа орналастырылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ақтөбе қаласы бойынша бас маманы  Қайрат Райжановтың айтуынша, азаматтардың арасында қабылдауға тегін дәрі-дәрмек алу мәселесі бойынша келетіндер көп.

— Қолдан келгенше мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп, кеңес беріп жатырмыз. Айта кету керек, бүгінгі күні елімізде онкология, қант диабеті, туберкулез, жүрек-қан тамырлары ауруларына дәрі-дәрмек тегін беріледі.Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға да құжаттар әзірлеуге қолдау көрсетіп жатырмыз, — дейді ол.

Бұл күні қабылдауға келген тұрғындар арасында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ облыстық филиалы қызметкерлерінен баспана алу мүмкіндіктері туралы сұрағандар көп болды. Олардың бірқатары тұрғын үйді мемлекеттік бағдарламалар арқылы сатып алғысы келсе, ендібіреулері есепшот ашудың заңдылығын сұрап білді.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ облыстық филиалының көшбасшы-кеңесшісіТалант Әділханұлының айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе қаласында аталған банк арқылы тұрғындар төмен пайызбен «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 аудандарынан тұрғын үй алуына толық мүмкіндігі бар.

— Келушілерге банктің тарапынан қандай тиімді ұсыныстар бар екенін, мәселен, төмен пайызбен, ең төменгі жарнаменбаспана алудың жолдарын түсіндіріп жатырмыз. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша төмен пайызбен тұрғын үйлер беріліп жатыр. Мәселен, бүгінгі күні «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы Батыс-2 ауданы бойынша 8 компаниямен келісімшартқа отырды. Олардың қатары алдағы уақытта тағы да көбейеді. Жыл сайын басқа облыстарға қарағанда қаламызда үйлердің көп салынуына байланысты бағдарламалар мен байқаулар да көптеп жүзеге асырылуда, — дейді ол.

 180 адам тегін ем алды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Болашақ» шағын ауданындағы облыстық медицина орталығында Ашық есік күні өтті. Тұрғындар мен балалар орталыққа келіп, невропатолог, хирург, кардиолог, эндокринолог, стоматолог, мектеп дәрігері, онкомаммолог, травматолог мамандарынан кеңес алып, тексерістен өтті. Сондай-ақ орталық қызметкерлері мен келушілерге арнайы семинарлар өткізіліп, екпеден бас тартқан балалар мен ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылды.

Аталған орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Рсалиеваның айтуынша, медицина мекемесінде мұндай акциялар жиі ұйымдастырылады.

Бүгін біздің орталықтың дәрігерлері тұрғындарды қабылдап, оларға кеңес беріп жатыр. Қазіргі таңда орталыққа тіркелген азаматтардың саны 15 мыңнан асады. Бүгінгі Ашық есік күні аясында біз тұрғындарға семинарлар ұйымдастырып, жасөспірімдер арасында ерте жүктілікті болдырмау және оның алдын алу, қан айналым жүйесі ауруларының белгілері туралы кеңінен мағлұмат беріп, балаларға стоматологиялық көмек көрсетіп жатырмыз. Сондай-ақ екпеден бас тартқан балалардың ата-аналарымен жұмыс жүргізіп, онколог-маммолог мамандарымыз науқастарға кеңес беріп, қолдау көрсетуде, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері орталыққа қарайтын 44 бала екпеден бас тартқан. Ал Ашық есік күнінде медицина орталығында 100 ересек және 80 бала тексеріліп, ем алды.

Дін және жастар

Жобаның 1-бағыты бойынша облыстық дін істері басқармасы мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлері М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында дін саласының мамандары оқушыларға діни мәселелер туралы кеңінен әңгімелеп, деструктивті діни ағымдардан қашық болуға шақырды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл 20 тамыз-20 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайта қолға алынып, жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру, өзекті проблемаларды жою, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ал жобаның бірінші бағыты бойынша біздің міндетіміз — халықты, әсіресе, жастарды діни мәселелер бойынша ақпараттандыру, деструктивті ағымдардың алдын алу. Бүгінгі күні облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы деструктивті ағымда жүрген азаматтармен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, оларды дәстүрлі ханафи мәзһабына тарту бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, — дейді «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс жастарының дінге деген қызығушылығы өте жоғары.Орталық жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, қазіргі таңда мешітке баратын азаматтардың 90 пайызы — жастар. Сол себепті өскелең ұрпаққа дін туралы кеңінен ақпарат беру мақсатында орталық мамандары жастармен кездесулер ұйымдастырып, оларға бағыт-бағдар беруде.

Айта кету керек, облыстық дін істері басқармасы мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлері 20 тамыздан бастап облыста «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында жалпы саны 6422 адамды қамтыған 305 кездесу өткізген. Атап айтсақ, олардың ішінде 193-і мекенжайлары бойынша жеке кездесулер болса, 28-і білім беру мекемелерінде, 7-еуі кәсіпорындарда, 3-еуі мемлекеттік органдарда өткен. Сонымен қатар мамандар жамағат арасында 13 семинар өткізсе, құптан намазы уақытында 39 уағыз насихат жұмысын, ал жергілікті тұрғындар арасында 10 кездесу ұйымдастырған. Мешіт қызметкерлеріне 4 әдістемелік көмек көрсетіліп, екі  спорттық-мәдени шара өткізген.

Осы аптада қала әкімдігімен бірлесіп, «Астана» сауда үйінің алдында тұрғындарға діни, психологиялық, әлеуметтік мәселелер бойынша «Open space» тегін кеңес беру күнін өткіземіз. Аталған шараға теологтар, психологтар, жұмыспен қамту саласының мамандары жұмылдырылады, — дейді Н.Жаншин.

Айта кету керек, аталған жоба аясында облыстық дін істері басқармасының мамандары Ақтөбе қаласындағы спорт мектептерінің жаттықтырушыларымен де кездесулер өткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button