Экономика

«Еңбек» бағдарламасы: 31 жоба қаржыландырылды

Елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, ауылда және қалада микрокредит беру арқылы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын ынталандыру. «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатқа Байғанин ауданы бойынша 92 жобаға шағын несие беру жоспарланған.

Байғанин аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жаңабай Ержанов өңірде аталған салаға қатысты атқарылып жатқан шаруалар жайын сөз етті. Оның айтуынша, ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде 103,7 пайызға өсім бар. Оның ішінде, ет, жұмыртқа өндіру, мал санын көбейту, ауданға инвестиция тарту сияқты жұмыстарда да өсім жоғары.

Аудан бойынша 2019-2020 жылдардың мал қыстату науқанына  209,1 мың тонна мал азығын дайындау тапсырмасы берілген болатын. Биылғы жылы мал азығын дайындау жұмыстары үлкен қиыншылықпен атқарылуда. Себебі — шөптің  шығымы төмен. Алайда соған қарамастан жоспарды орындауға тырысып жатырмыз. Бүгінде шаруашылықтар мен жеке тұрғындарға шөп  тасылды, — дейді бөлім басшысы.

Қазір ауданда кәсіпкерлікті әр қырынан дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Соның бірі — қарапайым заттар экономикасы.

Елбасы Жолдауында айтылған «қарапайым заттар экономикасы» импорттың үлесін қысқартып, отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша ауданымызда 4 шаруашылық 120 миллион теңгеге несие алып, жұмысын жүргізуді ойластырып отыр. Олар — «Байдәулет», «Арыстанбай», «Нұржібек» және «Ая» шаруа қожалықтары. Сонымен қатар елімізде былтырғы жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Байғанин ауданы бойынша жалпы сомасы 289 миллион 400 мың теңгеге 92 жобаға шағын несие беру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта  барлығы жалпы сомасы 208 миллион 600 мың теңгеге 31  жоба қаржыландырылды, — деген ол бұл бағытта мақұлданған жобалар, қаралып жатқан құжаттардың барын тілге тиек етті.

 А.НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button