Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Көне ескерткіштерді зерттеу ісі жанданады

Біздің облыстың аумағында адамзат тарихының әртүрлі кезеңіне жататын археологиялық ескерткіштер көп. Мамандардың айтуынша, біздің жерімізде шоғырланған ескерткіштердің ең көнесі ерте тас дәуіріне жатады.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев:

— Қазақ жерін адамдар өте көне заманнан қоныстанған. Бұдан миллион жыл бұрын адамдар мекендеген қоныс-тұрақтардың орындары, ерте тас дәуіріне тән құрал-жабдықтар табылды. Бұл Ақтөбе өңіріне де қатысты… Тек, өкінішке қарай, сол дәуірге тән адам сүйектері әзірге табылған жоқ, — дейді.

Археологтар Ақтөбе өңірінде ерте тас дәуірінен бастап, қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға тән ескерткіштер мен жаңа заман ескерткіштерінің кездесетінін анықтаған. Ұлы Даланы мекендеген көшпенділер туралы өз беттерімен дамып, өркендемеген, мыңдаған жылдар бойы тек отырықшы жұрттардың жетістіктерін қабылдап алып, жаратып отырған деген түсінік қалыптасқан болса, кейінгі археологиялық зерттеулер арқылы ашылған жаңалықтар сол түсініктерді жоққа шығарып, Далалық өркениеттің адамзат тарихындағы орнын айшықтады. Сондықтан біз үшін Ұлы Даладағы көне ескерткіштерді зерттеп-зерделеу ісін дамытудың маңызы өте зор.

— Тәуелсіздік жылдарында қазақ археологтары халқымыздың тарихы мен мәдениеті туралы қалыптасқан ойларды түбегейлі өзгертетін, соған жол ашатын табыстарға жетті. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылдануы біздің ісімізге зор серпін берді. Кешегі кеңестік кезеңде біз өз рухани тамырымыздан, рухани дәстүрімізден ажырап қалдық. Енді бүгін біздің төл мәдениетімізге, таным-түсініктерімізге, рухымызға мүлде кереғар, жат ағымдар соны пайдаланып, жастарымызды жанталаса өз қатарларына тартып жатыр. Ата-бабалар тарихы, олардың ерлік істері— сол қауіпке қарсы біздің рухани иммунитетіміз болса, ендеше сол тарихтың куәсі — көне ескерткіштерді зерттеу ісін жандандыру да біз үшін өте маңызды, — дейді Бауыржан Байтанаев.

Осы орайда ол өзі басқарып отырған Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үлкен жобаларды қолға алғанын айтты.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша еліміздің бірнеше аймағында, мысалы, Түркістан, Қарағанды облыстарында жұмыстарды біраз бұрын бастап кеттік. Ал Ақтөбе облысы бойынша да әзірленген ұсыныстарымыз бар еді. Бұл ұсыныстарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қолдап, енді Ақтөбе аймағында да жұмыстарды жандандырудың сәті түсіп отыр. Бұл біз үшін — үлкен қолдау, — деді Бауыржан Байтанаев.

Оның айтуынша, институт ғалымдары біздің облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы зерттеу жұмыстарын бес бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт — ерте көшпенділер кезеңіне тән көрнекті ескерткіштерге археологиялық зерттеу жүргізу.

— Бұл орайда Мұғалжар ауданы аумағында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндағы нысан — биіктігі 5,5 метр, диаметрі 60 метр болып келетін үлкен қорған.Үлкен қорғандар тек ақсүйектерге ғана орнатылғаны белгілі, — дейді Бауыржан Байтанаев.

Екінші бағыт бойынша Хромтау ауданындағы Моңғолсай және Ойсылқара тарихи-мәдени кешендері зерттеледі. Мамандардың айтуынша, бұл — тас дәуірінің тұрақтары болған орын. Сондай-ақ мұнда ерте темір дәуіріне жататын қорғанды зерттеу жоспарланған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері — металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі», — деп атап көрсетілген еді.Археологтар Моңғолсай және Ойсылқара маңында да ерте замандарда пайдалы қазбаларды, соның ішінде қымбат металдарды игеру жұмыстары жүргізілген, сол жұмыстардың ізі, белгілері бар деп болжайды. Зерттеу барысында бұған ерекше көңіл бөлінетін болады.

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, бабаларымыздың өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болуына жол ашқан жылқыны қолға үйретудің, сондай-ақ ежелгі металлургия, яғни тау-кен өндірісінің ошақтары Ақтөбе өңірінде де бар. Бұл — қола дәуіріне жататын 56 археологиялық ескерткішті зерттеу барысында жасалған қорытынды. Ал осы ескерткіштердің ішінде қола дәуіріне жататын 7 тұрақ, петроглифтер сақталған 11 орын және 27 көне қорым — бұрын зерттеушілерге белгілі болмаған, жаңадан табылған нысандар екен. Зерттеулер барысында облысымыздың солтүстігіндегі Тарангүл, Жалғызағаш аталатын жерлерден палеометалл дәуіріне жататын қоныстар орындары табылды. Мамандардың пікірінше, бұлар — бірегей ескерткіштер, өйткені бұл жерлерді ежелгі адамдардың ұзақ уақыт бойы қоныстанғаны анықталып отыр.

Ә. Марғұлан атындағы Археология институты мамандары енді осы зерттеулерді одан әрі тереңдетпек және бұл«Ақтөбе жеріндегі ежелгі металлургия мен малды қолға үйретушілер» аталған үшінші бағыт аясындағы жұмыстарды қамтиды.

Төртінші бағыт бойынша, Доңызтау өңіріндегі ортағасырлық Жезді қаласының орнында зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Жезді қаласы қазіргі Байғанин ауданының аумағында, Маңғыстау облысымен шекарада орналасқан. Жезді оғыздардың қаласы болған. Деректерге қарасақ, ол — адамдар сонау қола дәуірінен жаңа заманға дейінгі аралықта үздіксіз қоныс еткен мекен. Қазба жұмыстары барысында бұл жерден қола дәуіріне жататын бұйымдар да, орта ғасырларға тән жәдігерлер де табылған.

Жездіні зерттеу арқылы отандық археологтар алғаш рет оғыздар дәуіріне тән қалалық мәдениет ескерткішінің көне қабаттарына кең көлемде зерттеу жүргізуге мүмкіндік алып отыр.

Археология институтының біздің өңірімізде жоспарлаған зерттеу жұмыстарының бесінші бағыты бойынша «Ақтөбе облысының киелі жерлері географиясы» жинағына материалдар әзірлеу көзделген. Соның ішінде, сирек кездесетін ескерткіштер қатарына жататын бірегей нысандар тізімі де жасалмақ. Бұл жобаны іске асыруға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік институтының ғалымдары да атсалысады.

— Біз көздеген жобаларға жергілікті археологтар да қатысады. Мұндай ауқымды жұмыстардың жан-жақты ұйымдастырылғаны дұрыс. Мысалы, нақты тарихи кезеңдерге қатысты Ресей елінің көрші өңірлерінде жүргізілген зерттеулер нәтижелерін де назарда ұстаймыз, — дейді ол.

Аталған жобаларды алдағы үш жылда іске асыру жоспарланған. Зерттеулер нәтижесінде «Ақтөбе облысының киелі жерлері географиясы» жинағынан бөлек, бірнеше монографиялық еңбектер жазылады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, биылӘ.Марғұлан атындағы Археология институты мамандарының қатысуымен Темір ауданындағы Досжан ишан мешітіне зерттеу жұмыстары жүргізілді.

— Досжан ишан мешіті — «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде енген нысан. Мешіт қасында Досжан ишанның бейіті де бар. Бұл жерді халқымыз зиярат орны ретінде қастерлейді. Биылғы зерттеулер нәтижесінде болашақта мұнда консервация жұмыстарын жүргізу көзделген, — дейді Бауыржан Байтанаев.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button