Денсаулық

Жаңа зерттеу жүрегі ауыратын науқастарға тиімді ем ұсынады

Конгресс

31 тамыз-4 қыркүйек күндері Францияның Париж қаласында Еуропалық кардиологтар қоғамының конгресі өтті. Оған 150 мемлекеттен 31 мыңға жуық делегат қатысты. Олардың қатарында қазақстандық кардиолог дәрігерлер де бар.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №2 ішкі аурулар кафедрасының профессоры, Қазақстан кардиологтар қауымдастығының Ақтөбе филиалының директоры Бекболат Жолдин әлем кардиологтары бас қосқан үлкен жиынға қатысып қайтты. Медицина саласында 40 жылдан бері абыройлы еңбек етіп жүрген белгілі кардиолог конгресте талқыланған кардиология саласындағы өзгерістер туралы айтып берді.

— Еуропалық кардиологтар қоғамының конгресі — жылына бір рет өтетін әлем кардиологтарының басын қосатын үлкен жиын. Биыл бұл жиында дүниежүзілік кардиологтар бас қосып, оған әлемнің 150 елінен делегация қатысты. Конгрескебіздің еліміздіңбарлық облысынан жиналған делегацияны Қазақстан кардиология қауымдастығының президенті Сәлім Беркімбаевбастап барды. Конгресс жылына бір рет қана өтетіндіктен, онда соңғы өзгерістер мен жаңалықтар талқыланды. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу жолдары қаралып, нұсқаулықтар жарық көрді. Атап айтсақ, созылмалы коронарлық синдром, қант диабеті және оны емдеудің диагностикасы, дислипидемиялар, қарышаүстілік тахикардиялар және жедел өкпе эмболиясы. Бұл — нұсқаулықтар практикалық түрде жұмыс істейтін дәрігерлерге үлкен көмек. Себебі жарияланған мәліметтерді қолдана отырып, науқастарды қазіргі заманауи инновацияға сәйкес емдеу — бүгінгі күннің талабы. Сондықтан дүниежүзінде жүрек-қан тамырлары ауруларына қандай ем жүргізілсе, біздің елімізде де дәрігерлер науқастарды осы нұсқаулықтар негізінде емдеу керек. Алдағы уақытта конгресте жарияланған нұсқаулықтарға негізделіп, емдеудің хаттамалары жазылады. Айта кету керек, хаттамалар жыл сайын өзгермейді, осындай күрделі өзгерістер болған жағдайдағана қайта жазылып, оған соңғы жаңалықтар енгізіледі. Қазақстан кардиология қауымдастығы қазір осы жұмыстарды қолға алып жатыр. Хаттамалар қайта өңделіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бекітіледі. Екіншіден, конгресте талқыланған мәселелер —бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі. Сондай зерттеулердің бірі — созылмалы жүрек әлсіздігі. Бұл — жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынған кезінде дамитын патология. Аталған конгресте созылмалы жүрек әлсіздігі немесе жетіспеушілігін емдеуге қандай препараттар қолдану керектігі туралы арнайы зерттеудің нәтижесі жарияланды. Ол «ДАРА-HF» деп аталады. Яғнидапаглифлозиндеген дәрі жүректің жетіспеушілігі бар науқастарды емдегенде ең жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл — ең айқын көрсеткіш. Өйткені осы дәріні қабылдағаннан кейін науқастардың ауруханаларға, стационарларға қайта-қайта түсу жиілігі, сондай-ақ жүрек жетіспеушілігі асқынуларының әсерінен өлу жиілігі азайған. Бұл — айтарлықтай жетістік. Алайда бұл зерттеу нәтижелі болғанымен, медицинадатез арада қолданысқа енгізілмейді. Себебі бұл зерттеудің нәтижесі ресми түрде хаттамаға кіргізіліп,денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қаулы қабылдануы керек. Сондықтан келешекте осы зерттеудің нәтижесінің арқасында науқастарға тиімді ем жүргізіледі.

— Қазіргі таңда Қазақстанда, оның ішінде біздің облыста жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты осы тектес қандай да бір зерттеулер жүргізіліп жатыр ма?

  • Қазіргі таңда Еуропалық кардиологтар қоғамы созылмалы жүрек әлсіздігі ауруы практикалық жағдайда қалай емделетіні туралы зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл зерттеу «Регистр-HF ІІІ» деп аталады. Бүгінгі күні Қазақстанның кардиологтары осы зерттеуге қатысып жатыр. Атап айтсақ, оған Алматы қаласындағы белгілі кардиологтар мен біздің университеттің медицина орталығы атсалысуда. Бұл зерттеуге біз қажетті материалдарды жинап жатырмыз, алғашқы талқылау отырысын да өткіздік. Алайда зерттеу жұмыстары әзірге ғылыми журналдарда жарық көрген жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстарды Алматы қаласындағыкардиология және ішкі аурулар институтының бөлім меңгерушісі, Қазақстан бойынша ұлттық координатор Әмина Ракишева жүргізсе, ал батыс өңірі бойынша зерттеу орталығына мен жетекшілік етемін. Зерттеудің нәтижесі келер жылы толық анықталып, оны Амстердамда өтетін халықаралық конгресте ұсынатын боламыз.

Қазіргі таңда біз орталықтағы науқастарды толық тексеруден өткізіп, олардың келісімімен арнайы зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Алайда олардың аты-жөндері еш жерде жарияланбайды.Айта кету керек, біздің кафедра бүгінге дейін Еуропа елдерінде жүргізілген екі зерттеуге қатысты. Оның біріншісі — инфекциялық емес созылмалы аурулардың қауіп факторларытуралы зерттеу болса, екіншісі — миокард инфарктісі туралы зерттеу. Алғашқы зерттеу жұмысы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы болғандықтан, оның нәтижелері еуропалық ғылыми баспаларда жарияланды. Атап айтсақ, 2017 жылы «The Lancet», ал биыл «Nature» ғылыми журналдарында жарық көрді.

Алдағы уақытта «ДАРА-HF» зерттеу нәтижесі біздің елімізде қолданысқа енгізілсе, науқастарды жүрек-қан тамырлары ауруларынан айықтыруға толық мүмкіндік бар ма?

Дапаглифлозин деген дәрі қазіргі таңда Қазақстанда тек қант диабетін емдеуге қолданылады. Қант диабеті — зат алмасу бұзылысының ауруы ғана емес, бұл жүрек-қан тамырлары ауруларына да жатады. Өйткені қант диабетінің асқынулары көбіне жүрек-қан тамырлары жүйесінен болады. Сондықтан диабетпен ауыратын науқастарда жүрек әлсіздігі немесе жетіспеушілігі жиі кездеседі. Бұл зерттеудің ерекшелігі — дәрінің әсері тек қант диабеті бар науқастарға ғана емес, қант диабеті жоқ, бірақ жүрек жетіспеушілігі бар адамдарғада өте тиімді. Болашақта бұл дәріні жүрек жетіспеушілігімен ауыратын адамдар қолдануына болады.

  • Қазір елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын азаматтар көп. Оның алдын алу жолдары бар ма?
  • Бүгінгі күні жүрек-қан тамыр аурулары — әлемде кең тараған аурулардың бірі. Өкінішке қарай, дүниежүзіелдері сияқты Қазақстанда да бұл ауру бірінші орында тұр.Атап айтсақ,жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде миокард инфарктісі, артериялық гипертензия, инсульт, созылмалы жүрек жетіспеушілігі көп кездеседі. Мұның ішінде ең қауіптісі — миокард инфарктісі. Ол кенеттен адам өліміне әкеледі, яғни науқастың жүрегі ауруханаға жетпей тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан қазіргі медицинаның негізгі бағыты — жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторларымен күресу. Мысалы, артериялық қан қысымы жоғары адамдар өзінің қан қысымын күнделікті тексеріп, бір шамада ұстап тұруы керек. Егер салмағы артық немесе қант диабетімен ауырса, оны емдеу жолдарын қолға алуы қажет. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық белсенділікті күшейту керек, яғни, дені сау адамкүніне кемінде үш шақырым жаяу жүруі тиіс. Бұл айтылғандар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады.

Сонымен қатар жүрек-қан тамырлар ауруларының салдарынан болатын өлім санын азайту үшін мына 4 қағидаға сүйенген жөн. Оның біріншісі — скринингтен өту. Яғни қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, т.б. осы тексерістен өткенде анықталса, онда науқастар диспансерлік есепке алынады. Екіншісі — вакцинация. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әртүрлі себептермен ата-аналар вакцинациядан бас тартып жатыр. Ал ол тек инфекциялық аурулардың ғана емес, жүрек-қан тамырлары ауруларының да алдын алады.Демек, вакцинация көптеген аурулардан ағзаны қорғайды. Үшіншісі — салауатты өмір салтын ұстану. Ал соңғысы — химиялық-профилактикалық шаралар. Яғни артериялық қан қысымы бар адамдар дәрігер тағайындаған дәрілерді қолданып, қан қысымын үнемі назарда ұстауы қажет. Егер тұрғындар осы 4 қағиданы ұстанса,онда жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

                                                                    Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button