Әлеумет

Шалқарда инватакси қызметі бар

Еңбегімен көпке үлгі болып жүрген І топ мүгедегі, «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының төрағасы Ерлан Алдашевтың алға қойған мақсаттарының бірі — өз тағдырластарының тұрмысы түзу болуына көмек қолын созу. Ол осы мақсатта тынбай жұмыс істеп, үлкен бастамаларды жоспарына енгізіп отыр.

Таяуда сол жоспарларының бірі жүзеге асып, инватакси қызметі аудан орталығында жұмысын бастады. Аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің тікелей қолдауымен мүмкін болған аталмыш қызметті қаладағы арбаға таңылған, тірек-қимылы бұзылған І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен І топтағы зағип жандар, 16 жасқа дейінгі сал ауруына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады. Бұл тегін қызмет түріне жүгіну үшін алдын ала жұмыс күндері сағат 9.00-18.00 аралығында 31-1-66 телефоны арқылы «Шалқар саясына» тапсырыс беруі қажет.

Айта кету керек, инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі жандарды оқу орны немесе жұмыс орнына, жергілікті атқарушы органдар мен сот, прокуратура ғимараттарына, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына, заңгерлік қызмет көрсететін және медициналық мекемелерге, сондай-ақ теміржол вокзалы, автовокзал, т.б. қызмет көрсету орындарына апарады.

Бұрын-соңды ауданда мұндай қызмет түрі болған емес. Мұның біздің санаттағы азаматтар үшін маңызы зор. Жұмыс болған соң басында кемшіліктер болуы ықтимал. Әзірге біз тасымалдайтын көліктерді жалға алып отырмыз. Алда өзіміздіңменшігімізде болса, оның сандары да артатынына сеніміміз мол, — дейді «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Алдашев.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқа рауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button