Мәдениет

Манастың ізденісі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық өнер музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Манас Қожақұловтың «Іздену жолында» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Суретшінің қала мен дала, адамдар, басқа да әдемі көріністерді қамтыған көрмесіне жүзден астам кескіндеме туындылары қойылды. Соның ішінде осы жолы сұлу табиғатқа баса маңыз беріліпті.

— Бейнелеу өнерімен кәсіби түрде 2015 жылдан бері айналысамын. Яғни барлық жұмыстан бас тартып, тек осының жолына түскеніме төрт жылдан асып барады. Бүгінге дейін 200-ден астам картинаны салып үлгеріппін. Олардың жанры әрқилы. Негізінен реализм бағытында салғанды ұнатамын. Нені нақты көрдім, соны қағазға түсіремін…

Бұл — менің екінші көрмем. Алғашқысы осы өнер музейінде 2016 жылы өткен еді. Көрермен бұл жолы әртүрлі жанрда салынған 114 картинамды тамашалай алады. Оның біразы, әрине, этюд, — дейді суретші Манас Бердіханұлы.

Қылқаламынан шыққан туындылары бұған дейін Нұр-Сұлтан, Өскемен, Атырау, Қызылорда сияқты қалаларда ұйымдастырылған топтық көрмелерге қойылған өнер иесі мәдени шаралардан, атап айтқанда, симпозиумдардан қалмауға тырысатынын айтады. Оның ойынша, мұндай басқосулар суретшінің шабытына шабыт қосып, жаңа дүниелерді жарыққа шығаруына сеп болады екен.

Ашылу салтанатында көрме иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталып, көрермендер жылы лебізін білдірді. Олардың қатарында ақтөбелік суретшілер, студенттер мен оқушылар, жалпы өнер сүйер қауым болды.

Айта кетейік, көрме 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button