Әлеумет

«Qorgau» құқығыңды қорғайды

Ақтөбеде заңгерлер бас қосты. Барлық аудандардан кәсіби медиаторлар мен ішкі істер бөлімдерінің басшылары шақырылды.

1-тамыздан бастап елімізде «Qorgau» жобасы аясында форумдар мен семинарлар өтіп жатыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен болып жатқан шаралар мемлекеттің басты байлығы адам құқығын қорғауға арналған.

Екі күн бойы қаламызда тегін кеңестер беріліп, семинар-тренинг, форумдар ұйымдастырылды. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатымен кері байланысты реттеу бойынша тиімді құралдарды ендіруге бағытталған «Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттестігі» атты жиында қызметтерді мемлекеттен жеке секторға тапсыру,  суицид пен зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелері талқыланды.

«Халықаралық құқық қорғау орталығы РҚБ» Батыс Қазақстан филиалының жетекшісі Светлана Балпейісова бүгінгі медиация және медиатор жөнінде кеңірек таныстырды. «Бұл— қарапайым адамдар үшін дәл уақытында көтеріліп отырған проблема», — деген ол осы жобаның аясында Ақтөбеде 32 адамның мәселелері шешілгенін айтты.

— Жоба бойынша еліміздің әр қаласында 200-ден астам заңгер жұмыс істеуде. Әр аймақта жастар орталығында біздің адамдарымыз бар. Басты мақсатымыз — қоғамдық деңгейде іске асырылатын жобаны таныстыру. Қарапайым халыққа заңгерлер қызметін ақысыз береді. Бұл, әрине, тиімді. Егер адвокат жалдасаңыз, қаншама ақша төлейсіз. Сот қызметіне, басқа да төлейтін төлемдер болады. Жоба басталғалы 3 мыңнан астам адам біздің көмегімізді, кеңесімізді алды. Қысқа мерзімде көп нәтиже шығып отыр. Кез келген сала бойынша тегін заң қызметтерін беретін боламыз,— дейді  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Qorgau» жобасының кеңесшісі Шерзод Пулатов.

Хромтау ауданынан келген кәсіби медиатор Түгелбай Оразбаевтың айтуынша, аптасына 15-20 адам кеңес алып тұрады.

— Бұл жобаның,әсіресе аудан, ауыл тұрғындарына берері көп. Көп адам өз құқықтарын, заңдылықтарын білмейді. Кезкелген нәрсенің тығырықтан шығатын бір жолы бар. Бүгінде халық жер алуға, үйдің құжатын басқаға рәсімдеуге, тағы басқа салаларға қатысты көп сұрайды. Сондайда бағыт сілтеп, тиісті құжаттарды таныстырып, мәселенің оң шешілуіне атсалыссақ, адам мен мемлекеттің байланысы нығаймақ, — дейді ол.

«Qorgau» жобасын «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мемлекеттік грант аясында жүзеге асыруда. Форум мен семинар-тренингке қатысушылар Ақтөбе қаласы мен облыс аумағындағы  «Qorgau» орталықтарын аралады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button