Жаңалықтар

9 жастағы Мұса гиннестер рекордын жаңартты

Өткен сенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай күштік спорт түрлерінен «G-Strong Power Fest» V ашық фестивалі өтті.

Күштік спорттың 6 түрінен  бақ сынасқан жергілікті 300 спортшының арасынан 9 жастағы Мұса Түркімбай ерекше көрінді. Ол кеудесін жерден 1 сағат 13 минут 2 секунд бойы көтеріп тұрып Гиннестер кітабының рекордын жаңартты. Кішкентайынан турникке тартылып, қазірден дзюдомен шұғылданатын  Мұса осымен екінші рет «G-Strong Power Fest»сайысында  бақ сынап озып шықты.

Айта кету керек, осы жердегі гір көтеру, күштік воркоут, армрестлинг, армлифтинг, стронгмен сияқты білек күшін қажет ететін спорт  сайысына орынборлық спортшылар қонақ ретінде қатынасты.

Осы жерде  Орынбор облысынан келген бұрынғы қазақстандық палуан, қара күштің иесі, РФ волейболдан спорт шебері, гір спортынан спорт шеберлігіне үміткер Сергей Цырульников 11 тонналық автобусты бірнеше метрге дейін сүйреп апарды.

Дене күшін, соның ішінде қол мен аяқ күшін ерекше қажет ететін күштік спорт түрлері Ақтөбеде соңғы кезде ерекше қарқынмен дамып келеді. V фестивальде воркоут бойынша жастардың көптеп қатысуы осының дәлелі. Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров фестивальде танылған кішкентай Мұсаның спорттағы болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты:

— Бойындағы қабілетін әрі қарай дамытып, жетілдіре берсе, өңірдің мақтанышына айналатын талантты спортшы шығатынына күмән жоқ. Біз Мұсаның аяқ алысын үнемі бақылауда ұстаймыз, — деді ол.

                           Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button