Денсаулық

Ұзақ жасаудың құпиясы — қозғалыс

Денсаулық фестивалі

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Денсаулық фестивалі  биыл да ерекше ұйымдастырылды. Қаланың алты жерінде спорттық шаралар өтті. «Денсаулық сандарына жет!» ұранымен өткен шараға  мыңға  жуық ақтөбелік қатысты. Қатысушылар түрлі дене жаттығуын жасап, дәрігерлерден кеңес алды.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақ, Қобыланды батыр атындағыорталық стадион,А.Пушкин атындағы саябақ, «Авиатор» және «Денсаулық», «Қарғалы» саябақтарында  көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырған ұрандар ілініп, алаңқайлар түрлі түсті шарлармен безендірілді. Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен шараға  студенттер, оқушылар, дәрігерлер  және қала тұрғындары  қатысты. Алдымен жастар флешмоб биледі. Осыдан кейін барлығы бірге спорттық жаттығулар жасады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев көпшілікті спортпен айналысуға шақырды. Тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстауға үндеп жүрген денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен дәрігерлерді марапаттады. Олардың қатарында ардагер дәрігерлер Роман Рахиев пен Несібелі Сақтағанова бар.

Ұзақ жасаудың құпиясы — қозғалыс. Қимылдаған сайын дене белсенділігі артады, қан айналымы жақсарады. Сондықтан жастар дені сау боламын десе, денешынықтырумен айналысуы керек, — деді жасы жетпістен асқан Несібелі Сақтағанова.

Шарада жастармен бірге қарапайым қала тұрғындары да белсенділік танытты. Қаладағы емханалардан келген медбикелер саябақта тегін қызмет көрсетті. Тұрғындар қан қысымы мен қан құрамындағы қанттың мөлшерін білді. Бұндай медициналық қызмет түрі алты саябақта да ұйымдастырылды.«Арасан Ақтөбе» ЖШС дәрігерлері салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын түсіндірді.

Жалпы Денсаулық фестивалі елімізде 1999 жылдан бастап  ұйымдастырылып келеді. Мақсат — денсаулықты сақтау мен нығайту, дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстануға  бұқара халықтың назарын аудару.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button