Пікір

Жаңа бастамалар — жарқын болашақ кепілі

Нарқозы ҚАРТЖАН,

«Bright» оқу орталығының директоры

Бүгінгі жаһандану заманында кез келген мемлекет үшін білім мен ғылымды дамыту өте маңызды. Себебі бұл сала — болашақ ұрпақты даңғыл жолға бастайтын үлкен баспалдақ. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім-ғылымсыз елімізді дамыта алмайтынымызды ескертіп, Үкіметке алдағы жылдары білім сапасын көтеру, университеттердің санын қысқарту, дербес қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ Жолдауда алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге арттыру, олардың мәртебесін көтеру керектігі де айтылды. Бұл — біз сияқты ұстаздарға үлкен қолдау.

Біздің «Bright»оқу орталығы өткен жылы қыркүйек айында ашылды. Бүгінге дейін орталығымыз әлеуметтік жоба ретінде мұқтаж, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға жеңілдікпен қызмет көрсетіп, ағылшын тілінен арнайы білім беріп келді. Ал биылғы жаңа оқу жылындаорталығымызда екі топ жұмыс жасап жатыр. Олар ағылшын тілін үйреніп, өз білімдерін дамытады. Алдағы уақытта аталған жоба аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды құжаттары бойынша қабылдап, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз.

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балалардың қабілетін дамыту мақсатында жол картасын әзірлеуді тапсырды. Егер алдағы уақытта бұл жоба қолға алынса, орталықтың жұмысы да алға басып, балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Айта кету керек, биылғы Жолдауда жеке бизнеске қолдау көрсету, еріктілердің санын көбейту, жастардың белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағдыларын қалыптастыру мәселелері де айтылды. Бұл бастамалар біз сияқты жастарға ерекше серпін берері сөзсіз. Егер әр өңірдегі жастарға осы бағыттарда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, онда кез келген жас өз кәсібін ашып, өз мамандығы бойынша биік белестерді бағындыра алады. Ең бастысы, біз, жастар, ел дамуына өз үлесімізді қосып, аянбай еңбек етуіміз керек.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button