Басты бет » Басты жаңалықтар » Иісшіл иттер иесін жерге қаратпайды

Иісшіл иттер иесін жерге қаратпайды

Ақтөбеде жыл басталғалы төртаяқтылардың көмегімен 270 қылмыс ашылған 

Қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған иттің адамның ежелден досы екені, әсіресе, шетелде аталған жануарды түрлі мақсатта пайдаланатыны баршаға белгілі. Еуропа елдерінде жан күйзелісіне ұшырағандарды емдейтін арнаулы орталықтардың негізгі «жұмысшылары» да — осы төртаяқтылар. Біздің мемлекетте бұл соншалықты дами қоймағанмен, есесіне, кинологиялық қызмет орталығының жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді.

Біз полицейлердің қолғанатына айналған неміс овчаркасының бір күндік тіршілігімен танысып, оның иесін әңгімеге тартқан едік. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауға айрықша үлес қосатын төбеттердің өңірдегі күтіп-баптау жайына да қанық болдық. Сонымен…

Кинолог Ғабит пен 7 жастағы Сэнди

Облыстық полиция департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы Ғабит Жүсіповтің (суретте) осы салада еңбек еткеніне 7 жыл толған. Қазіргі таңда полиция капитанының қарауында 3 қызметтік ит бар. Солардың арасынан Сэндидің орны бөлек. Өйткені неміс овчаркасы кинолог алғаш жұмысқа кіріскеннен онымен бірге «жасасып» келеді.

— Осы орталыққа келген бойда басшылық қолыма бірден неміс овчаркасының күшігін табыстады. Іле-шала екеуміз 3,5 ай уақыт аралығында Алматыдағы кинологиялық орталықта адам ізін кесу бойынша арнаулы курстан өттік.

Менің Сэндиім — қашып бара жатқан күдіктіні ұстауға, иіс арқылы қылмыскерді анықтауға машықтанған ит. Жалпы, жануардың тұқымына қарай оның кинологиядағы бағытын бағдарлауға болады. Мысалы, неміс және бельгиялық овчаркалар тірі жанмен «жұмыс істеп», жарылғыш заттарды да таба алса, лабрадор мен спаниельдер есірткіні іздеуге жұмылдырылады. Бұлардың барлығы Ақтөбенің климатында өмір сүре алады, ыстық пен суыққа шыдамды.

Менде неміс овчаркасынан басқа, тағы екі ит бар. Бірақ бағыты бөлек, олар есірткі мен жарылғыш заттарға «өш», — дейді әңгімелесушіміз.

…Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан орталықты мекендейтін Сэндидің «жұмыс уақыты» таңғы сағат 8-де басталады. Алдымен итті кинолог пен мал дәрігері жіті тексеріп, 30-40 минутқа жазық жерге бой жазуға жібереді. Сосын — 1-2 сағатқа созылатын жаттығу жұмыстары. Одан кейін, әрине, жануармен түрлі ойындар өткізіледі. Осы процеске куә болған біз — фотограф екеуміз төртаяқтының ойынға ерекше ықыласты екеніне, иесінің әр пәрменін бұлжытпай әрі тез орындайтынына куә болдық. Ол да бала сияқты: көңіл бөлгенді, еркелетіп-еміренгенді жақсы көреді… Кейін бұл 1 күнге жалғасатын кәнігі қызметке ұласады. Тәулік бойы кезекшілікке шыққан үйретілген ит иесімен бірге келесі күні демалады. Бұл — әр кинолог бір айда 15 күн қоғамдық тәртіпті қорғап, сонша мерзім тынығады деген сөз.

Иттің азығына келсек, күніне екі рет — таңертең және кешке құрамы дәруменге бай, арнаулы жем-суымен бірге беріледі. Азықтың бір күндік мөлшері — 510 грамм. Осы ретте барлық талап-бұйрықтарды мүдірмей орындағанда қызметтегі серігін қалай еркелететіні жөнінде Ғабиттің өзі:

— Өзін жақсы жағынан көрсеткенде, түрлі тағамдар ұсынамын. Мысалы, итіме анда-санда сүйек, шұжық әкелемін. Сол сияқты кейбір әріптестерім етті пісіріп, соны ұсақтап береді. Кейбіреулер үйінен печенье тасиды…

Бұл жерде кинология қызметінің ұжымдық жұмыс екенін ұмытпаған жөн, нәтиже бір-бірімізге тікелей байланысты. Мәселен, жыл басынан бері Сэндидің араласуымен 2 қылмысты толықтай аштық. Осының өзі — жақсы көрсеткіш. Тергеу амалдарына көмектесетін кездері де көп. Асылы, қалалық жерде күдіктіні іздеп табу өте қиын. Көпшілігі көлікпен қатынайды — соның салдарынан заң бұзушының иісі оқиға болған орынға қажетті деңгейде «сіңбейді». Ал жаяу жүріп заң бұзғандарды іздеуге келгенде әңгіме басқа, — деп ағынан жарылады.

Итті аптасына 2-3 рет жуындырып, күтімін жасап, сол арқылы грумердің де міндетін атқаратын Ғабит есінде қалған қызықты оқиғаның жоқтығын, тосыннан ештеңенің болмайтынын айтады. Өйткені мұнда қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады, бәрі жоспарға сай жүргізіледі. Бауырын енді көтергеннен асырап-бақса да, ит үйретуші мамандар хайуанның аты — хайуан екенін бір сәтке де естен шығармайды. Десе де, бауыр баспай бәрібір тұра алмайсың…

— Иттер 8-10 жасқа дейін сап түзеп, қатардан қалмайды. Қартайып, денсаулығы сыр бере бастаса, арнайы комиссияға салынады. Ондағылардың сынынан өтсе, қызмет ету уақыты ұзартылады. Ал оған жарамаса, дәрі беріліп, мәңгілік ұйқыға кетеді… Сэндиім әзірге сергек, бойында шаршау байқалмайды. Физикалық жағдайы қызметке сай келмей қалса, үйге біржолата алып кетуге болады. Бірақ мен көпқабатты үйде тұрамын, қанша қимасам да асырайтын жерім жоқ. Әрі ол туралы ойлағым да келмейді, әлі ерте, — деп сыр ақтарады 31 жастағы кинолог.

Жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда, Ғабит қарауындағы иттерді кинологиялық қызмет орталығына қалдырады. 30 күн оларға сондағы мамандар күнделікті азығын беріп, күтімін жасайды. Сол-ақ. Әйтпесе, төртаяқтылар басқаның пәрменіне құлақ аспақ түгілі, ол өткізген жаттығуларды да орындамайды. Адал жануардың иесі ұзақ демалыстан кейін орталыққа оралғандағы жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көру керек! Есту мен иіс сезу қабілеті ерекше дамыған иттер иесін бірнеше шақырым жерден сезіп, түрлі дауыстар шығарып, қысқасы, балаша мәз-мейрам күй кешеді екен…

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ!

— Дүниежүзінде төртаяқтылардың 500-ге тарта тұқымы бар деседі.

— Иттер 250-ге дейін сөз бен ым-ишараны түсінеді. Сондай-ақ, қарапайым математикалық есептерді шеше алады. Олар интеллектуалды түрде екі жастағы баланың деңгейінде.

— Бұл жануарлар иісті адамдарға қарағанда 10-100 мың есе артық сезеді. Олардың есту қабілеті адамдарға қарағанда 10 есе артық дамыған.

— 1988 жылы АҚШ-тың кедендік бақылауында Рокки мен Барко атты иттер болған. Олардың Техас пен Мексика арасындағы шекараны бақылауда ерен «еңбек еткені» сонша, есірткі сатушылар олардың басы үшін 30 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған екен.

Ұрлықтан кісі өліміне дейінгі қылмыстарға жұмылдырылады

Ақтөбедегі кинологиялық қызмет орталығының басшысы Сапабек Рахимовтың айтуынша, мұнда қызметтік иттердің баршасы 6 айлығынан бастап Алматыдан әкелінеді. Әскери құпия болғандықтан, нақты санын айтпаса да, одан өңірде 15-тен астам кинологтың 40-қа жуық иісшіл иттерді күтіп-баптайтынын білдік. Жыл соңына дейін орталық тағы 5 күшікпен толығады деп күтілуде.

— Ішкі істер министрлігіне қарасты кинологиялық қызмет орталығындағы иттер бізге орталықтан жеткізіледі. Ал ондағы мамандар иттің тұқымына қарай қызмет ету саласын анықтайды. Міндетті түрде күшіктің сүйектерінің құрылысы, бұлшық еттерінің дамуы, жүйке жүйесіне баса назар аударылады. Біз де жіті тексереміз. Егер бір жерінен кемістік байқалса, бірден қызметке жарамсыз деп танимыз. Іріктеуден өткендерді 3,5 ай көлемінде осы іске баулимыз. Одан соң, әлбетте, күнделікті жаттығулар. Ылғи арнаулы емханаларға қаратып, екпе салдырамыз.

Биылдыққа біздің орталықтың көмегімен 270-тен астам қылмыс ашылды. 100 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Былтыр тап осы мезгілде бұл көрсеткіш 260-қа жуықтап еді, яғни өсу бар. Қызметтік иттер ұрлық, қарақшылық, кісі өлімі, бір сөзбен айтқанда, қылмыстың барлық түрін әшкерелеуге атсалысады.

Мұндағы иттер бірнеше топқа бөлінеді: жарылғыш заттар, оқ-дәрі, қару-жарақ іздейтіндер; есірткіні табуға машықтанғандар, із кесетіндер және одорологияға бейім жануарлар. Әрқайсысына жүктелетін тапсырмалар, жүргізілетін әдіс-тәсілдер бөлек, — дейді Сапабек Рахимов.

Халықаралық ұйымдардың тарапынан полиция қызметінің бір тармағы — кинологияда қолдануға рұқсат етілген 20-дан астам иттің тұқымы бар. Олардың арасынан қолға үйретілген, жер-жерде көптеп «қызмет ететін» неміс пен бельгиялық овчаркаларды, спаниель, лабрадор, пинчер, шнауцер, терьер, такса,ретривер, пудель, т.б. атауға болады. Облыста бұл тізімдегінің алғашқы 4-еуі ғана кездеседі. 17 жылдық еңбек тәжірибесінде орталық басшысы Арлан, Барон, Белис, Зила аттысенімді серіктердің мінсіз із кесушілігі ұмытылмайтынын, олардың ізін жалғайтын алғыр иттердің өсіп келе жатқанын атап өтті.

Әңгіме арасында «Қазақтың тазысы да өте ақылды. Оның иіс сезу қабілеті мықты дамыған. Неліктен төл жануарымыз кинологияда қолданылмайды?» — деп сауал қойғанымызда, полиция майорыбұның олардың құзырында емес екенін, халықаралық кинология федерациясы қызметтік иттердің тұқымының тізімін жасақтайтынын жеткізді. Артынша алдағы уақытта тәртіп сақшыларының төртаяқты қолғанаттарын шағылыстырып, күшік алу жоспарда бар екенін қосты.

«Кинологтың басты міндеті — жан-жануарларға жақын болуы, олардың «тілін» түсінуі керек. Сосын спортпен айналысуы қажет. Себебі ит әрдайым жүгіріп, ойнайды, жалпы қозғалысқа бейім жануар. Соған сай, иесі де белсенді болғаны жөн. Әскери тәртіп, сөзсіз, ерекше маңызға ие. Орталықта мамандығына қызығушылығы зор, жас жігіттер көп», — деп сөзін қорытындылады ол.

Әлемде және біздің елде…

…Кез келген халықаралық, мемлекеттік маңызы бар шаралар ұйымдастырылып, мәртебелі қонақтар келгенде алдымен олардың аяғының ізі түседі. Тіпті футбол ойындары өткізілгенде де алаңның әр қуысына бірінші кезекте иттердің тұмсығы «жетеді». Түн батқанда да кезекшілікке шығатын әскерилер қатарында, барлау жұмыстары мен күзет қызметінде төртаяқтылар бар. Тілсіз жау — өрт пен су бой бермегенде әрекет ететіндердің сапынан осы үй жануарларын және кезіктіреміз. Қазіргі таңда қызметтік иттерсіз полицейлерді елестетудің өзі қиын. Біздің елде полицей-иттерді үйретуге өткен ғасырда ғана ден қойылса, дүниежүзінде бұл әлдеқашан қолға алынған. Ежелгі Грекия мен Римде аталған жануар түрін «тәрбиелеуге» баяғыда-ақ баса мән берілсе, кинологияның отаны саналатын Германия мен Англия мемлекеттерінде қазіргі жасалынған жағдай бәрінен озық. Ондағы арнаулы жасақтағы қызметтік иттердің саны да біздікімен салыстыруға келмейді.

Адалдық пен төзімділікті ту еткен жануарға дүниежүзінде көптеп ескерткіш қойылып, фильмдер түсірілген. Жазылған көркем шығармалар да аз емес. Мәселен, б.з.б. ІХ ғасырда «Коринфаның қорғаушысы және құтқарушысы» деген белгімен Сотер атты итке тірі кезінде ескерткіш қойылса, қиын-қыстау уақытта адамдарға вакцина жеткізген Балто деген иттің мүсіні Нью-Йорктің Орталық саябағында қасқайып тұр. Жапонияның Токио қаласындағы Сибуя станциясында орын тепкен әйгілі ескерткішті де білмейтіндер кемде-кем шығар, ол иесін 9 жыл күткен Хатико атты итке арнап жасалған. Париж қаласындағы Сена өзенінің жағалауында Альпіде 40 адамды құтқарған Барри атты сенбернарға да осындай құрмет көрсетілген. Сол сияқты біздің Ақтөбе өңірінде де 2014 жылы ауған соғысының ардагерлері Беда атты неміс овчаркасының ескерткішін тұрғызды! Қызылжар ауылындағы бұл ескерткіштің жанында суретке түсетіндер дәйім баршылық…Қазақ қаламгерлерінің арасында ит туралы повесть, көркем шығарма жазғандардың көптігін ескерсек, «Хатико» сияқты ерекше әсер қалдыратын фильмдердің өз елімізде түсірілуі бек мүмкін. Бұл аты аңызға айналып, иесін ажалдан арашалап қалған иісшіл иттерге де қатысты. Себебі,жыл өткен сайын қызметтік иттерге деген сұраныс, тиісінше құрмет те артпаса, кеміп отырған жоқ.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Кинология — ежелгі грек тілінен енген сөз, мағынасы «ит туралы ғылым» дегенді білдіреді. Ақтөбедегі кинологиялық қызмет орталығы 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді.