Әлеумет

Адасушылықтың алдын алу жолы — ағартушылық

Қазақстан —көптеген ұлт өкілдері тұратын зайырлы мемлекет. Мемлекетіміз жүргізетін саясат ұлттар арасындағы татулықты сақтап қана қоймай, олардың өзара түсіністікте, тең құқықта өмір сүруін қамтамасыз етіп отыр.

Қазақстан — бір шаңырақ астында сан ұлттарды ұйыстырып қана қоймай, іргелес жатқан елдермен де етене араласып, бейбіт мәміледе, көркем қарым-қатынас жасап келе жатқан жасампаз ел.

Бүгінде жер-жерге үрейін сепкен діни экстремизм мәселесі әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр.Біздің ойымызша, онымен күресудің ең басты тетігі — осы жолда күш біріктіріп, бірлесе әрекет ету болмақ.

Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал тұрақты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылмандардың басын біріктіру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде 2015 жылы ҚМДБ жанынан құрылған Ғұламалар кеңесін атап өтуге болады.  Ғұламалар кеңесі қоғамдағы күрделі мәселелер бойынша пәтуалар шығарып, соның ішінде азаматтық неке, жыныс мүшесін ауыстыру, «Такфир уал-хижра» ағымының адасушы екендігі және жалған жиһадшыларға ермеу жөнінде шариғат негізінде діни үкім берді.

Адасушылықтың алдын алудың бірден бір жолы — ағартушылық. Сол себепті де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағат арасында дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттап, деструктивті теріс ағымдармен күресуді қолға алып отыр.

Исламда шектен шығудың бір себебі —исламды дұрыс түсінбеуден, яки танымаудан туындайды. Десе де, әрбір дерттің дауасы бар. Ал дінді ұстанудағы шектен шығудың дауасы — Құран мен сүннет құндылықтарын дұрыс үйрену және оған дұрыс амал ете білу. Қасиетті Құранда: «Мынау халал, мынау арам» деп, ауыздарыңа келген өтірікті айта бермеңдер. Алланың атынан өтірік айтқан адамдар мақсатына жете алмайды», — делінген («Нахыл» сүресі, 116-аят). Яғни, дін — адамзат ойлап тапқан дүние емес, ол Алланың діні. Оны өзгертіп, бұрмалау, өз пайымдауымен пәтуа шығару парасаттылыққа жатпайды.

Шектен шығудың екінші бір себебі — дін ғалымдары мен ұстаздардан шеттеп жүру. Бұл жайында Жаратқан Жаббар Иеміз: «Мұны білмесеңдер, ғылым иелерінен сұраңдар», —дейді («Нахыл» сүресі, 43-аят). Бірақ, өкінішке қарай, адасушы топтың жетегінде кеткендердің ең үлкен қателігі — осы айтылған аятқа сүйеніп амал етпеуінде, ғылымдардың дәлелді сөздеріне тоқтамауында болып отыр. Өйткені, олар үшін өз әрекеттері мен сөздері ғана ақиқат.

Пайғамбарымыз соңғы өсиеттерінің бірінде: «Уа, адамдар! Мен сіздерге берік ұстасаңыздар еш уақытта адаспайтын дүние қалдырдым, ол —Алланың кітабы мен Пайғамбар сүннеті», — деген болатын. Сондықтан бүгінгі мұсылманның ұстанымы осы екі қайнар бұлақтың аясында тоғысуы керек. Сол кезде ғана біз адасушылықтан аулақ бола аламыз. Алла біздің ақиқат жолында жүруімізді нәсіп еткей! Әмин!

 Төлеби қажы ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша

                                                                       өкіл имамы, облыстық орталық

                                                                       «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button