Билік

ШАЛҚАР ӘЛІ-АҚ ҮЛКЕН ШАҺАР БОЛАДЫ

Елеусін Сағындықов:

ШАЛҚАР ӘЛІ-АҚ ҮЛКЕН ШАҺАР БОЛАДЫ

Апта басында облыс әкімі Елеусін Сағындықов Шалқар ауданына іссапармен барды. Шалқар өңірінің елді мекендерін аралап, тұрғындармен кездесті, олардың ұсыныс-тілектерін, мұң-мұқтажын тыңдады. Аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады. Облыс әкімі Шалқарға соңғы рет 2005 жылы барыпты. Сол сапарында өңір басшысы «Ақтөбе-Шалқар» пойызын шығаруға ықпал еткенін тілге тиек қылған жұрт бұл сапардың да біраз мәселенің түйінін шешетініне сенім білдіріп, аудандағы күрделі проблемаларды айтып қалуға тырысты. Шалқар ауданының елді мекендері үшін қазір бірнеше проблема бар — ауызсу, жол, көгілдір отын және облыс орталығымен арадағы қарым-қатынастың әлі де қиындық туғызып отырғандығы. Облыс әкімі бұл мәселелердің барлығы міндетті түрде шешілетіндігін айтып, елді қуантты. Е.Сағындықовтың айтуынша, су да, жол да, көгілдір отын да болады, ең бастысы, ел ішінде ауызбіршілік пен түсіністік болуға тиіс.

Шалқар — облыстағы ірі аудандардың бірі. Соңғы алты жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары деңгейде дамығаны белгілі, ал бұл аудандардың, соның ішінде Шалқар ауданының да әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Мәселен, ширек ғасырдан бері электр жарығын мүлде көрмеген Қаңбақты ауылына жарық барды, Жаңақоныс көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Аудан әкімі Рахат Сыдықов берген деректер бойынша, аудандағы өндіріс көлемі артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген, «Жол картасы» аясында көп жұмыстар жасалыпты. Осы уақыт аралығында 100 төсектік аурухана, 45 орындық күндізгі стационары бар орталық емхана іске қосылып, заманауи медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Ауданда типтік жоба бойынша 4 жаңа орта мектеп,  1200 орындық бір мектеп салынды.

ЖАҢА ОҚУ ОРДАСЫ

Облыс әкімі алдымен Шілікті ауылына ат басын тіреді. Ескі мәдениет үйінің алдында қаз-қатар тізіліп тұрған мектеп оқушылары мен мұғалімдер, ауыл тұрғындары Е.Сағындықовты ерекше қуанышпен қарсы алды. «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон эстафетасына қатысушы Тоғыз орта мектебінің №15 «Жас өркен» отрядының командирі Гүлбақыт Мәмбетрзаева облыс әкіміне жасаған жұмыстары жөнінде, бұл марафонның туған жерді сүюге тәрбиелейтіні жөнінде тақылдап айтып берді. Балалардың жұмыс жасағаны көрініп тұр. Мәдениет үйінің табалдырығының айналасын табиғи тастармен өріп, әдемі қылып қойыпты, ал кез келген ауылдан кездестіре бермейтін субұрқақты балалардың көмегімен жасалды дегенге сену қиын. Балалар өздерінің еңбегінің жемісін облыс әкіміне көрсетіп мәз болды. Өңір басшысы марафонның нәтижесінде жақсы жұмыс жасаған балаларға облыс бойынша барлығы 60 автокөлік, 1000 ноутбук пен Астана қаласына 2000 жолдама берілетінін, оның ішінде осы Тоғыз орта мектебінің оқушылары да болуы мүмкін екендігін айтты. Ауыл тұрғындары мәдениет үйінің ескілігін тілге тиек етті, облыс әкімі, бұйырса, мұндағы екі қабатты ескі ғимаратты жөндеуге көмектесетінін айтты.

Бұдан кейін Шалқардың құрметті мейманы Тоғыз орта мектебіне бет алды. Осыдан төрт жыл бұрын негізі 1973-74 жылдары қаланған ескі мектеп өртеніп кетіп, балалар оқу ғимаратынсыз қалған болатын. Мектеп директоры Әнес Жәмековтің айтуынша, балалар жергілікті әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр болған. Бірақ балалардың оқу үлгерімі төмендемепті. Осы мектепте 40 жылдан бері білім беріп келе жатқан математика пәнінің мұғалімі Ыбырайым Ысқақов 2009 жылы мектеп ҰБТ нәтижесінде орташа 84,58 балл алса, 2010 жылы 87,6 балл алып, аудан бойынша 5-6 орындарға шыққанын айтады.

Ал ескі мектеп өртенген соң іргетасы қаланған жаңа мектеп былтыр 1 қыркүйекте пайдаланылуға берілуге тиіс еді. Алайда оның құрылысын жүргізіп жатқан мердігер алаяқ боп шығып, жұрттың жалақысын бермей, жұмысты тастап қашып кеткен. Одан кейін құрылысты «АланПлюс» ЖШС қолына алды. Осылайша 2007 жылы басталған жаңа мектеп құрылысы биыл әрең аяқталды. Ештен кеш жақсы, енді жаңа оқу жылында балалар әкімшілік ғимаратында емес, мектепте оқитын болады.

— Сөзінде тұрмай, халықты алдап кетіп қалған мердігерді қазір құқық қорғау органдары іздеп жатыр. Олар заң алдында жауап беруге тиіс. Жаңа ақсақалдар осы құрылыста жұмыс жасаған балаларының, немерелерінің 3 ай, 5 ай бойы жалақыларын алмағандығын айтып жатыр. Айтулары өте орынды. Бұл мәселе шешілетін болады. Аудан әкімі, аудандық білім бөлімінің бастығы осы мәселені аяқсыз қалдырмай, аяғына дейін жеткізуі керек. Аудан әкімі мен мектеп директорына  бұл мектептің құрылысында кімнің қанша уақыт бойы жұмыс жасағанын, қанша уақыт бойы жалақы алмағанын зерттеп білуді  тапсырамын, — деген облыс әкімі биыл тапсыратын мектептің құрылысына көңілі толатынын айтты.

— Дегенмен, міне, басқа мердігер келіп, мектеп биылғы оқу жылына дайын тұр. Іші кең, жарық. Спорт залының едені жаңа технологиямен жасалған. Технологиясы мұндай мектеп облыс орталығында да жоқ. Мұндай резеңке еден теннис орталығында ғана бар, балалар қанша құласа да, денесін жарақаттамайды, — дейді облыс әкімі.

Жаңа оқу жылында мектепке барлығы 231 бала келеді. Кабинеттердің барлығы толық жабдықталған. Қысқасы, одан әрі сапалы білім беруге барлық жағдай бар.

Облыс әкімі мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйға тартты.

БІРІНШІ ОРЫНДЫ БЕРМЕЙТІН МЕКТЕП

Келесі аялдама — қаладағы №5 мектеп. Тарихы 1907 жылдан басталатын мектептің сырты ескі замандардағы ғимараттарды еске түсіреді. Сырты ескі болғанымен, іші қазіргі заманға сай — мұнда мультимедиялық кабинет, компьютерлік, физика, биология кабинеттері, темір өңдеу шеберханасы, 60 орындық асхана, спортзал, пневматикалық тир бар.

Соған сай білім сапасы да жоғары. Былтыр түлектердің 50 пайызы, биыл 52 пайызы грант бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған. Оқушылар үш жыл қатарынан ҰБТ бойынша ауданда бірінші орынды бермей тұр. Биыл мектепте 674 бала  оқиды деп жоспарланған.

Мектеп 2009 жылы «Облыстың ең үздік мектебі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімінің 1 млн. теңге грантына ие болған.

— Биыл да жақсы жұмыс жасайтын болсаңыздар, міндетті түрде еңбектеріңіз еленеді. Жақсы мұғалімдерді сыйлыққа ұсын, — деп облыс әкімі мектеп директорына тапсырма берді.

Былтыр «Жол картасы» аясында мектепке  17,5 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді.

Облыс әкімі мектеп кабинеттерін аралап жүріп, бір кластың терезесінен ескі ғимаратты көріп қалды:

— Бұл ғимаратты жекеден алып, мектептің балансына беріп қойдық, — дей бастаған аудан әкімі Рахат Сыдықовқа тапсырма беріп тастады:

— Бұл ғимарат босқа тұрмасын, бұны спорт кешені етіп жасатып, мектепке беріңдер! — деді.

Бұдан соң облыс әкімі «Сұңқар» көтерме сауда орталығына, аудандық мәдениет үйіне бас сұқты.

ШАЛҚАРДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЛАДЫ!

Шалқар көлі — жергілікті жұрттың мақтанышы. Көлін олар әнге де қосады, күйге де қосады. Бірақ бұл көлдің айналасында проблема да баршылық. Соңғы жылдары көлдің табаны мен жағасы бірігіп кетуге айналған Шалқарға биыл су мол келіп, тұрғындар қуанып қалды. Кемеріне толған көлдің айналасын жинау үшін шалқарлықтар «Көл, Шалқар, создым саған көмек қолын» деген атпен тазалық акциясын өткізді. Көл сыртындағы көзге көрінетін жерді тазалауға тек ниет жетсе, көлдің табанын тазалауға ол аздық етеді. Ол үшін ниетке қоса қаржы, күш-қайрат қажет.

Жалпы, Шалқар жоғарғы және төменгі Шалқар көлдерінен тұрады. Жоғарғы Шалқардың суы тұщы. 1927 жылы көлдің екі арасына шлюз құрылысы салынды. Көл сыйымдылығы — 28,0 млн. текше метр. Жыл сайын көктемде Мұғалжар тауынан Қауылжыр өзені арқылы 10,0 млн. текше метр су келіп, көлге құяды. Жоғарғы Шалқар көлінің бөгет салу арқылы тұйықталғанына 1 ғасырдай уақыт болыпты. Гидротехникалық қондырғылар мен бөгеттердің әбден тозығы жеткен. Көл табаны батпаққа толып, су қорының азаюына әкеліп соқтырып отыр. Бұл Шалқар қаласының микроклиматына да әсер етеді екен.

Яғни көл табанын тазартып, су деңгейін сақтап қалу керек. Бұл жұмысты «Мизам» ЖШС өз мойнына алып отыр. Олар Шалқар көлінің гидротехникалық қондырғыларын қайта жасамақ. Құрылыстың сметалық құны — 204 364, 978 мың теңге. Құрылыс биыл сәуір айында басталған. Қазір су бұру арнасы бар су қоймасы қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұйырса, жұмыс толықтай келесі жылдың желтоқсанында аяқталады.

— Біткен соң суды бұрып ағызып, көл табанын тазартамыз. Осылайша көл деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік болады. Бұдан кейін көл суын бау-бақша суару секілді техникалық мақсатта пайдалануға болады. Ал бұл ауызсу үнемдеуге септігін тигізеді. Балық өсіруге де қолайлы болар еді, — дейді серіктестік директоры Е.Әділов.

Е.Сағындықов аудан әкіміне келесі жылы қаланың бас жоспарын жасар кезде осы көл суын пайдаланатын су құбырларын да есепке алу қажеттігін тапсырды.

Көлде Василий деген балықшы балық аулап жүр екен. Облыс әкімі оны жағаға шақырып алды. Бірі 6 келі, екіншісі 10 келі екі балық ұстап алыпты. «Аумен ұстап алдым», — дейді балықшы мәз болып.

«Үш жылда Шалқар көлінің гидротехникалық қондырғыларын қайта жасау жұмыстары аяқталады, көл табаны тазартылып, ауыз суды босқа ысырап қылмай, оның орнына көл суы пайдаланылатын болады. Содан кейін көлге балық жіберіп, осы жерде балық шаруашылығын ұйымдастыратын боламыз», — деді облыс әкімі.

ОРЫНДАЛҒАН УӘДЕЛЕР МЕН ОРЫНДАЛАТЫН ӨТІНІШТЕР

«Шалқар суы» ауданның бүкіл республикаға танымал бренді десек, өтірік емес. Осы минералды судың отаны кәдімгі ауызсуға зәру боп отыр. Бұл қаладағы №8 мектептің мәжіліс залында облыс әкімі аудан активімен, тұрғындармен кездескенде айтылды.

Айтпақшы, №8 мектеп туралы айта кетейік.

Бұл мектеп — облыстағы Елбасы Н.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 1200 оқушыға арналып салынған санаулы мектептердің бірі. 2008 жылдың аяғында пайдаланылуға берілген мектеп заман талабына сай толық жабдықталған.

Ғимарат көлемі 21 056 шаршы метр, 3 қабатты, 6 блоктан тұрады. Мектепте 468 бала оқиды. Балалар Ф.Вассерманның «Биоақпараттану және синергетика» білім беру технологиясы бойынша оқытылады.

Облыс әкімі мектеп ішін аралап шықты да, мәжіліс залына бет алды.

Халық күтіп отыр екен. Алдымен аудан әкімі Шалқар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша мәлімет берді. Одан кейін мінберге шыққан ауыл тұрғындары облыс әкімінің елге жасап жатқан жақсылықтары туралы айтып, мақтап, алғыстарын жаудырды.

— Мықты мақтап жібердіңіздер ғой. Қойыңыздар. Бұл — менің жасап отырған жұмысым, менің міндетім. Менің орнымда кім болса да, осылай жасауға тиісті, міндетті. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрмысының жақсаруы жолында тынбай еңбек ету Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған тапсырмасы, заман талабы. Сондықтан, көп мақтай бермей, мәселелерді айтыңыздар, — деді облыс әкімі.

Шалқарлықтардың мәселені айтпай қалмайтыны анық. Бірінен соң бірі шығып, сөйледі. Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Әділбаев ауызсу мәселесі жөнінде сөз қозғады.

— Тоқсаныншы жылдары Шалқар ауданында 60 мыңнан астам халық тұрған, қазір оның 15 мыңдайы облыс орталығына қарай көшіп кетіп, 45 мыңдай халық қалды. Олар көшіп кеткенімен, той-томалақ, өлім-жітім болса, ауылға келмей тұрмайды. Осы адамдардың Шалқар мен Ақтөбе арасында қатынауы қиынға соғып тұр. Өзіңіз 2005 жылы Шалқарға келгенде халықтың тілегі бойынша «Ақтөбе-Шалқар» пойызын жолға шығарып, елді бір қуантып едіңіз. Қазір сол екі вагон бізге аздық етіп отыр. Сол екі вагонға тағы бірнеше вагон қосылса, нұр үстіне нұр болар еді, — деп тілегін білдірген еңбек ардагері Б.Иманқұловтың сөзін Жаңақоныстан келген ардагер ұстаз И.Досмайлова жалғады:

— 2005 жылы Шалқардың Аққайтым ауылына келіп, бізге көгілдір отын келетінін айтқан едіңіз. Халық алғашында оған біртүрлі күмәнмен қарағаны рас. Бірақ айтқан уәдеңізді орындадыңыз, тұрғындар көгілдір отынның қызығын көріп отыр, сол үшін сізге ауылдастарымның атынан алғысымды білдіремін, — деп ауызсу деп аталатын мәселенің бұл ауылда да бар екендігін тілге тиек етті.

Шалқарлықтардың барлығының аузында — ауызсу мәселесі. Үш жылдан бері ауызсу мәселесі төңірегінде соттасып, әділдік таппай жүрген И.Резванов деген мұғалім су алу үшін үш квартал жер жүретінін айтады. Облыс әкімі бұл мәселенің бір шешімі болатынын айтты.

Аудандағы «Нұр Отан» ХДП жастар қанатының төрағасы Н.Дүйісов облыс әкімінің ықпалымен 1-2 жыл бұрын локомотив жөндеу депосына тиесілі 44 пәтерлік тұрғын үйді жөндеуге облыс бюджетінен қаржы бөлініп, ол үй жас отбасылардың игілігіне берілгенін айта келіп, Шалқардағы СМП қалашығындағы 5 қабатты үш үйге жөндеу жүргізіп, оны жас отбасыларға беру мәселесін шешуді сұрады.           

— Елеусін Наурызбайұлы, Сіз Шалқарға жылына бір рет немесе 2-3 айда бір рет келіп тұрыңызшы, Сіз келеді деген әңгіме шықса, жолды бір күнде жамап-жасқап, күшті қылып қояды, — дейді тұрғындар әзіл-шыны аралас, — Әйтпесе, елді мекендердегі жолдарды былай қойғанда, қала ішіндегі жолдармен жүру қиындап барады… — деп жол мәселесін қозғады тұрғындар.

Облыс әкімі тұрғындардың барлық әңгімесін тыңдап, алдымен Елбасының Жолдауында белгіленген міндеттер мен тапсырмалар жөнінде айтты, тұрғындарды облыста 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы бойынша атқарылатын ауқымды істермен таныстырды. Облыс экономикасының жедел қарқынмен дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Экономиканың жақсаруы елдегі түрлі мәселелерді шешуге ықпалын тигізетіні анық.

— Барлық мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Ол түгелдей шешілетін шаруа. Қазір Шалқар ғана емес, көптеген өңір үшін үлкен проблема болып отырған ауызсу жағдайын Елбасы 2015 жылға дейін толық шешу қажеттігін айтқан болатын. Бірақ, Ақтөбе облысында бұл мәселені 2015 жылға дейін созбай, ертерек бітіріп тастауға мүмкіндік бар. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 70 елді мекеннің ауызсу мәселесі шешілді, енді алдағы 2-3 жылда 50 елді мекеннің ауызсуға мұқтаждығы мәселесі шешіледі деп отырмыз. Ол үшін қажетті қаржы бөлінетін болады.

Бір-екі жылда Шалқар көлінің табаны тазарып, техникалық мақсатта көл суы пайдаланылса, ауызсу үнемделетін болады.

Шалқар қаласының көшелерін жөндеуге келесі жылы 500 млн. теңге бөлінеді.

«Ақтөбе-Шалқар» жергілікті пойызына әзірге екі вагон тіркейміз, егер оны игере алсаңдар, оған тағы вагондар қосу мәселесін шешетін боламыз.

Ал аудандағы «Нұр Отан» партиясының жас қанаты төрағасы Нұрбол Дүйісов айтқан 5 қабатты үйлерді жөндеуге келесі жылы қаражат бөлеміз.

Шалқар  әлі-ақ үлкен шаһар болады. Бұйырса, Шалқар-Бейнеу теміржолы тартылады деп отырмыз, бұл ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді, яғни Шалқарға инвесторлар келеді. Өндіріс болса, экономика күшейеді. Мұның барлығы алдағы уақытта жасалады, бірақ біз өз тарапымыздан туған жеріміздің мәдениетін көтеруге, ауыл-аймақты таза ұстауға, тұрған жерімізді гүлдендіруге, бірлесіп еңбек етіп, халықты жақсы істерге ұйымдастыруға тырысуымыз керек, — деп түйінді сөзін айтты облыс әкімі.

Түстен кейін Е.Сағындықов Ақтоғай селолық округінің орталығы Қотыртас ауылына ат басын тіреп, осындағы селолық дәрігерлік амбулаторияны, Ақтоғай мектебін аралады. Жергілікті тұрғындармен кездесті. Ақтоғайлықтар негізінен бір мәселені алға тартты — ауылға көгілдір отын қажет. Облыс әкімі көгілдір отынның міндетті түрде ауылға келетінін айтып, тұрғындарға уәде берді.

P.S. Қысқасы, Шалқар жұрты біраз мәселені шешіп алды. Енді су да, жол да, көгілдір отын да болады. Тіпті жергілікті пойызға вагон да тіркелетін болды. Вагон демекші… облыс әкімі Е.Сағындықов пен облыстан барған журналистер қауымы Шалқарға арнайы пойызбен барып қайттық. Іші тап-таза. «Ақтөбе жолдарына» қарасты № 70077 арнайы қызметтік вагонның журналистерге қызмет көрсеткен жолсерігі Данагүл Құдайбергенова мен Оксана Хилькоға жолаушылар дән риза…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе-Шілікті-Шалқар-Ақтоғай-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button