Басты жаңалықтар

Меморандум әскери-патриоттық тәрбиені нығайтады

Кеше облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев азаматтардың әскери патриоттық тәрбиесі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

Елбасының 2018 жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиені күшейту туралы баяндалған болатын. Жолдауды іске асыру жалпыұлттық жоспарда «Жас сарбаздың» өңірлік филиалдарын жасақтау жөнінде нұсқау бар. Соған сәйкес биыл жыл басында облыстарда бірлестіктің бөлімшелері ашылып, бүгінде жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Негізгі мақсат — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жасөспірімдер арасында әскери патриотизмді көпшілікке дәріптеу.

Кездесу барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Елбасының бастамасымен биылғы жылдың Жастар жылы болып жарияланғанын тілге тиек ете келе:

Биылғы Жастар жылы аясында өңірімізде көптеген игі істер атқарылып жатыр. Соның ішінде ерекше мән беретін жағдай — жастарға берілетін әскери-патриоттық тәрбие. Кеңес Одағының Батыры, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» демекші, біз жастарға тарихи, адами құндылықтарымыздыұғындыруымыз керек. Екінші жағынан, осыны қалай қорғау керектігі жөніндегі жұмыстарды жалғастыруымыз қажет.

Қазіргі күні Ақтөбе облысы бойынша 365 әскери-патриоттық клуб жұмыс жасайды. Соның ішінде «Жас Сарбаз» сыныптарында 14 мыңнан астам жасөспірім тәлім-тәрбие алып жатыр, — деген Оңдасын Оразалин аймақта осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды өз сөзіне арқау етті.

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев үшжақты меморандум өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді дамытып, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға зор септігін тигізетінін айтып, сенім білдірді.

Ақтөбе өңірінде жасалып жатқан игі істер, жастарға арнап салынып жатқан нысандар болашақ ұрпақты әскери-патриоттық негізде тәрбиелеуге ерекше оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сіздің бастамаңызбен, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің кепілі болатын, жас патриоттарды біріктіретін, «Жас сарбаз» қозғалысының жұмысын жандандыруға үлес қосатын бір орталық немесе патриоттық саябақ салынса, нұр үстіне нұр болар еді, — деген министр Оңдасын Оразалинге Ақтөбе өңірінде әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға әкімдік тарапынан қолдау танытып, жұмысты жандандыруға ықпал етіп отырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Шараға «Айбын-2019» республикалық әскери-патриоттық ойындарының қатысушылары мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ Ақтөбе филиалының мүшелері қатысты. Облыстағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының төрағасы Бағдат Жұмағамбетов аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Содан соң Нұрлан Ермекбаев облыс әкіміне «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының арнайы төсбелгісін табыстады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button