Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Шағын шаруашылықтарды барынша қолдау керек

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Алға ауданына барып, ауылдардағы шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын пысықтап, өзге де әлеуметтік нысандардың жай-күйін білді.

Бестамақ ауылдық округінде орналасқан «Есбол» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы былтыр ашылған. Жобаның қуаттылығы — 500 бас жылқы. Аталған шаруа қожалылықтың басшысы Сәкен Сүйеубаев мұнда қазіргі таңда жем сақтауға арналған қойма, мал сою алаңдары мен жатақхананың салынып жатқанын айтты. Басты мақсат — кәсіпті кеңейту, мал басын көбейту.

— Жылқы малына сұраныс, әсіресе, осы күз мезгілінде артады. Одан бөлек, Алматы облысындағы мейрамхана қожайындары ай сайын он бас жылқыны сатып алып тұр. Кез келген жиын-тойды жылқы етінсіз елестетудің өзі қиын ғой, өнімге деген сұраныс қай кезде де болады.

Еттің бағасының қымбат болуының бірнеше себебі бар. Мал азығы, жұмысшылардың жалақысы, басқа да шығындарды есептей келе, жылқы малының етін арзанға өткізе алмаймыз, — дейді Сәкен Сүйеубаев.

Шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі мал басын әрі қалай арттыру керектігін атап өтіп, билік тарапынан жер, субсидия жағынан қолдаудың болатынын қосты.

Бесқоспа ауылындағы «Сығылай» шаруа қожалығы — ауыл шаруашылығының сүт өндеу бағытына маманданған.Құрылтайшы Әлібек Айтбаевтың айтуынша, кәсіпті бастап, осындай деңгейге жету үшін өз есебінен 81 миллион теңге жұмсалған. Өткен жылы жұмысын бастаған шаруашылық 117 бас ірі қара мал ұстап, күніне 600 литр сүт алуды, 150 сүзбе және 350 қышқыл сүт өнімдері орамдарын шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 4 бас бұқа, 85 бас сиыр, 55 бас бұзау  бар. Ал жұмысшылардың саны — 10.

— Бұл — өзгелерге үлге етуге болатын қожалық. Өйткені шаруашылық басшысы қалада туып-өскен, осы салаға енді бет бұрған жас жігіт. Сөйте тұра, жұмысы қазірден-ақ жемісті екені көрініп тұр. Аз адам еңбек етсе де, көрсеткіштері өте жақсы. Осындай шағын қожалықты барынша қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан жер алудан, мал азығы жағынан жеңілдіктер жасалады. Ең бастысы, бір орында тұрып қалмай, шаруашылықты дамыту жайына мықтап көңіл бөліңіздер, — деген Оңдасын Сейілұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға Ырғыз, Әйтеке би аудандарында мал бордақылау алаңын салу қажеттігін айтып, осы мәселеге назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімі Бесқоспа ауылындағы орта мектепке де соқты. Білім ордасында 98 оқушы болса, оның 7-еуі — келер жылғы түлектер. Оқу ошағының басшысы жыл сайын 14-15 баланың мектепке қабылданатынын айтады.

Алға қаласындағы көп қабатты тұрғын үй де назардан тыс қалмады. 60 пәтерге шақталған нысанжыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тапсырыс беруші — аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Жобаға 501,4 миллион теңге бөлінген. Құрылыстың жоба-жоспарымен танысқан Оңдасын Оразалин мердігер мекеме —  «СтройМунайСервисАктобе» ЖШС директоры Бақтияр Мырзағалиевке құрылысты дер кезінде әрі сапалы тапсыруы керектігін ескертті.  «Құзырлы органдар, жергілікті билік те осыны қадағалаңыздар. Өйткені тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек», — деді ол.

Облыс орталығына 60 шақырым қашықтықта орналасқан Қарағаш

ауылдық округінде 1324 адам тіршілік кешіп жатыр. 280 түтін бар. Ал шаруа қожалықтардың саны — 68. Солардың бірі «Аманбай» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері асылтұқымды мал  шаруашылығымен, сондай-ақ мал азығын дайындаумен айналысады. Шаруашылық мүйізді ірі қара малының «Сементал» асылтұқымын өсіреді. Бүгінгі таңда 14 жылқы, 337 мүйізді ірі қара мен 288 қой бар.

— Күніне 1000 литр сүт аламыз. Сауыншыларымыз бар, олар күніне 3 сағат жұмыс істейді. Жалақысы — 60 мың теңге, — деген «Аманбай» шаруа қожалығының басшысы Нұрмұхан Тажғарин облыс әкімінен жайылымдық жер жағынан көмектесуді сұрады. Бұл мәселеде Оңдасын Сейілұлы қажетті қолдаудың болатынына уәде етті.

Ал «Жансая» шаруа қожалығы «Мұғалжар» асылтұқымды жылқы бағытына ден қойған. 1997 жылы құрылған шаруашылық «Мұғалжар» және «Көшім» асылтұқымды жылқы өсіруімен айналысады, бүгінгі күні олардың жалпы саны — 637 бас. Жайылымдық жері 3 мың гектардан асады. Қазақ үшін қадірлі жануар — жылқы санының, соның ішінде асылтұқымдысын көбейту үшін облыс әкімі жан-жақтан қолдау көрсету қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл ретте сала мамандары да бұның игілікті іс екенін жеткізді.

— Елімізде 2 миллион 600 мың жылқы бар. Оның 8 пайызы — асылтұқымды. Біз болашақ ұрпаққа дұрыс тұқым қалдыру үшін асылдандыру жұмысын жүргізумен айналысамыз.

Ақтөбе облысындағы жылқылардың тұқымы — Қазақстан бойынша ең жақсысы. Өйткені бұл жақта осы малдың «жеті атаға» дейін құжаты бар. Таза. Соған сай, осы өңірдің жылқылары мықты, қай жағынан да озық. Ендігі басты мәселе — олардың санын көбейту керек. Неге десеңіз, біздің жылқыларға шетелден де сұраныс мол, — дейді Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген.

Сала маманы Серікбай Ырзабаевтың да пікірі осы тақылеттес. Өңір басшысына Ақтөбедегі асылтұқымды жылқылардың санын арттыру жайын айтқан олар бұның табысты ғана емес, сауапты іс екенін атап өтті. Өз кезегінде Оңдасын Оразалин: «Бұл — өте дұрыс бастама. Сіздерді кең көлемде қолдауға дайынбыз. Ол үшін құзырлы органдар мамандарына қажетті құжаттарды әзірлеуді тапсырамын», — деді.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, Алға ауданындағы халықтың саны 40 мыңнан сәл асады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Алға-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button