Жаңалықтар

Тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлер мәселесі шешіледі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, құрылысы жүріп жатқан жобалардың жұмысын бақылады.

Алдымен ескі ғимаратта орналасқан мемлекеттік №1 «Гүлдер» балабақшасында болды.1970 жылы салынған нысан 280 орынға арналған.

Күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл балабақшаның ағымдағы жөндеуіне 16 миллион теңге бөлініп, жылу жүйелері мен терезелері ауыстырылады.

Облыс басшысы қала әкіміне және білім басқармасының мамандарына балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді, жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізетін мердігерге жүктеуді тапсырды. Айта кететін жайт, Ақтөбе қаласында  жөндеу жұмыстарын қажет ететін мектепке дейінгі ұйымдардың саны — 30.

Облыс әкімі тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын жаңа көп қабатты тұрғын үйлерге қоныстандыру бойынша жүзеге асатын жұмыстармен танысты. Қала әкімі Мавр Абдуллиннің айтуынша, Ақтөбе қаласының тұрғын үй қорына талдау жүргізілген. Мамандандырылған ұйым 1801 көп қабатты тұрғын үйдің 17-не «апатты» деген қорытынды шығарған. Тұрғындар тозығы жеткен үйлерді бұзуға келісім беріп,  8 пәтер сатып алынған. Құны 57 миллион 600 мың теңгені құрады. Мердігер  ұйым көппәтерлі тұрғын үйді бұзды және 54 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй  салу жоспарлануда. Сондай-ақ«Жастар құрылыс» компаниясы 17 апатты жағдайдағы үй тұрғындарын Жаңақоныс ауылына көшіріп, 250 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

«Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында әсіресе  коммуналдық  саланың сапасына ерекше назар аударылсын. Жарық, су, газ мәселесінен тұрғындар қиындық көрмеуі қажет. Сондай-ақ бұзу жүргізілген үйлерден қалған жерлердің орны бос жатпауы назарға алынсын», — деді облыс әкімі.

Оңдасын Оразалин көру және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №11 «Ақбота» мекемесінде болды. 220 орынға арналған ғимаратта 10 топ жұмыс жасайды. Оның 6 тобы — сөйлеу қабілеті нашар, 4 тобы көруі нашар балаларға арналған. Мұнда 36 педагог балалармен  жұмыс жасайды.

Облыс басшысы сонымен қатар ашық стадионы бар жеңіл атлетика манежі, Бөкенбай батыр көшесінің  бойынан салынып жатқан IT орталықтың және  Арынов көшесіндегі  ұзындығы 696 метр болатын жол өткелінің құрылыс жұмыстарының жайын бақылады. Аталған жобаларды салуды  қолдарына алған мердігерлерге құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі Елек өзені (Ақтөбе су қоймасы тұсынан Қурайлы кентіне дейінгі) аймақта болды. Табиғат жанашырларымен  арнайы кездесіп, әрқайсысының пікірін тыңдады. Осы мәселеге қатысты сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-ойлары үшін алғыс білдірді. Қазіргі уақытта өзен арнасын кеңейту, түбін тереңдету, бекіту жұмыстары тоқтатылған. Оңдасын Оразалин қоғам белсенділерімен кездесу барысында жаңа жобаға енгізілетін өзгеріске жанашыр азаматтардың  ой-пікірлері ескерілетіндігін жеткізді.

«Қала экологиясы мен табиғатына бейжай қарамаған азаматтарға алғысымды білдіремін, кеңейту жұмыстарына байланысты әзірленіп жатқан жаңа жобада пікірлеріңіз ескеріледі деген ойдамын, мамандармен ақылдаса отырып бірге

жасаймыз деген сенімдемін», — деді ол.

Облыс басшысы Ақжар тұрғын үй алабын аралады. Кезінде заңсыз салынған жер үйлердің тұрғындары үшін инфрақұрылым  тарту мәселесі күрделі болып келді. Қала әкімі Мавр Абдуллин Ақтөбе қаласы бойынша 428 бау-бақша ұжымы барын айтты.  Бағбандық ұжымдардың алаңы 2676 га құрайды, жер учаскелерінің жеке меншігінде 2179 га бар.

Қазір жер телімдерінің мәртебесін бау-бақша шаруашылығынан жеке тұрғын үй қорына ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылдан бастап 40 бау-бақша ұжымында 2485 жер телімінде мақсатты тағайындаулар өзгертілген. Оңдасын Оразалин жауапты мамандарға жер телімдерін бергенде  барлық талаптардың жан-жақты сақталуын, су, газбен жабдықтау мәселесі  бақылауда болуын тапсырды.

Облыс басшысы жұмыс сапары барысында Ақжар қосалқы электр станциясының кеңейтілу жұмысымен және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында құрылысы жүріп жатқан 900  орындық мектеп құрылысымен танысты. Білім ошағы жылдың соңында пайлалануға беріледі деп күтіледі. Облыс әкімі құрылыс жұмыстары бойынша және жүзеге асып жатқан жобалар аясында қала әкіміне жұмысты қарқындатуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button