Басты бет » Әлеумет » Тұрғындарға қабылдау ұйымдастырылды

Тұрғындарға қабылдау ұйымдастырылды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету»

 Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Арай» сауда үйінде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Қамқор» акциясы өтті.

Акция аясында тұрғындарға денсаулық сақтау, жер қатынастары, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, т.б. салалар бойынша кеңес беріліп, электрондық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ шарада ақпараттық парақшалар таратылып, жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерге жолдама берілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысы Илья Пактың айтуынша, бүгінгі күні тұрғындардың көбінің мемлекеттік органдарға барып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша қызмет алып, жүгінуіне мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мұндай қабылдауларазаматтар үшін өте тиімді.

  • Бүгін біз «Арай» сауда үйінде азаматтарды қабылдап, оларға денсаулық сақтау, жер қатынастары, қала құрылысы, әлеуметтік көмек салалары бойынша кеңес беріп, сондай-ақ электрондық қызмет түрлерін көрсетіп жатырмыз. Атап айтсақ, тұрғындарға электронды-цифрлық қолтаңбаны қалай қолдануды және телеграм-бот арқылы қызметтерді қалай алу керектігін үйретудеміз. Бұл қызметтерді кез келген адам үйде отырып алынуына жағдай жасалған. Мәселен,бүгінгі күні электрондық қызметтің 30 түрін бірнеше минутта қосымшалар арқылы алуға болады, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл облыста 20 тамыз-20 қыркүйек аралығында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, бүгінге дейін 716 адамның үй-жайларын аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, 605 адамға жан-жақты көмек көрсетілген. 191 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жоба аясында 414 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын 20 адамның бірыңғай жиынтық төлемі төленіп, мүмкіндігі шектеулі 31 азаматәртүрлі қажетті жабдықтармен қамтылған.

Данагүл ҚАЗИХАН.