Жаңалықтар

Қазірден бастап  пешіңді сайла

Биылғы жылдың 8 айы ішінде облыста болған  612 өрт оқиғасы 7 адамның өмірін жалмаған,11 азамат әртүрлі жарақат алған. Өткен жылы 169 өрттен көз жұмғандар саны — 5 адам, күйік жарақатын алғандар — 21 адам. Былтырғы өрттің материалдық шығыны — 13 миллион теңге, биылғысы — 22 миллион теңге.

— Осы кезден бастап тұрғындар  үйлеріндегі пештерін әзірлеп, мұржаларын тазалау керек, — дейді жылыту маусымындағы тұрғын үй секторын бақылау жөніндегі  брифингте  облыстық ТЖД бастығының орынбасары Асқар Төлешев. Жұрт өткен жылы 5 сәби қаза тапқан Нұр-Сұлтандағы өрт оқиғасын әлі ұмытқан жоқ. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін тұрғындар  көмірмен жағылатын  пештерге өте сақ болуы керек. Себебі,биылғы жылы болған 612 өрттің 53 пайызы тұрғын үй секторындағы көмірмен жағылатын пештерден шықты.Екіншіден, жылыту маусымында  ыстан  және табиғи  газдан уланған адамдар саны  көбейіп барады. Пештің мұржасы тазаланбаса, бітеліп қалады да пеш тартпайды. Улы газдың  қауіптілігі сол, иісі де, түсі де  жоқ, адам өзінің уланғанын байқамайды. Көп жағдайда  адамдар  түнгі уақытта  ұйқыда жатқанда, оянбай өліп кетуі мүмкін.  Газбен жылыту қондырғысының жарамсыздығынанақау шығып, адамдардың табиғи  газдан улану жағдайлары  да жиілеп барады.

15 тамыздан  бастап облыстық  ТЖД азаматтық қорғаныс  қызметінің мамандары  саяжайлардағы  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды аралап,  өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруде.  Қарапайым ереже — әрбір үй иесі  от жағар алдында өзінің пешін әктеп, тесіктерін бітеп, мұржасын ыстан  өздері тазартуы керек. Улы газдан қорғанудың бір жолы — датчиктер  қондыру. Төтенше жағдайлар комитетінің сайтында азаматтық қорғаныс қызметінің мамандары  кейбір облыстарда көпбалалы отбасылардың үйлеріне  датчиктер қондырып жатқаны көрсетілген. Журналистердің облыста осындай іс жалғаса ма деген сұрағына  Асқар Төлешев жергілікті бюджеттен қаржы бөлу қарастырылып жатқанын айтты.  Ең арзан датчиктің бағасы — 5 мың теңге. Оны түнгі уақытта қосып қою керек. Ондай мүмкіндігі жоқ тұрғындар баяғыда әжелеріміз қолданатын тәсілмен пештің тартатын-тартпайтынын тексерулері тиіс.  Пешті мұржасына дейін аппақ етіп әктегенде,  улы газ пештің не мұржаның саңылауынан сарғайып шығады.

Жеке тұрғын үй секторындағы пештерді қадағалау — азаматтық қорғаныс қызметінің бақылау құзырынан тыс. «Біздер тек арыз түссе, тексереміз.Ал,  жеке тұрғын үй секторындағы  өрт қауіпсіздігін бақылау ТЖД міндетіне кірмейді. Қазіргі жағдайда газ қондырғыларын  бақылау  газ қызметінің құзырында. Ал,  көмірмен жағылатын  пештері бар үйлерді бақылау құқығы  микронесиелік ұйымдар қаржыландыратын жеке кәсіпкерлерге  берілді. Бұрын  осы саланы ерікті өрт сөндірушілер одағы бақылайтын. Бақылаушылар азаматтардың  пештерін тексеріп, тазалап, сосын барып түбіртек  беруі тиіс. Тұрғындарақша төлемес бұрын олардан осыны талап етуі тиіс», — деді А.Төлешев.

Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, жеке сектордағы   аз қамтылған отбасылардың үйлеріне улы  газды анықтайтын  датчиктер орнатылатын болады.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button