Әлеумет

Мешіттегі ашық есік күні

Кеше облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ашық есік күні өтті. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясындағы шарада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 16 кәсіпорын тарапынан бос орындар ұсынылды.

Олардың арасында «Бриг» ЖШС, «Сауран Инжиниринг» ЖШС, «Қызмет Групп» ЖШС, «Ақбұлақ» АҚ, т.б. бар. Жәрмеңке, негізінен, жұмысшы мамандықтарына сұраныс барын көрсетті.

Сондай-ақ ашық есік күні аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Даму» КДҚ» АҚ, Астана және Алматы аудандық әкімдіктері, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың мамандары келушілерге түрлі мәселелер бойынша кеңес берді.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиевтің айтуынша, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру мақсатындағы жұмыстарға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының 5 мүшесі тартылып отыр. Жалпы, осы бағытта 150 шара жоспарланған. Тұрғындармен кездесулер ауылдық елді мекендерде, ірі кәсіпорындар мен оқу орындарында ұйымдастырылып жатыр.

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов тұрғындармен кездесу барысындағы сауалдардан көп жағдайда ата-аналардың «Балаларымыз теріс ағымдар жетегінде кетпей ме?» деген алаңдаушылығы байқалатынын айтты.

— Дін жолына түсуге ниет еткен жастарды елімізде ресми тіркелген мешіттер мамандарына бағыттау керек. Кейбір ата-аналар мәселені: «Діннен аулақ жүр» деп, тыйым салу арқылы шешкілері келгенмен, оның соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Өйткені жастар өздерін толғандырған мәселелер бойынша ғаламтор не таныстары арқылы іздене жүріп, теріс ағымдар жетегіне еріп кетеді. Жалпы, ата-аналардың алаңдаушылығы орынды, баланың мінез-құлқынан теріс ағымдардың ықпалы байқалса, мамандармен ақылдасуға асыққан дұрыс, — дейді Асқар Мұқанов.

Сондай-ақ ол әйелдер қауымы тарапынан «шариғат жолы» деген сылтаумен екінші әйел алып, алайда екі отбасын да баға алмай жүрген жігіттердің үстінен арыз-шағымдар бар екенін айтты.

— Мұндай оқиғалар бар. Сондықтан мешіттерде жамағатқа ер-азаматтардың отбасы алдындағы парызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Сапарымыздың барысында Ақтөбедегі мешіттеосы тақырыпта уағыз оқыдық, — дейді «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button