Жаңалықтар

Мақсат — жастар үшін ашық әрі тиімді саты құру

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде Президенттік жастар кадрлар резервін іріктеуге қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Бүгінгі күні еліміз бойынша 132 өтінім мақұлданған. Оның үшеуі — Ақтөбе  облысынан жолданған өтінімдер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Осы жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады деп көзделіп отыр. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде өткен баспасөз мәслихатында осы мәселе турасында сөз болды.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеуге қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл — биыл 27 тамызда шыққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадрлық резервінің кейбір мәселелері туралы Жарлығы негізінде жүзеге асырылып жатқан шара. Өтінімдерді қабылдау мерзімі 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Мемлекетімізде кадр мәселесін шешуге қатысты жасалып жатқан мұндай бастама көптеген жастың жолын ашуға бағытталған. Бұл тек мемлекеттік қызметкерлер үшін ғана емес, сондай-ақ жас азаматтардың да қатысуына мүмкіндік береді. Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Тұлға резервте  5 жыл тұрады. Сонымен қатар резервте тұрған тұлғалар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады. Мақсат — жастар үшін ашық әрі тиімді саты құру.Бүгінгі күні еліміз бойынша 132 өтінім қабылданса, соның үшеуі — Ақтөбе облысынан жолданған өтінімдер, — деді баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы  Әділбек Мұқашев.

Оның айтуынша, Президенттік жастар кадрлық резерві  3 бағыт бойынша құрылады. Олар — лауазымдардың салалық тобы, басқарушылық және өңірлік лауазымдардың тобы. Бұл орайда кандидаттарға қойылатын арнайы талаптар бар. Яғни құжат тапсыру кезінде жасы 35-тен аспаған жоғары білімі, 5 жылдан кем емес еңбек өтілі және ұсыным хаты болуы тиіс.

Құжаттарды қабылдау үшін автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылды. Кандидат 1-30 қыркүйек аралығында PKRezerv.kz сайтына тіркеліп, жеке кабинетіндегі деректерді толығымен толтырып, жеке куәлік, жоғары білім туралы диплом және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесін, сонымен қатар ұсыным хаттарды енгізуі қажет, — деген департамент басшысы кандидаттың сайтта көрсетілген барлық талаптарды сақтауы қажеттігін де айтты. Егер кандидаттың өтінімі біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңдеріне жіберілетін болады.

Биыл 12 қазан мен 25 желтоқсанаралығында кандидат бес  іріктеу кезеңінен өтеді. Оның алғашқы үш кезеңі онлайн түрде ұйымдастырылады. Төртінші кезең сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу түрінде өтсе, соңғы кезең Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады, — деді Әділбек Мұқашев.

Баспасөз мәслихатында аталған департаменттің бас маманы Серік Алматов қыруар қаражатсыз да ақпараттық технологияларды енгізуге болатыны жайында айтып: «Осындай қағидатты ұстанған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлерімемлекеттік қызметке қабылдану туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жоба әзірледі. Жобалардың басты ерекшелігі — ақпараттық технологияларды жасақтауға сырттан IT мамандар жалданған жоқ, жоба мемлекеттік қызметшілердің көмегімен әзірленіп, бюджеттік қаражат үнемделді. Жобаларды жасақтаудың маңыздылығы —  азаматтардың қажеттіліктерінен туындайды. Мәселен, биыл 3 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасы заңнамаларын білуге арналған тестілеуді 1820 адам өткен. Департаментке тестілеу сұрақтары бойынша күніне орташа есеппен 15 адам жүгінеді. Бұл ретте, келушілер  тестілеу бағдарламасын анықтау, тестілеуге жазылу, бос орындар іздеу сияқты басқа да сұрақтармен келеді. Осыған орай, ақпаратты алуды оңтайландыру және автоматтандыру мақсатында Telegram мессенджерінде Qyzmet.info атты бот құрылған болатын», — деді С.Алматов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button