Жаңалықтар

Журналистер «Нұр Ақтөбедегі» тұрғын үйлер құрылысымен танысты

Ақтөбе іргесіндегі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде «Нұр Ақтөбеде» салынып жатқан үйлер тұрғындарға  мемлекеттік бағдарламалар аясында берілуде. Бейсенбі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы журналистерді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысымен таныстырды.

Банк филиалы басшысының орынбасары Эльмира Ескендірованың айтуынша, жыл басынан бері ақтөбеліктер тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін аталған банк арқылы 2600-ге жуық несие рәсімдеген.

— Олардың ішінде 700-ге жуық отбасы пәтерге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізді. Жыл аяғына дейін тағы 1600 адам қоныстойын тойлайтын болады. Тұрғындар үшін қуанышты жаңалық бар — «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары өзгерді: енді несие рәсімдеуге ниеті барлар бұрынғыдай соңғы бес жылда атында үйі бар-жоғын талап ететін құжат тапсырмайды, тек несие алар кезде ғана атыңызда үй тіркелмеген болса болды, екінші өзгеріс — Ақтөбе қаласында тіркеуде болуыңыз шарт емес, — дейді ол.

Пресс-тур барысында журналистер «Нұр Ақтөбедегі» 1,2,3-шағын аудандардағы аз және көп қабатты үйлердің құрылысымен танысып, тұрғындармен, құрылысшылармен пікірлесті. Бұл шараға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы өкілдерімен бірге қалалық құрылыс бөлімі мамандары, құрылысшылар да қатысты.

(«Нұрлы жер» бағдарламасы мен «Нұр Ақтөбеде» салынып жатқан үйлер туралы толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар).

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button