Пікір

Қарапайым халықтың игілігі көзделген

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

Ақтөбе облысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында қарапайым адамдардың игілігіне, өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар көп.

Мысалы, келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы өседі, сондай-ақ, Үкіметке мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту тапсырылды. Бұл салалар қызметкерлеріне жеткілікті түрде қолдау көрсету, қоғамдағы беделін көтерумәселесінің қозғалуыөте орынды. Екінші жағынан, мұндай қолдау жауапкершілікті де арттырады деп білемін. Яғни сол беделге сай болу, кәсіби деңгейіңді, біліктілігіңді арттыру секілді мақсаттар туындауы тиіс. Мұғалімге ең жауапты іс — еліміздің болашағы, ертеңгі азаматтарға білім мен тәрбие беру міндеті жүктелген.Ұстаздарымыздың қашанда осындай абыройлы міндетке сай қызмет етуге ұмтылғанын қалаймыз.

Жолдауда жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу немесе білім алу үшін пайдалануға мүмкіндік беру жөнінде айтылды. Меніңше, бұл көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан ой болды. Әрине, бұл мәселені пысықтау Үкіметке тапсырылды. Дегенмен бұл қаражатты пайдалануға мүмкіндік берілсе, қарапайым адамдар өміріне көп жеңілдік әкелері сөзсіз.

Сондай-ақ микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату — ең құптарлық бастама екенін атап айтар едім. Бұл саланы қолдау, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту — кәсіпкерлікті одан әрі жандандыруға жол ашпақ. Ал кәсіпкерліктің жандануы өз кезегінде қоғамның өркендеуіне жол ашады. Бұл ретте Президенттің: «Бизнестің, әсіресе, шағын және орта бизнестіңдамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс» — деген пікірін алға тартар едік.

Жолдауда үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру жөнінде де мәселе көтерілуі бізді қуантады. Жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылдануы керек. Әрине, Азаматтық қоғамды дамыту бағытында әлі де кемшін, кенжелеп қалған тұстар бар. Бірақ сол олқылықтарды түзеуге, жұмыстарды жетілдіре түсуге қадамдар жасалып жатыр. Осыны көңілге медеу тұтамыз.

Біз үшін ең бастысы — Жолдауда көрсетілген нақты міндеттер мен тапсырмалардың уақтылы жүзеге асуы. Реформа тек реформа үшін жүргізілмей, еліміздің әр тұрғыны оң өзгерісті сезінуі керектігін Президент айрықша атап айтты. Лайым соған жеткізсін!

Басқа жаңалықтар

Back to top button