Денсаулық

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕМДЕУГЕ ҚОСЫМША 300 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Жақында «2018-2022 ж. қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспарын жүзеге асыру» тақырыбында отырыс өтті. Бұл шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ директоры Гүлмира Қожаниязова, облыстағы бірқатар медициналық мекемелердің бас дәрігерлер қатысты.
Жиын барысында онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға уақытылы көрсетілуі қажет медициналық қызмет түрлері мен қосымша бөлінген қаржы көзіне байланысты мәселелер көтерілді.

Қосымша бөлініп отырған 300 млн теңгеден астам қаржы қымбат тұратын тексерулерге, жоғарғы технологиялық құрылғылармен диагнозды анықтау және ауыр халдегі науқастарға көрсетілетін паллиативтік көмекке жұмсалмақ. Паллиативтік көмек көрсету үшін емханалар жанынан мобильдік топтар құрылған. Бұл топ медбикеден, психологтан және де әлеуметтік маманнан тұрады.
— Жоғарғы технологиялық зерттеулер науқастардың қатерлі ісікке шалдығуының алдын алып, уақытылы ем-дом қабылдау үшін қажет. Айта кету керек, мемлекет тарапынан халыққа тегін көрсетіліп отырған скрининг бағдарламасы да көптеген науқастың өмірін аман сақтап қалуға бірден-бір себеп болды. Өкінішке қарай, тұрғындар тарапынан жеке басының денсаулығына деген немқұрайлық әлі күнге дейін бар. Тегін, ұсынылып отырған жоғарғы технологиялық зерттеулерге келіп қаралмаған жандар, артынша дертін ушықтырып, қиналады, — дейді мамандар.
2020 жылдан бастап динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар (25 топ бойынша) мен әлеуметтік маңызы бар аурулар, яғни, онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар тегін медициналық қызмет шеңберінде қамтамасыз етіледі.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button