Экономика

Экспортты дамытуға басымдық

Жақында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына бес жыл толды. Ақтөбеге арнайы іссапармен келген Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Серік Жұманғарин бизнес өкілдерімен кездесті.

Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен өткен бұл кездесуге әрбір саланың өкілдері мен сарапшылар, бизнес субъектілерінің мүшелері  қатысты.

Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде еуразиялық экономикалық комиссия құрылған болатын. Ақтөбеге жасаған сапарыңызда облыс әкімімен кездесіп, біздің алдымызға нақты міндеттемелер қойдыңыз. Ең негізгісі —Еуразиялық экономикалық одақ аясында немесе мемлекет тарапынан берілетін мәліметтерді халыққа ұғынықты жеткізіп, оны талдау, проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын қарастырып, пікір алмасуымыз қажет, — деген Қ.Бекенов С.Жұманғариннің жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Кездесу пікір алмасу, еркін диалог құру шеңберінде өтті.

Мемлекет басшысының кешегі Жолдауының төртінші бағыты қазіргі күні еліміз үшін ең маңыздысы — экспортты қолдау, бизнестегілерге көмектесуге бағытталған. Жақында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 5 жыл толды. Бұл көп те, аз да уақыт емес. Шешілетін біраз мәселелер бар. Біз өнімді экспорттау жағынан төмендеміз. Оған қандай кедергілер бар, оның жолын қалай шешуге болатыны турасында біз анықтап, түсіндіретін боламыз. Кедергілер көп, оның ішінде заңды және заңсыз түрлері де бар. Заңсыз кедергілермен біз күресеміз. Қалай жасаймыз, кімге арыз жазу керек деген сияқты оның өз механизмдері бар, — деді С.Жұманғарин.

Кездесуде жиналғандарға одақтың, қаланың нарығында мемлекеттік сатып алуға қалай шығудың жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ комиссияның қызметі, оның құзыреттілігіне кіретін міндеттермен қатар, бизнеске қажетті тұстары ашып айтылды. Комиссия мүшелері трансшекаралық нарықта бәсекелестік құқығы бұзылған жағдайда арызды қалай жазып, кімге жолдау қажеттігі турасында да жан-жақты мәліметтер берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button