Жаңалықтар

Этномәдени бірлестік өкілдері Президент жолдауын қолдайды

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады.

Жиында «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытгүл Снабаева Жолдаудың негізгі бағыттарын тағы бір атап өтіп, қоғамдық келісімді нығайту тұрғысында айтылған бөліміне жіті тоқталды.

— Бұл жолғы тарихи құжатта тек қана еліміздің әлеуметтік жағдайына ғана емес, экономикалық жағдайына да ерекше мән берілген. Сонымен қатар балалар құқығын қорғау, еліміздегі зейнетақы жүйесі, өткен жылдан бері айтылып келе жатқан ұстаздар мәртебесі де сөз болды. Ал біз үшін маңызды әрі мазмұнды тұсы —қоғамдық келісімді нығайту тұрғысында айтылғаны болды. Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 90-нан астам ұлт өкілдері бар. Сондай-ақ 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Тұрақты түрде жексенбілік мектептер жұмыс жасап, әр ұлт өкілдері өз ана тілдерімен қатар мемлекеттік қазақ тілін үйреніп жатыр.

Тілі басқа болғанмен тілегі бір бауырларымыз Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауын ерекше ынтамен тыңдап, зор сеніммен қабылдады. Ел Президенті айтып өткендей, «Ел бірлігі — оның әр алуандығында». Біздің алға қойған мақсатымыз — бір. Ол — ортақ Отанымыз Қазақстанды әрі қарай гүлдендіру. Бұл ретте біздің облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері бірлесе жұмыс жасап, өз күш-жігерлерімен тәжірибелерін ортаға салатынына сенімдімін,— деді Бақытгүл Снабаева.

Бұдан соң ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков биылғы Жолдаудың ерекше тұстарына тоқталып, негізгі міндеттерді бірлесе орындауға шақырды.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы қашанда төмен болды. Мәдениет басқармасын басқарып тұрған кезімде министрлікке бірнеше рет хат жолдап, бұл мәселені көтергендердің бірі едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында осы мәселеге көңіл бөлінгені мәдениет саласының ардагері ретінде мені де бір қуантып тастады. Жалақының аз болуы, оның күнкөріске жетпеуі — кадр тапшылығына әкеп соқтарытын бірден-бір фактор. Тапқаны тамағына жетпеген соң, білікті мамандар басқа жерден жұмыс іздеп кетіп қалады. Оған,әрине, біз ренжи алмаймыз. Тек бір мысал айтар болсақ, облыстық музейдегі бөлім басшысының айлығы шамамен 70 мың теңге ғана. Ал оның орынбасары мен қарапайым ғылыми қызметкерлердің жалақысының қанша екенін өздеріңіз елестете беріңіздер, — деді. Еркін Құрманбеков жиылған қауымға балаларын қоғамға қажетті мамандыққа беру керектігін айтты.

Бұдан соң ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков биылғы жолдаудың ерекше тұстарына тоқталып, негізгі міндеттерді бірлесе орындауға шақырды.

— Халықпен кездесу барысында жиі еститін мәселелердің бірі —жол сапасының нашарлығы немесе қаламен қатынастың жоқтығы. Осы ретте мен оларға оны кім жасау керек деген сұрақ қояр едім? Кім өзінің баласын жол құрылысын салатын оқуға берді? Кімнің баласы геодезист немесе автогрейдерші мамандығын алып жатыр? Бірақ бұл сұраққа жауап әлі таба алмай келемін.

Жалпы, бала оқуға барар алдында онымен сөйлесіп, кеңесіп, болашақта сұранысқа ие мамандыққа беру қажет. Бұл мәселе кешегі айтылған Жолдауда да шет қалмады. Мемлекет басшысының айтуынша өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының тек жартысы ғана 60 пайыздық деңгейде қол жеткізіп отыр. Сондықтан, болашаққа нақты қадам басар алдында жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс, — деді ол.

Ал жиын барысында сөз алған еврейлердің Ақтөбедегі «Шалом» мәдени орталығының төрайымы Полина Савицкая Жолдаудың өзіне ұнаған тұстарына тоқталды.

— Президенттің өз Жолдауында еліміздің зейнетақы жүйесінің дамуына ерекше көңіл бөлгені көпшілік қауыммен қатар мені де қуантып тастады. Жұмыс жасайтын азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі мақсатта, мәселен баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алса керемет емес пе? Ал, келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялануы — Мемлекет басшының өзі айтып өткендей азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Біз Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын бірауыздан қолдаймыз және оны жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасайтын боламыз, — деді Полина Савицкая.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button