Рухани жаңғыру

Мәдениет саласының мерейі артты

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай №2 А.С.Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының аясында «Ақтөбем — туған өлкем» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында қаланың мерейтойы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы, сонымен қатар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауына қатысты қалалық ардагерлер кеңесі, қала тұрғындары мен қонақтары өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Ақтөбе өңірінің тарихы, өндірісі, өнердегі жетістіктері туралы сөз қозғалғанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ шараға қала жастары да белсенді қатысып, өлке тарихы жайында өз пікірлерімен бөлісті.

Шараға қатысушылар қатарындаАқтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, «Береке-Даму» әлеуметтік-экономикалық даму қорының директоры Алма Қанатбаева, «Қазақстан болашағы үшін» облыстық жастар қозғалысының төрағасы  Ерұлан Наурызбаевтарбар. Шараның басым бөлігінде Президенттің Жолдаудағы тұжырымдары кеңінен талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауы біз үшін қуантарлық жағдай болды, әсіресе, мәдениет саласына қатысты көптеген мәселелер қамтылды. Мәдениет қызметкерлерінің ішінде мұражай, театр, кітапхана ісіне көңіл аударылды. Жастарға тұрғын үй бағдарламасына қатысуға жеңілдік беру, еңбекақыны көтеру сияқты мәселелерге, біздің кәсіптік беделімізді арттыруға жете тоқталды. Басқа жүйелермен салыстырғанда мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы төмен болатын. Соған байланысты жалақымызды көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылса, жастар біздің салаға бет бұратынына сенімдімін», — деді өз сөзінде қалалық кітапхана басшысыҚұралай Серікқызы.

Еліміздегі жер мәселесі бұған дейін қоғамда кең талқыланып жүрген болатын. Мемлекет басшысы Жолдауында осы ауқымдағы түйткілді түйінді тарқатып берді. «Жер иелігі шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету — біздің міндетіміз», — деген Мемлекет басшысының сөзі көпшілік көңіліндегі күдікті бір серпілтіп тастағанын жиынға қатысушылар бірауыздан мақұлдады.

Жиын алдында журналистерге сұхбат бергенАхат Мырзалин Жолдаудың негізгі ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтті. «Президентіміз саясатты экономиканың қатарына көтеріп, елдегі саяси жүйені өзгертуге баса назар аударды. Халық арасында дауға айналған жер мәселесіне қатысты да пікірлерге нүкте қойды. Осы уақытқа дейін бірпартиялы жүйемен келгенбіз. Жолдауда Мемлекет басшысы көппартиялы жүйеге көшеміз деген идеясын айтып, соған қарай бағыт алды. Одан кейін халықты тыңдау үшін қоғамдық Ұлттық кеңес құрылды. Мұның барлығы еліміздің қарқынды өсуіне септігін тигізеді деген сенімдеміз», — деді ол.

Жолдауға баса назар аударылған жиында облыстың тарихынан сыр шертетін әдебиеттер таныстырылып, жергілікті тұрғындар мен қатысушыларға туған өлкенің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері насихатталды.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button