Басты жаңалықтарЖастар

Жастарға жол ашқан бағдарлама

«Дипломмен — ауылға»

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Қазақстан Халқына жолдауынан.

Елбасының тапсырмасымен елімізде 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден өз орындарын табуларына, сондай-ақ ауылдық жерлерде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларын жас мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылы облыста «Дипломмен —ауылға» бағдарламасы аясында 641 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жыл басынан бері ауылдық жерлерге 481 маман (білім беру мамандары – 360 адам, денсаулық сақтау – 87 адам, мәдениет – 4 адам, спорт – 16 адам және агроөнеркәсіп – 14 адам) тартылған. Жұмысқа орналасқан жас мамандарға бір жолғы көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие беріледі.

Бағдарламамен барып, баспаналы болды

Аталған бағдарлама бойынша ауылда жұмыс жасап жатқан жас мамандардың бірі — Нұрдәулет Сейілханов. Ол Шалқар ауданы Шілікті ауылындағы Тоғыз орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

2013-2014 оқу жылынан бастап ауылдағы мектепте қызмет етіп келе жатқан ол бағдарлама аясында баспаналы болып, бүгінде ата-анасымен бірге сол үйде тұрып жатыр.

— Туған жерім — Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылы. 9-сыныптан кейін Ақтөбе қаласындағы Шығанақ Берсиев атындағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түстім. Оқу орнын үздік аяқтап, кейін Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «дене тәрбиесі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықтым. Қазір Тоғыз орта мектебінде еңбек етіп жатқаныма жеті жыл болды. Биылғы жаңа оқу жылында 1-6 сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Балаларға жан-жақты білім берумен қатар оларды спортқа баулып, бірқатарын жарысқа қатыстырып жүрмін. Ауыл балалары арасында қазақша күрес, грек-рим күресі сияқты спорт түрлеріне қатысатындар көп. Егер шын талантты танып, сол баланы үйретсең, нәтижесін көресің. Сондықтан ұстаздық жолда балаға білім берумен қатар спортқа тәрбиелеудің де маңызы зор, — дейді Нұрдәулет.

Жас маман бүгінге дейін тоғызқұмалақ пен қазақша күрестен облыс, аудан көлеміндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Аудандағы жастар арасында «Үздік спортшы» номинациясын жеңіп алып, «Жайдарман» ойындарына да қатысып, көзге түскен.

  • Қазақта: «Жігітке жеті өнер де аз», — деген нақыл сөз бар. Сондықтан спорттан бөлек өнер саласында өз талантымды шыңдап, ауданның намысын қорғап жүрмін. Алдағы уақытта оқушыларымды спорттың бірнеше түріне баулып, олардың да жақсы жетістіктерге қол жеткізуіне бар күшімді саламын. Спорт — күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің бір тәсілі. Сондай-ақ спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді. Дене жаттығулары адамның көңіл күйін ғана көтеріп қоймайды, қанайналым жүйесін жақсартады. Денің сау болу үшін міндетті түрде спортпен шұғылдану керек. Қазір жастардың көбі спортпен айналысып, ауылдарда футбол, хоккей алаңдары салынып, спорт кешендері бой көтеруде. Мұның бәрі халықтың, әсіресе, біз сияқты жастардың спортпен шұғылдануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қамқорлық деп түсінемін. Сондай-ақ «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы да жас мамандарға берілген үлкен мүмкіндік. Осы бағдарламаның арқасында жастар баспаналы болып, ауылда нәтижелі еңбек етіп жүр, — дейді жас маман.

Ұжымына сыйлы, оқушыларына қадірлі Нұрдәулет өткен жылы аудан әкімшілігі тарапынан жас мамандарға берілген арнайы жәрдемақыға ие болыпты. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспаналы болып, ауданның білім, спорт салаларына өз үлесін қосып жүрген жастың алға қойған жоспары көп, мақсаты айқын.

Ата жолын жалғастырған жас маман

Динара Қобылан — «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барып, халыққа қызмет етіп жүрген ақ халаттылардың бірі.

Өткен жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдаған ол қазір Темір аудандық орталық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер және аудандық терапевтдәрігер болып жұмыс істейді. Жас маман өткен жылы бағдарлама аясында бір жолғы көтермеақы алса, қазір аудан орталығынан тұрғын үй алуға құжаттарын дайындауда.

Дәрігер болу — менің бала кезден бергі арманым. Менің нағашы атам, белгілі дәрігер Төлеміс Дарқұловты аудан тұрғындары жақсы біледі. Ол кісі ақ халатын киіп, тұрғындарды емдеп, оларға ерекше жанашырлықпен қарайтын. Атам: «Адам жанының арашасы болу — қиын жол, үлкен жауапкершілік», — дейтін. Міне, сол атамның жолын қуып, бүгінде мен де ақ халаттылардың қатарындажүрмін. Бүгінгі күні аудандық орталық ауруханада менен басқа 7-8 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмыс жасайды. Олардың арасында мен сияқты жас мамандар да бар. Ауруханада науқастар мен емделушілерге барлық жағдай жасалған. Ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігердің негізгі міндеті — қабылдауға келген тұрғындар мен балаларға ем беру, сондай-ақ шақыртуларға барып, науқастарды қарау. Жас маман ретінде қазір кезекшілікке тұрып, стационарда жатқан тұрғындарды да емдеймін. Жалпы медицина саласы бойынша ауданның жетістігі де, қосар үлесі де зор. Қазіргі таңда аудандық ауруханада эндокринолог, дерматолог, УЗИ мамандары тапшы. Сондықтан алдағы уақытта аталған жеке мамандықтар бойынша білімімді жалғастырып, жан-жақты дәрігер болуды армандаймын. Қазіргі таңда аурухананың бас дәрігері Есентемір Демегенов бастаған әріптестерімнің қолдауымен абыройлы еңбек етіп, тұрғындарға қызмет етіп келемін. Мен өз мамандығымды жақсы көремін, — дейді Динара.

Әріптестерінің айтуынша, Динара жас та болса, өз ісіне мығым, адамгершілігі мол. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындайды. Аудандық ауруханаға келген науқастароған әрқашан алғысын жаудырып жатады. Сондай-ақ ол отбасында іні-сіңлілеріне әрдайым қамқор болып жүреді.

Жас маман аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Атап айтсақ, жас дәрігер ретінде форумдарға, пікірталастарға қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін еркін жеткізеді.

  • Осы аптада ауданымызда Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын тыңдап, дөңгелек үстел өткізіп, жастар бірауыздан қолдау білдірдік. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі — Президенттің алда атқарылатын негізгі міндеттер мен жаңғыру жолындағы басым бағыттарды айқындап беруінде. Егер Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындасақ, мемлекетіміз өркендеп, дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп сенемін. Сондай-ақ Президентіміз биылғы Жолдауында келер жыл елімізде Еріктілер жылы болып жарияланатынын, ал жастарды қолдау мақсатында «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын қаржыландыруға 20 миллиард теңге қаржы бөлінетінін айтты. Мен үшін бұл бағдарламаның бізге берері көп. Ең бастысы, жастар ауылды көркейтуге үлес қосып, туған жеріне адал қызмет етеді, — дейді Динара Қобылан.

Айта кету керек, бүгінде облысымызда Динара сияқты медицина саласында ауылдық жерлерде еңбек етіп жүрген 90-ға жуық жас бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button