Басты жаңалықтарМәселе

Жерді қалай пайдаланып жүрміз?

Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында еліміз бойынша көптеген бағдарламалар қабылданды. Әсіресе «Бизнестің жол картасы-2020» аясында жасалынған істер көп. Сондай-ақ «Бастау-бизнес» жобасы арқылы да жұмыссыз жастар кәсіптің алғашқы курстарын оқып, несиелерге қол жеткізді. Шағын және орта бизнесті дамыту науқанында қыруар қаржы бөлінді. Шалғай ауылдарда шаруа қожалықтары құрылып, кәсіпкерлердің саны көбейді. Бүгінде облыс аумағында нақты жұмыс істеп тұрған 58 400 шағын және орта бизнес субектісі бар.Биылдың өзінде алғашқы жартыжылдықта 81 шаруа қожалығы құрылып, өткен жылғымен салыстырғанда 9 пайызға өскен. Бұрынғы тарап кеткен кеңшарлардың қыстау-жайлаулары қайта тікейіп, босап қалған өрістері малға толды. Қаңырап қалған қыстауларға жан бітіп, құрылыс жүріп,  жаңа заманның үлгісімен қайта жанданды. Шаруақожалықтарының малдарымен қоса жеке тұрғындардың да ауладағы төрт түлігі жыл сайын еселеніп келеді.

Басында кәсіпкерлік саласын көтеру мақсатында  қожалық иелеріне қалаған жерлері берілді. Сөйтіп ауылшаруашылық құрылымдарының іргесін нықтау үшін біраз жеңілдіктер жасалды. Кейін үкіметтің жеңілдетілген несиесіне ие болып, мал басын асылдандыруға бөлінген субсидиялар көптеген пайда мен мүмкіндіктер әкелген соң ауыл жаппай атакәсіппен айналыса бастады. Бүгінде облыста 41 мың 400 жеке кәсіпкер бар. Ал шаруа қожалықтарының саны 6 мың 300-ге жетті. Алайда бар мақсат мал басын көбейту болғанымен, оның бағу қиындығы, басқа да проблемалары бар екені көрінді. Мал мен малшы көбейген сайын жер тарылды. Орталыққа жақын, судың жағасы, электр жарығы жүріп тұрған шаруа қожалықтарының малдары жеке тұрғындардың малдарымен араласып кетті. Айналасын шаруа қожалықтар «қысып» тастаған ауылдар бар. Ауыл тұрғындары  шаруа қожалықтары елді мекеннен 7-10 шақырым алыста болуы керектігін айтады. Ал еліміздің Жер туралы Заңында шаруа қожалықтың орталықтан мұнша шақырым орналасуы керектігі көрсетілмеген.

Соңғы жылдары тұрғындармен есептік кездесулерде жер мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Тіпті ауылдың ішінде отырып-ақ мал басын көбейтіп жатқандар әлі де жоқ емес. Заңның белгіленген тәртібі бойынша мал басын өсіру мақсатында кәсіпкер болып тіркелген адамжазда жайлауға көшуі керек. Қазір аудан, селолық округ орталықтарында мал бордақылау алаңдарын салуға рұқсат етілген. Себебі су, жарық, көгілдір отын секілді инфрақұрылымы болған жағдайда бұл кәсіпті дамыту, көбейту қолайлы.

Шаруақожалықтарымен жеке тұрғындар арасындағы келіспеушіліктер жуық маңда біте қояр іс емес. Екі тарапқа да түсінік жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек. Айналып келгенде мал бағуға қатысты осындай кереғарлықтың кесірінен ағайынның арасына жік түсіп отырғаны ақиқат.

Кәсіпкерлер тату болса…

Ал, шаруа қожалықтары арасында татулық, ауызбіршілік, түсіністік болуы — бүгінгі күннің талабы. Онсыз іс өнбейді. Бұрын ауызша келісіммен бірінің жерін бірі пайдаланып, мал азығын дайындай беретін. Екі-үш шаруа қожалығы мысалы, бірінде жоқ техника екіншісінен табылып, жердегі шөп болсын, егін болсын ортақ орып алатын. Яғни бұл да мүмкіншілікті тиімді пайдаланудың басты көрінісі еді. Қазір мал басы көбейіп, барлық техникаға қол жеткен сайын өзіне тиесілі жер аумағын қызғанып ешкімді де кіргізбей, «ала қойды бөле қырқатындар» да өкінішке қарай, табылып тұр. Өз жерлеріндегі табиғат сыйлаған тіршіліктің негізгі көзін қызғанғандар ешкімге бергісі келмейді. Сөйтіп, арада түсініспеушілік туады.

Атадан жалғасып келе жатқан осы бір жерге қатысты мәселе ғасыр алмассада соңымыздан қалмапты. Шаруа қожалығы шабындық, жайылымдық жерге қожа болғанымен, жер асты пайдалы қазбаларына, өзен сулары мен ормандарға иелік ете алмайды. Өйткені олар мемлекеттің меншігінде. Жерді ортақ пайдалану кәсіпкерлердің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бірақ… өз аумағында суы жоқ шаруа қожалығы малын келесі шаруашылықтың су көзіне суғарып, одан соң қайтадан өз өрісіне бағыттауы керек. Олай қадағаламаған күнде өз еркімен кеткен мал сол шаруа қожалығының жерін бүлдіреді. Күн сайын бұлай бақыланбағандықтан екі тарап бір-бірімен ерегісіп, арты үлкен дауға айналады. Тіпті іс сотқа жетіп жатады.

Жылқы мен жайылым

Әсіресе, бұл аяғы тұсаусыз, басы жүгенсіз кететін түздің малы жылқы бағушылар үшін қиындау болып отыр. Қазір барлық ауылдар бірыңғай техникаға көшкендіктен, бұрын мініске ұсталып, тасымалға жегілетін Қамбар атаның тұқымы қамыттан біржола босады. Сөйтіп жүген-құрық тимеген аулаларындағы бірді-екілі жылқылары қоңданып, жыл санап құлындап, көбейіп, 4-5 жылда бір үйірге жеткенін де байқамай қалды.  Бірақ олар қамалмай, бағылмай, түздің малы есебінде кез келген өрісті еркін жайлап келді.  Екі-үшайда бір рет сыртынан бақылап қоятын болғандықтан жеке тұрғындардың далада өскен ең пұлды малы шаруа қожалықтарының проблемасына айналды. Ақтөбе облысы жалпы шөлейтті аймаққа жататындықтан басым бөлігі құмды-қырлы болып келеді. Оның үстіне биылғы құрғақшылықтың салдарынан жаз ортасына дейін жататын сай табандарындағы сулар тартылып, лайланып, ластанып кетті. Тек таза, салқын суды ғана талғап ішетін текті атаның тұқымы бұлақ, өзен суларына ұмтылады. Ол үшін өзге шаруа қожалығының жеріне кіруге тура келеді.

Жерді пайдаланудың, қорғаудыңда өз заңдылықтары бар. Көбі бұған мән бермейді.Бір шаруа қожалығы шекарасына көрші ауылдың малы кірмес үшін экскаватормен кісі бойы ор қазып тастаған. Орға құлап кеткен құлын одан шыға алмай, оны тастап кете алмаған енесін айғыр талап, қуалаған да жағдайлар кездескен. Заңға сүйенсек, бұл жер қабатын бүлдіру болып есептеліп, айыптық жаза қолданылады. Ал өз аумағын қоршау үшін де белгіленген нормадан аспау керек. Шаруа қожалығы басшыларының айтуынша, айналдыра қадау қағып, сыммен қоршағаннан жерді қазған әлдеқайда арзанға шығады екен.

Бәрі де малды қарамағанның кесірі ғой. Менің екі мың гектар жерім бар. Қой мен сиырды өзгенің жеріне түсіп кетпеуі үшін екі малшым көзден таса етпейді.  Азғана жылқымызды да шашау шығармаймыз. Малды баққасын, оны қарау керек қой. Қазір дала сулары тартылып, жылып кетті. Құрт-құмырсқа түсіп, ластанды. Бәрі суға байланысты. Өріс тарылып, шөп шықпай қалатын кезеңдер бастан өтті. Бірақ малдың күйі тек отты жермен ғана өлшенбейді. Олар таза, әрі салқын су ішіп тұрғанда ғана қоңды болады. Скважина қазу жеке тұрғындар үшін әр метрі он мың теңге. Біздер одан көп төлейміз. Соның өзінде қазуға әрекеттендік. Кезкелген жерден су шыға қоймайды. Қайткен күнде де жерасты суын пайдаланып суғармасақ, даладағы сулар нәр болар емес. Қазір осы мәселемен айналысып жүрмін. Менің қыстағым ауылдан 5 шақырым жерде орналасқанымен, жайлауым 10 шақырым жерде. Қазір сонда отырмыз. Жеке тұрғындардың малы жете қоймайды. Алайда көрші шаруа қожалықтардың жылқылары тыным бермей тұр. Талай ескерту жасадым. Жерді қызғанбаймын. Бірақ сол жерге салық төлейміз,— дейді «Саламат» шаруа қожалығының басшысы Иман Байдарханов.

Бұл жер алып, сол жерді пайдаланып, малын бағып, жайлаудың сәнін келтіріп отырған шаруаның сөзі. Ал, жайылымдық жері болса да оған бармай, ауыл ішінде отырып-ақ жұмысын жүргізіп отырғандар жоқ емес.

Даладағы бос жатқан жерлерді өзі пайдаланбай, не өзгеге қимай жүргенде ақыры үкіметке кері қайтаруға мәжбүр болады. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалиннің айтуынша, соңғы үш жылда ауылшаруашылық және коммерциялық мақсаттағы 244 учаске, 329 663 гектар жер кері қайтарылған. Онымен қоса сот арқылы қайтарылған жағдайда 3 жыл жер алу құқығынан айырылады.

Бір қуанарлығы, өрт шыққан жағдайда алдымен шаруа қожалықтардың техникалары алда жүреді. Жер талғамайтын тілсіз жауды ауыздықтауға бірінші боп ұмтылатын да солар. Өрт сөндіруге көбіне жеке тұрғындар бармай қалады екен. Өйткені олардың жері жоқ. Кей адамдардың түсінігінше, жер, шаруа қожалығы мен үкіметтікі. Мұндай ойдан арылу үшін де уақыт керек.

Олай дейтініміз, әр шаруа қожалығы, әр кәсіпкер — жұмыстың көзі. «Бірдің кәсібін мыңның нәсібіне» айналдырып, ай сайын тұрақты жалақы төлеп отырған шаруашылықтардан келетін басқалай да көмектер көп. Ең ақыры көліктері ауылдың ортақ игілікті шараларына жұмылады. Жалпы шағын және орта бизнес саласында облыс бойынша 142 мың 400 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Қалай болғанда да жер баршаға ортақ қазына. Оны қорғау, сақтау әр тұрғынның міндеті. Бірақ асыра сілтеп, бұрынғы тату шаруалардың сезіміне сызат түсіру ешкімге пайда әкелмейді. Жоғарыдағыдай келеңсіз жәйттер кездеспеу үшін ынтымақтықты барынша сақтаған абзал.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button