Спорт

«АҚТӨБЕ» мен «АЗ»

Еуропа Лигасы

Бүгін біздің футболшыларымыз Голландияның Алкмар қаласының стадионында ойнақ салуға тиіс.

Жеребе бойынша біздің командамызға Еуропа Лигасы кубогы үшін өткізілетін әзірге алғашқы екі матчта осы қаланың «АЗ» командасы бұйырды. Ұтсақ, арғысын тағы көрерміз.

Рас, «Ақтөбе» жасыл алаңға біз қалайтындай құраммен шыға алмайды. Төрешілердің тәртіпсіздік жасағандарға көрсететін сары қағаздарын артық алып қойғандары үшін бес футболшы бұл ойыннан тыс қалады: Тілешев, Перич, Хайруллин, Ба және Боно. Сол себепті алғашқы матчтың бізге қандай сый тартатынын болжаудың өзі қиын.

Әйтсе де еңсеміз түсуге тиіс емес: аталарымыз айтқандай, бап шаба ма, бақ шаба ма?

Оның үстіне, Қазақстанның биылғы еуропалық сайысқа үкілеп қосқан басқа командалары басқа жұрттың футболшыларынан алғашқы кезеңде-ақ қирай ұтылып қалған шақта, «Ақтөбе» біздің елімізде де өзгелерге сес көрсете алатын аяқдоп шеберлері бар екенін мойындатып қойды.

Ал, сәл шегінсек, кеше ғана өткен Еуропа чемпионатында орда бұзуға лайық деп есептелген небір көкқасқалар омақаса құлаған жоқ па?

Сондықтан уайымды азайта тұрып, қарсыласымызбен қысқаша танысып қоялық.

УЕФА-ның танысы

«АЗ» («Алкмар-Занстрек») — кубоктық ойындарда ысылып қалған команда. Бұған дейін УЕФА турнирлерінде 74 матч өткізіп, 36 рет жеңді, 22 рет тең түсті, 16 рет жеңілді. Әйтеуір, жеңілмейтін команда емес.

Интернационалдық команда

Клубтың ойыншылар құрамы нағыз интернационалдық ынтымақтың үлгісі, легионерлер 13 елді қамтиды: Хорватия, Коста-Рика, Мексика, Эстония, Финляндия, Бельгия, Дания, Швеция, Парагвай, Австралия, Бразилия, Исландия, тіпті Антиль аралдарының да өкілі бар.

Кім қымбат?

«АЗ» командасының жалпы трансферлік бағасы 67,5 миллион еуро құрайды. Ал әр ойыншы орта статистикалық есеппен 1 миллион 930 мың еуро тұрады. Ең қымбат ойыншылар — Голландия азаматтығын қабылдаған бұрынғы аргентиналық қақпашы Серхио Ромеро мен жартылай қорғаушы Стин Шаарс. Бұл екеуінің әрқайсысының трансферлік бағасы — 6 миллион еуро.

Жетістіктер

Футбол әлеміне кірген 43 жылдан бергі кезеңде команда екі рет Голландия чемпионы болды: 1980/1981 және 2008/2009 ж.ж.

Ел Кубогын үш рет жеңіп алды: 1978, 1981, 1982 ж.ж.

1980/1981 жылы УЕФА Кубогы үшін ойындарда финалға дейін жеткені және бар.

Міне, бар-жоғы осы.

Ал ендігі хабарды футболдың майын ішкен Голландиядан күтеміз. Жерлестерімізге табыс тілейміз.

Ал екінші матч Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда 26 тамыз күні өтетіндігін еске саламыз.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button