Басты жаңалықтарЖастарЭкономика

Жағдайың қалай, жас кәсіпкер?

«Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажет.

Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы»  аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Әлеуметтік бағыттарға — отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 

Қазақстан халқына жолдауынан.

Елімізде кәсіпкерлікке бет бұрып, жеке ісін бастап жатқан жастар аз емес. Олардың арасында халыққа қызмет көрсетуге ден қойған жерлестеріміз — іскер жігіттер мен қыздар баршылық. Бүгін біз солардың бірнешеуінің бизнестегі аяқ алысы һәм жеткен жетістіктерінің нақтылы мысалдарына тоқталмақпыз. Сала маманының да өз айтары бар.

Ерболдың шаштаразы

28 жастағы Ербол Мирманов — ерлер шаштаразы мен қоғамдық тамақтану орнының иесі. Бүгінгі таңда 22 адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Оның айтуынша, ең бастысы — қай істен де қорықпай, тәуекелге бел буу керек. Өйткені «Көз — қорқақ, қол — батыр»…

Менің ойымша, кез келген істі бастау үшін жастың, жыныстың анау айтқандай қатысы жоқ. Тек бастамаң баянды болсын десең, бәрін дұрыс жоспарлап, алдын ала ойластыра алуың қажет. Оның табыс әкелетінін іштей сезсең, уақыт оздырудың қажеті қанша?

Ерлер шаштаразының иесі атанғаныма үш жылдан асты. Енді, міне, тамақтану орнын ашып жатырмын. Мұнда негізінен жылдам дайындалатын азықтар жасалады. Бізге көбіне-көп, әрине, студенттер келеді, — дейдііскержігіт.

Жас кезден еңбекке араласқан Ербол замандастарының арасында кәсіпкерлердің көптігін айтып, барлығының өзара ұйымшыл екенін қосты. Бір-біріне білмегенін үйретіп, әрдайым хабарласып тұратын қатарластардың ұраны бір: «Еңбек бәрін де жеңбек».

Жеке кәсібімді 3 мың теңгемен бастағанымды айтсам, көпшілігі сенбейді. Қасымда жүрген екі жігітпен кезінде осы істі қолға алған едік. Сөйтіп, бірте-бірте кәсібіміз кеңейіп, бүгінгідей деңгейге жеттік.

Жастайымнан материалдық тұрғыда өз-өзімді қамтыдым. Мейрамханада даяшы боп жұмыс та істедім. Жұмыстың жаманы жоқ, бастысы адал болсын, — деп ой түйеді жас кәсіпкер.

Біле жүріңіз!

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚАЛАЙ ОНЛАЙН ТІРКЕУГЕ БОЛАДЫ?

Егер сіз бизнес ашуды жоспарласаңыз, заңды түрде жеке кәсіпкерлікті онлайн түрде тіркей аласыз.
Бұл үшін алдымен еlicense.kz порталына кіруіңіз қажет.

Кәсіпкерлікті ашқаныңыз туралы хабарлама жіберу үшін еlicense.kz порталына тіркелуіңіз керек;
«Жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама» қызметінің бетіне өтіңіз;
Қызметке онлайн тапсырыс берген соң, салық органын таңдайсыз;
Өтінішті толтырып, жеке мәліметтеріңізді енгізесіз;
Кейін мемлекеттік кіріс органының растауын күтесіз;
Бұдан әрі ашылған терезеде кәсіпорныңыздың деректемелері мен параметрлерін көрсету қажет: мекенжай, атауы, қызмет түрі, салық салу нысаны және т. б.

🔑Соңында сұранымды электрондық цифрлық қолтаңбаңызбен растайсыз, жеке кәсіпкерліктің ашылғаны туралы хабарлама бір күн ішінде «Жеке кабинетіңізге» келіп түседі.

Айдананың жобасы

Қазіргі таңда шет тілдерге деген сұраныстың зор екені белгілі. Бұған анық көзі жеткен Айдана Бақтыбаева өзінің сүйікті ісімен айналысып әрі көптен бергі арманын іске асырып, осылайша, «екі қоянды бір оқпен атқан». Оның мамандығы — ағылшын тілінің мұғалімі.

Бұған дейін орта мектептер мен оқытуорталықтарында сабақ берген кейіпкеріміз көптен бері жеке ісін бастап, өз-өзіне еңбек етуді армандағанын айтады. Ол тілегіне биылғы маусым айында қалай жеткені туралы:

— Жаз мезгілінің алғашқы айында Ақтөбе қаласының Қызылжар елдімекеніндегі бір ғимараттан бөлмені жалға алып, ішін жиһазбен, оқу құралдарымен қамтып, жұмысты бастап кеттік. Су жаңа орталығыма әзірге 10 бала келеді. Әрқайсысы айына 5 мың теңгеден төлейді. Оқу жылының басталғаны енді ғана, шәкірттердің саны артатынына күмәнім жоқ. Өйткені ағылшын тіліне қызығушылық танытушылардың көптігін білемін. Ал біздегі ата-аналар сабақ басталған соң ғана ұл-қыздарының қосымша сабақтарын, үйірмелерін ойластырады ғой, — дейді педагог.

Орталығында енді математика, түрік тілі, сондай-ақ үй тапсырмасын бірлесіп орындап, жалпы мектептегі оқу бағдарламасын жете түсіндіруге арналған курстар ашуды жоспарлап отырған кәсіпкер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Жас кәсіпкер» жобасына да қатысып үлгерген. Бірер күнде сертификат алатын әңгімелесушіміз — атаулы гранттан үміттілердің бірі.

— 15 күн бойы кәсіпкерлік саласындағы білімімді шыңдап, табысты бизнес иелерінің тәжірибесіне қанық болдым. Ақыл-кеңесін алдым. Енді соны айғақтайтын сертификатымды аламыз. Сосын жобаның түлектері арасында арнайы байқау жарияланып, гранттар беріледі. Одан бұрын қатаң іріктеу ұйымдастырылады. Соған өтіп кетсем, кәсібімді кеңейту үшін қолдауға ие болсам деп отырмын, — деп сыр ақтарады Айдана.

Құрбыларымен бірге «Zhas Project» жобасында бақ бен бабын қатар сынап, қайтарымсыз 1 миллион теңгені ұтып алған жас кәсіпкер бұл жолы да оған сәттіліктің серік болатынына бек сенеді.

Әңгіме арасында өзінің III топтағы мүгедек екенін, бір көзі мүлде көрмейтінін айтқан Айдана адамды қиындықтар ғана шыңдайтынын, одан сайын мықты болуына жетелейтінін білдірді. Сол арқылы өзге тұстастарынешқашан мойымауға, ағысқа қарсы жүзуге шақырды… Кәсібін ғана емес, жеке өмірін де ұмытпаған ол жолдасымен бірге қазіргі таңда екі қыз баланы тәрбиелеп отыр.

Айта кетейік, ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Жас кәсіпкер» жобасы 18-29 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Курстың барлық түлектеріне грантқа немесе жеңілдіктер байқауына қатысу құқығын беретін сертификат табысталады. Бірінші кезеңде 497 адам оқып шықса, одан соң 603 жас тәжірибесін шыңдаған. Жыл соңына дейін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында облыс бойынша 1100 адамды оқыту жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері 300 жас кәсіпкер тіркелген  

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязов шағын және орта бизнес саласындағы жастардың үлесі біршама екенін айтады. Оның сөзінше, осы жылдың шілде айындағы дерек бойынша, Ақтөбеде 48 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. Ал жыл басынан тіркелгендері — 1536 болса, оның 300-ден астамы жастарға тиесілі.  

Жастарды кәсіпкерлікке кеңінен тартуға бағытталған «Жас кәсіпкер», «Бизнес кеңесші» жобаларына да қызығушылар көп. Соңғысына, айталық, 1208 тыңдаушы қатысыпты.

— 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғалы студенттер мен оқушылармен, басқа да топтағы жігіттер-қыздармен көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақсат — олардың кәсіпкерлік саласына деген қызығушылығын ояту, оның «әліппесін» үйрету. Ақпан айынан бері мамандар қаржы институттарының өкілдерімен бірлесе өңірдегі барлық университеттер мен арнаулы орта оқу орындарында көшпелі кездесулер өткізді. Мұндай шараларға жас кәсіпкерлер де қатысты. Кейінгі толқынға көрген-білгенімен бөлісті. 

Жалпы, жылдың соңына дейін 350 адамды офлайн-режимде, ал 100 интернет қолданушыны онлайн оқыту жоспарда бар. Ондағы ойымыз — жастарды кәсіпкерлік негіздеріне баулу, — дейді Руслан Әжниязов.

Мұндай курстарға қатысқандардың баршасының кәсіпкер болып кетпейтіні анық. Атаулы жыл иелеріне ақшаны санап қана қоймай, оны тиімді жұмсау һәм мейлінше оңтайлы жаратуды үйрету — басты талап. Мамандар біле білгенге бұның да өнер екенін айтады…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button