АуылБасты жаңалықтар

Әлияның туған ауылы — Бұлаққа тасжол төселіп жатыр

Биыл батырлар мекені — Қобда ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Топырағын түртсең, тарихы сөйлеп қоя беретін киелі өлкенің қойнауында талай қасиетті мұралар жатыр. Орта ғасырлардағы сәулет өнерінің ерекше үлгісі Абат Байтақ кесенесі, қазақ батырларының шежіресін бастаған Қобыланды батырдың тарихи-мемориалдық кешені, ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Исатай Тайманұлының кесенесі тарихтан сыр тартады. Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған киелі жердің өткені қаншалықты мағыналы болса, болашағы соншалықты жарқын. Оған бүгінгі істеліп жатқан жұмыстар куә.

Тоқсан жылдық той тұсында қобдалықтар қонақтарға жеткен жетістіктерді, қолға алынған іргелі істер туралы мағлұмат бермек. Соның бірі — экономиканың от күретамыры саналатын жолдың жайы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қобда ауданы үшін ішкі-сыртқы жолдың жайы аса маңызды. Қазіргі уақытта аудандағы түрлі деңгейдегі тасжолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан орталығында жалпы ұзындығы 54,75 шақырым болатын 37 көше бар. Оның 10 шақырымға  жуығына асфальт төселген. Асфальт төселген жолдардың негізі аудан орталығы Қобда кентінде орналасқан.

Қобда аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Амандық Манашевтың айтуынша,  2016 жылдан бастап Қобданың орталығындағы 6 көшеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған.

— Құрманов, Колесников, Молдағұлова, Тайманов, Сейфуллин, Иманов атындағы көшелердегі жолдарды жөндеу жұмыстары биыл толықтай аяқталады. Жалпы осы алты көшені күрделі жөндеуден өткізу жобасының жалпы құны — 401 миллион теңге.  Жобаға жауапты басты мердігер — «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл бұл мақсатта 202 миллион 800 мың теңге қарастырылған, — дейді А.Манашев. Екі жыл ішінде Қобда ауылында 2500 метр автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізілген.

Қобда ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы —  244,79 шақырым. Оның ішінде Самара – Шымкент, Бестау-Жарсай – 69,1 шақырым, Қобда-Сарыбұлақ-Әбдібұлақ — 51 шақырым.

— Бұлар автомобиль жолдары болып саналады. Қалғаны елді мекендерге кіреберіс жолдар болып есептеледі. Осы автомобиль жолдарында 9 көпір және 107 су өткізгіш құбырлары орналасқан. Биылғы ауыз толтырып айтарлық бір қуанышты жаңалығымыз — қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолы қайта салынып, асфальт төселіп жатыр. Бұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл  республикалық бюджеттен 600,0 миллион теңге бөлінді. Жарияланған байқау нәтижесінде «АссанаДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер компания ретінде іске кірісті. Бұлақ ауылына асфальт төсеу жұмыстары қазір басталды, келесі жылы да жалғасатын болады, — дейді А.Манашев.

Қобда ауданы арқылы өтіп жатқан облыстық маңыздағы жолдар да жөнделіп жатыр. Былтырдан бері Қобдадан Жиренқопаға апаратын облыстық маңызы бар тасжолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

—  Қобда ауданы — тарихи ескерткіштерге бай өлке. Бізге аудандағы тарихи-археологиялық ескерткіштерді көруге туристер көп келеді. Осы мақсатта мәдени, тарихи маңызы бар ескерткіштер орналасқан елді мекендерге апаратын жолдарды жөндеудің маңызы зор. Мысалы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Әлияның туған жері Бұлақ ауылына апаратын жолда қазір қарқынды құрылыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Қобыланды батыр кешені орналасқан Жиренқопа елді мекеніне апаратын жолға да күрделі жөндеу жүргізілуде. Тапсырыс беруші — облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Қобда-Жиренқопа тасжолының 308-314 шақырымын жөндеу жобасының жалпы құны — 1 705,5 миллион теңге. Биыл 188 миллион теңге бөлінді. Осы жолдың  334-371,9 шақырымы аралығында «ЖолАлғаСистемс» серіктестігі жөндеу жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны — 2 985,4 миллион теңге. Биыл Жиренқопаға дейінгі жолда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. 2020 жылға қарай Ресей шекарасына дейінгі аралықтағы тасжол күрделі жөндеуден өтіп, кеден бекетін ашу жоспарланып отыр, — дейді А.Манашев.

Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселе — Мәртөк пен Қобданың арасын жалғап жатқан тасжолдың дұрысталуы. Қазір осы мақсатта қаржы бөлініп, байқау жарияланған. Биыл бұл жолда да  асфальт жабындысы төселіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Жарсай-Терісаққан айналма жолына күрделі жөндеу жүргізіліп, асфальт төсеу үшін де жобалық-сметалық құжаттар дайындауға ұсыныс берілген.

Жолдардың жөнделуі — жол айналасындағы сервистердің дамуына да жол ашады. Тоқсан жылдық той тұсында ауданда екі кемпинг ашылмақ. Оның бірі —Қобда да, екіншісі Қиыл ауылдарында.

Қобдалық жеке кәсіпкер Амантай Берденов аудан орталығындағы жаңа кемпингте 14-15 адамды жұмыспен қамтымақ. Келушілер 40 орындық қонақүйге аялдап, 80 орындық тамақтану орнына келе алады.

Ал Қиылдағы кемпингте 30 орындық қонақүй мен 50 орындық кафе ашылады. Жеке кәсіпкер Гүлжан Бекниязова бес жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

ЖЕЛТОҚСАНДА 64 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

Ауданда тұрғын үй мәселесі де шешімін тауып жатыр. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қобда ауылында 4 аз қабатты жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы басталған болатын. Жобаның жалпы сметалық құны — 568, 0 млн теңге. Қазіргі уақытта «КазПромСтройГрупп» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Екі қабатты тұрғын үйлердің әрқайсысында 16 пәтер бар. Жалпы алғанда 64 пәтерден тұратын төрт үйдің аумағы — 3363,44 шаршы метр. Бір бөлмелі — 16 пәтер, екі бөлмелі — 40 пәтер және үш бөлмелі 8 пәтер бар.

Биыл желтоқсан айында осы тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрған баспанаға мұқтаж 64 отбасы қоныстойын тойламақ.

Елді мекендерді сапалы ауызсумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда бес елді мекенге — Терісаққан, Талдысай, Калиновка, Бестау, Білтабанов ауылдарына жалпы ұзындығы 35 шақырым су құбыры тартылған. Бұл аудан халқының 75 пайызын таза  ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда Жарсай, Жарық ауылдарына су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған, су құбырын тарту жұмыстары 2021-2022 жылдары жүргізілмек.

Аудандағы Бегалы, Білтабанов, Калиновка, Егіндібұлақ ауылдарын көгілдір отынмен қамту жобасын жүзеге асыру мақсатында 2 млрд 200 млн теңге қарастырылған. Биыл газ құбырын тарту, құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көре бастайды. Жоба жүзеге асқаннан кейін аудан тұрғындарын газбен қамту мәселесі 70 пайызға жетпек.

Ал Жарсай-Терісаққан, Жаңаталап ауылдарына газ апару жобасының сметалық құжаттары жасалып, 2021-2022 жылдары құбыр тарту жұмыстары жүргізіледі.

— Қобда-Жиренқопа бағытындағы ауылдарға да газ тартудың ауылы алыс емес. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, Қобда-Жиренқопа бағытындағы елді мекендерге газ тарту үшін биыл жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, содан кейін газ құбырларын тарту жұмыстары басталады, — дейді А.Манашев.

 Мейрамгүл  РАХАТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button