Жаңалықтар

«Ендігі бағыт — әрі экономика, әрі саясат болмақ»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ғалымдар мен студенттердің қатысуымен өткен жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы талқыланды.

Аталмыш оқу орнының әлеуметтік зерттеулер орталығының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Президент Жолдауының өзі үшін ерекшелігі жөніндегі пікірін:

— Басқарудың президенттік үлгісіндегі барлық елдерде Мемлекет басшысы халыққа Жолдау жасайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында мен үшін екі жаңалық болды: біріншіден, біз бұрын «Алдымен — экономика, содан кейін — саясат» деген ұранмен келген болсақ, енді қоғамдық-саяси жаңғырудың, саяси реформалардың маңыздылығы да атап өтілді. Яғни, ендігі бағыт — әрі экономика, әрі саясат болмақ. Ал, екіншіден, Президент биліктен, соның ішінде жергілікті биліктен, әкімдерден халыққа барынша жақын болуды талап етіп отыр. Билік халықтың үнін, мұң-мұқтажын тыңдауы, ой-пікірін ескеруі керек. Сол үшін бейбіт шерулер өткізу туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі айтылды, — деп жеткізді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров Жолдауда педагогтер, мәдениет саласы қызметкерлері үшін жағымды жаңалықтар болғанына айрықша тоқталды, ал әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Дмитрий Мацюк азаматтардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балаларға қарсы қылмыс жасағандарға жазаны күшейтуге қатысты пікірлердің көпшілік тарапынан қызу қолдау табатындығына сенім білдірді.

Жиында сондай-ақ, Президент Жолдауында көрсетілген бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатындағы іс-шаралар жоспарланды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button