Пікір

Мұғалім мерейі — ел мерейі

Айнаш ТАСҚАЛИЕВА,

№53 орта мектептің география пәнінің мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын ұстаздар қауымы да ұйып тыңдады. Маған, әсіресе, педагогтердің еңбекақысын көтеру, дарынды оқушының қабілетін дамыту сияқты мәселелерге айрықша маңыз берілгені ұнады.

Ел Президентінің «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды, келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны құптарлық іс деп білемін. Өйткені білімді, мейлінше үздік оқыған жас әріптестерімнің ауылға барып еңбек етуі үшін үстемақылар төленсе, басқа да әлеуметтік қолдау болса, жастардың жердің шалғайлығына анау айтқандай назар аудармайтыны рас. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесін сөз етіп, осы істе нақтылы шаралардың қолға алынғаны да көңіл қуантады. ҚР Президенті «Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл — келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», — деді. Лайым, соңғы уақытта мұғалімдердің мерейін өсіруге бағытталған шаралар һәм бастамалар сәтті жүзеге асуына тілектеспіз. Өйткені, мұғалім мерейі — ел мерейі. Қай адам болсын, алдымен ұстаздың тәлім-тәрбиесінен өтеді…

Өзімнің білім беру саласында еңбек еткеніме 7 жылдан асты. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Осы аралықта талай талантты, «сен тұр, мен атайын» деген оқушылардың көптігіне куә болып келе жатырмын. Бұл ретте Мемлекет басшысының өз Жолдауында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырғаны ерекше көңілімнен шықты. Сол арқылы алдағы уақытта жоғарыда аталған топтағы ұл-қыздар ақысыз негізде үйірмелер мен орталықтарға қатысса, жазғы каникулда жаппай лагерьлерге жіберілсе, бұның үлкен сауапты іс әрі болашаққа жасалған үлкен инвестиция екені сөзсіз. Түбінде сол балалар үмітімізді ақтайтынына бек сенімдімін.

Қорыта айтқанда, біздің, мұғалімдердің ел Президентінің жаңа Жолдауынан күтер жақсылығымыз көп. Ең бастысы, барлық игі бастамалардың көп кешікпей орындалуын тілейміз.

 Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button