Басты жаңалықтар

Газ тапшылығы реттеледі

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов «Батыс Трансгаз» газ құю  бекетінде тапшылықтың себептері мен онымен күрес жолдарын Ақтөбе облысы бойынша  сұйытылған газды жеткізушілер ассоциациясының төрайымы Алтынай Мұқанова, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС  жауапты мамандарымен бірге талқылады.

Айта кету керек, бұл күні «Батыс Трансгаз» маңында сапырылыс, кезек күту мүлде болған жоқ, газдың литрі 55 теңгеден сатылып жатты.

Қайрат Бекенов бұл мәселенің тікелей облыс әкімінің бақылауында тұрғанын, әлеуметтік желіде айтылған  әрбір дерекке мән беріліп отырғанын айтты.

  • Қазіргі кезде облыс қажеті үшін айына бөлінген 11 мың тонна сұйытылған газ жеткіліксіз. Энергетика министрлігіне газ лимитін арттыру жайында  хабарласқанымызда, Ақтөбе сәуірде бөлінген тоқсандық лимитті игермегендіктен, бұрынғы әр айға бөлінген 12 мың тоннаның 1 мың тоннасы қысқартылғанын айтты. Біз енді  ол жетпей жатыр деп тағы қосымша сұрадық. Бір айда артылып қалады, бір айда жетпей жатады. Бізде әр айға газ тұтынудың нақты жоспары жоқ. Мұны газ таратумен айналысатын кәсіпкерлерден сұрау  жүргізу арқылы сұйытылған газдыжеткізушілер ассоциациясы әзірлеуі керек еді. Облыс әкімі жанынан құрылған комиссияға газ таратумен айналысатын кәсіпкерлік құрылымдары мен екі зауыт өкілдерін енгізсек те, олардың қызметінде ашықтық қарым-қатынас болмауынан осы мәселе шешілмей жатыр, — дейді облыс әкімінің орынбасары.

Оның үстіне қазір көлігін сұйытылған газге көшіргендер көбейген. Өйткені арзанға түседі. Сонымен қатар облыс аумағы арқылы өтетін транзиттік көлік ағыны өте көп. Бұған қоса, қазір көптеген ауылшаруашылығы саласының өкілдері көліктерін сұйытылған газбен жүргізуге көшкен. Ал қазір жиын-терін уақыты болғандықтан, сұраныстың да жоғары болатыны түсінікті.

«Батыс Трансгаз» ЖШС директоры Айбек Көшербаевтың айтуынша, газдың кейде жетпей қалатыны рас. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жаз айларында транзиттік жолаушылар өте көп болады. Ресейдің көліктері арнайы осында келіп, газ құйдырып алатын көрінеді. Екіншіден, облыстағы тіркелген көлік саны әлдеқайда көбейіп, биыл 47 мыңға жеткен. Бұл өткен жылғыдан 8 мың данаға көп. Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай біздің облысқа 12 мың тонна әлеуметтік сұйытылған газ бөлінсе, биыл ол 11 мың тоннаға түскен.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ газ тарату бөлімінің басшысы Николай Павлюктың айтуынша, Жаңажол газ өңдеуші зауытынан өңір тұрғындары үшін сұйытылған  газдың әр тоннасы қосымша құн салығынсыз 38 мың 701 теңге 61 тиынға сатылады.

Сұйытылған газды жеткізу ассоциациясын басқаратын Алтынай Мұханова  жергілікті екі зауыттан тікелей сұйытылған газды сатып алуға  жергілікті кәсіпкерлердің көбірек қамтылуын сұрады. Оның айтуынша,  Энергетика министрлігі тарапынан кейбір компанияларға әлеуметтік газ таратуға лимит көбірек, кейбіреулеріне аз бөлінген. Негізінен, зауыттар әуелі әлеуметтік газды жіберіп,  сосын биржалық газды сатуға құқылы. Алайда осы жолы саудаға  биржалық  газ көлемі көбірек шығарылды.

Облыс әкімінің орынбасары осы мәселе бойынша облыстық комиссия құрылғанда, оның құрамына сұйытылған газ тарату жүйесінде істейтін компания өкілдерінің арнайы тартылғанын айтты. Оның ойынша, олар бұл мәселені бүгін емес, сол комиссия жиындарында көтеруі керек еді. «Біз Энергетика министрлігіне облысқа  бөлінетін сұйытылған газ көлемін көбейту жөнінде ұсыныс енгізетін боламыз» — деді ол. Сонымен қатар ассоциация тарапынан нақты жоспарлау болуы керектігін ескертті.

  • Мен газ құю саласында жұмыс істейтін әрбір кәсіпкермен жеке сөйлесемін. Газ құю бекеттеріндегі газ тапшылығы туралы жағдайды анықтау — тікелей облыс әкімінің талабы. Біз мониторинг жүргізіп, не себепті бұлай болғанын анықтап, одан шығудың жолдарын іздестіреміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

                                                                                                Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button