Денсаулық

Туберкулезге қарсы вакцинация уақытша тоқтатылды

Брифинг

28 тамыздан бастап Ақтөбе облысында туберкулезге қарсы вакцинация уақытша тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміз бойынша туберкулезге қарсы вакцинация  уақытша тоқтатылғандығын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова хабарлаған болатын.  Бұған басты себеп — «Japan BCG Laboratory» өндіруші зауытының туберкулезге қарсы вакцинаны 35 елден кері қайтаруы.

— Соңғы 14 жыл қатарынан еліміз туберкулезге қарсы Жапониядан келген вакцинаны пайдаланып келді. Дегенмен бүгінгі таңда вакцинадан бөтен заттың табылуына байланысты өндіруші ел 35 елден вакцинаның 33 сериясын кері қайтаратындығы туралы хабарлады. Сол себепті комитет аталған серияларды нарықтан алып тастап, вакцинацияны тоқтату туралы шешім қабылдады. Аталған 33 серияның 5 сериясы біздің елімізде қолданылып келсе, 3 сериясы Ақтөбе облысында пайдаланылған болатын. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Қазіргі таңда ЮНИСЕФ-пен арнайы келіссөздер жүргізіліп, Үндістанда өндірілетін «SERUM institute of INDIA» вакцинасын сатып алу және жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Шамамен қазан-қараша айларында жетеді деп күтілуде. Вакцина келген бойда жұмыстар қайта жалғасатын болады, — деген Н.Беркімбаева аталған өндіруші елдің вакциналары әлемде қолданылып келе жатқандығын айтты.

— Бүкіл әлемде иммундық-профилактика — инфекцияларға қарсы күресудегі ең тиімді, үнемді және қолжетімді болып танылған. Ақтөбе облысы бойынша вакцинация 19 инфекциялық ауруға қарсы жүргізіледі. Туберкулезге қарсы вакцинациялау балалар арасында туберкулез менингитімен диссемирленген туберкулез сияқты туберкулез ауруының дамуына жол бермейді.  Мәселен, жыл сайын облыста тек туберкулезге қарсы 18 мыңнан астам жаңа туған нәресте мен 9 мыңнан астам 6-7 жастағы балалар вакцинацияланады. Соңғы 5 жыл ішінде облыста туберкулезбен сырқаттанушылық та, өлім де 1,3 есеге азайған. Өткен кезеңде өңірде 11 мыңнан астам бала егілді. Бірақ олардың ішінде ешқайсысында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің күрделі жағдайлары кездескен жоқ, — деді департамент басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ардақ Орынованың айтуынша,28 тамыздан бастап облыс төңірегінде «Japan BCG Laboratory» вакцинасының № І-1536 сериялы еріткіші бар №1637 сериясы қолданылуы тоқтатылған.

— Облыс бойынша медициналық мекемелерде тері ішіне енгізуге арналған БЦЖ глюкамат лиофилизацияланған вакцинасының жиынында еріткіші бар 2 сериясы қолданыста болды. Бүгінгі таңда медициналық мекемелерде 7200 доза жиынында № І-1536 сериялы еріткіші бар №1637 сериялы БЦЖ вакцинасының қалдығы бар. Барлық қалған доза облыстық вакцина сақтайтын қоймаларға тапсырылады, — деді А.Орынова.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста екпеден бас тартқан 2644 бала бар. Екпе салдырмаудан көш бастап тұрған аудандар қатарында Темір, Мұғалжар, Байғанинаудандары мен Ақтөбе қаласы тұр. Ал Ойыл ауданында екпеден бас тартқанбірде-бір адам тіркелмепті.

— Балаларына екпе жасатудан бас тартқандардың көбісі діни көзқарастағы адамдар. Әрине, бұл бағытта облыс төңірегінде үлкен жұмыстар жасалып, арнайы кездесулер өткізіліп жатыр. Вакцина алмаған балалар арасында жұқпалы ауру түрлерін жұқтырғандары да бар. Балаларының ауру жұқтырғанын білгеннен кейін ғана ата-аналар екпе жасату жөнінде ойлап, өкінеді, — дейді департамент басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button