Жастар

Болашақ дәрігерлер адалдық кодексін қабылдады

Дәстүрлі шара

Елімізде Академиялық адалдық лигасына мүше жоғары оқу орындары санаулы. Солардың бірі — Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті. Аталған оқу орнының бірінші курс студенттері тәртіпке шақыратын ережелерге толы арнайы Адалдық кодексімен танысып, қабылдайды. Биыл да дәстүрлі шара жалғасын тапты.

Жиынның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген басқарма төрағасы — ректор Мұрат Телеуов:

  • 62 жылдық тарихы бар біздің университет — қаншама түлекті ұшырған қара шаңырақ.  Бұл — біздің альма матер. Біздің студенттер кем дегенде 6-7 жыл осы жерде оқиды. Екінші үйіміз.Біз жыл сайын оқуға кіріспес бұрын І курс студенттеріне Адалдық кодексін таныстырып, сол ережелерді қабылдауға шақырамыз. Биыл біздің университетке еліміздің әр түкпірінен 700-ден астам студент қабылданды. Тағы 100 шақты студент — шетелдіктер. Айталық, Үндістаннан келетіндердің оқуы қазан айында басталады. Олар қазір залда жоқ. Кештеу келеді. Айтпақшы, мен де осы оқу орнының түлегімін. Жақсы оқысаңдар, жақсы маман боп шығасыңдар. Ал кейде мәселелер туындап, сұрақтарыңыз болып жатса, менің есігім ашық. Аптасына екі рет студенттерді қабылдаймын, — деді сөзін университет табалдырығын енді аттағандарға арнап.

Ректордыңсөзінен соң Адалдық кодексі слайд арқылы кеңінен таныстырылды. Залда отырған әр студентке Адалдық кодексінің мақсаты, негізгі этикалық қағидалар мен нормалары жазылған парақша таратылды. Шара соңында студенттер бірауыздан Адалдық кодексін қабылдап, қолдарын қойды.

Адалдық кодексінің ережелерін орындаған әр студент тәртіпті, жан-жақты, жауапкершілігі мол, оқуда озат болатынына біз де сендік.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button