Білім

Елек ауылында— жаңа мектеп

Мұғалжар ауданының Елек ауылында 100 балаға арналған жаңа мектеп ашылды. Салтанатты шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, аудан әкімі Асқар Шериязданов, аудан ардагерлері  қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

2018 жылдың сәуір айында басталған  Елек мектебінің құрылысын «Қолғанат Құрылыс» ЖШС жүргізді. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Екі қабатты құрылыстың спортзалы, асханасы, үйірмелік сабақтарға арналған үлкен залдары бар. Мектептің жылу қазандығы да  бөлек тұрғызылды.

Кіреберіс жолдың бойындағы сары кірпіштен салынған  жаңа мектеп  ауылдың сәнін ашып тұр. Осы жерден сәл әріректегі ескі мектепте  78 оқушы оқыған.  Елек өзенінің бойындағы ауыл мал өсіруге, егін егуге қолайлы. Әр үйдің ауласында өз құдықтары бар, жұрт бау-бақша егеді. Соңғы жылдары  ауылға  жан-жақтан көшіп келушілер көбейгендіктен де, жылма-жыл   мектептегі бала саны арта түсуде. Алдағы оқу жылында бала саны 81-ден асса, Елек негізгі мектебінің орта мектепке айналуына әбден мүмкіндігі бар.

Білім күні  жаңа мектептің ашылуына келген тұрғындар ауыл оқушыларының қаладағыдай кең де еңселі білім ордасында оқуына мүмкіндік жасалғанына  ризашылықтарын білдірді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button