Спорт

Абат Айымбетов сырт алаңда 3 гол соқты

Премьер-Лига

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 1:3

25-турда алаң иелері жапырыла ұтылды. Бес кездесуде де қонақтар жеңіске жетті. Еуропа Лигасындағы ойындарына байланысты Премьер-Лигадағы өз кездесулерін осымен екінші рет кейінге шегерген «Астана» 4-орынға түсіп қалды. Әрине, уақытша. «Ордабасы» 3-орынға иек артты.

«Ақтөбе» бұл турда Қызылордада ойнады. Бұған дейін екі турда жеңіліске ұшыраған «Қайсар» бірден-ақ қонақтарды тықсыруға тырысып бақты, стандарттан бірнеше соққылар жасады. Бірақ қонақтар бұл әдіске қарымта шабуылдармен жауап берді. Сөйтіп 17-минутта нәтижеге де жетті. Оң қанаттан тамаша ашылған Асланбек Кәкімов қақпа сызығы бойынан деуге боларлық тұстан қызылордалық қақпашы Александр Григоренконың бойынан асыра әуелете пас тастады да, осы жерге жетіп келген Абат Айымбетов теңбіл допты баспен соғып, қақпаға сүңгітті де жіберді — 0:1.

Шапшаң гол алаң иелерін қатты абыржытты. Абыржығандары соншалық, мағыналы шабуылдар ұйымдастырудың орнына тағы да қателік жіберді. Ішкі жақтан тамаша пас алған Асланбек Кәкімов алдына ешкімді де салмай, қақпаға тура беттеген шақта оны Александр Марочкин көзбе-көз аяқтан шалып құлатты. Төреші Георгий Чеховский еш ойланбастан «қызыл қағаз» көрсетіп, қызылордалық қорғаушыны жасыл алаңнан қуды. Алаң иелері бұдан соң тым ашуға басып, ойын ережесін бұзумен болды, оған қоса төрешіге де мінез көрсете бастады. Соның салдарынан тайм соңына қарай Тигран Барсегян мен Асхат Тағыбергенге ескерту жасалып, «сары қағаз» көрсетілді. Ал ақтөбеліктер допты бақылауда ұстады. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Ойынның екінші бөлігінде де алаң иелері бұрынғы қимылдарына тың өрнек қоса алмады. Рас, Абат Айымбетовтің кезекті қауіпті соққысына жауап ретінде Куле Мбомбо «тоғыздықты» нысанаға алуға тырысты. Дегенмен «Ақтөбе» тағы да есепті еселеді. 63-минутта қызылордалық қақпашы Александр Григоренко оңбай қателесті. Өзіне тасталған допты сол қанатта жүрген қорғаушысына асырып жібермек болып әрекеттенген шақта дәл осы маңда жүрген Абат Айымбетов шалт қимылдап, әлгі допты жолшыбай қағып түсті де, ашық қалған қақпаға тура тартты — 0:2.

Әрине, аянатын ештеңе қалмағанын бек түсінген алаң иелері тайлы-таяғымен шабуылға көшті. Тәжірибелі ойыншылар Игорь Зенькович пен Марк Гурманды тыңнан ойынға қосты. Бірақ олар да, жүйесіз ұйымдастырылған басқа әрекеттер де табыс әкеле қоймады. Ақтөбеліктер қорғанысты мығым ойластырумен бірге 78-минутта тамаша қарымта шабуыл үлгісін көрсетті. Алаң ортасында жүрген Асланбек Кәкімов өзіне келе қалған допты еш кідіртпей өкшесімен ілгері зырлата жылжытып жіберді де, оны іліп түскен Абат Айымбетов зымырай жүгіріп, қызылордалық қақпашымен бетпе-бет шықты. Сөйтті де еш қателеспестен допты қақпашының бойынан асыра көтеріп тастады да қақпа торын тағы да тулатты — 0:3.

Ойынның аяқталуына бес-алты минут қалған уақытта «Қайсардың» ең нәтижелі шабуылшысы, армениялық легионер Тигран Барсегян қарымта гол соғып үлгерді — 1:3.

Алаң иелері одан әрі қосымша нәтиже шығарудың еш ретін таба алмады, ақтөбелік қорғанысты бұзудың мүмкіндігі болмай шықты.

Осылайша бес тур бойы жеңіске жете алмай жүрген «Ақтөбе» үш ұпай олжалады және қызылордалықтарды биылғы чемпионатта екінші рет ұтты.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 1:3

Гол авторлары: Абат Айымбетов, 17-минут (0:1); Абат Айымбетов, 63-минут (0:2); Абат Айымбетов, 78-минут (0:3) Тигран Барсегян, 85-минут (1:3).

Ескерту қағаздары көрсетілгендер: К.Битанг, 34-минут; Т.Барсегян, 42-минут; А.Тағыберген, 44-минут («Қайсар) — Р.Сахибов, 27-минут; Ә.Таңжарықов, 56-минут («Ақтөбе»).

21-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін А.Марочкин («Қайсар») жасыл алаңнан қуылды.

«Қайсар»: Александр Григоренко, Ильяс Әмірсейітов, Александр Марочкин, Иван Граф, Валентин Чуреев, Андре Букия (Иван Садовничий, 25-минут), Кларенс Битанг (Игорь Зенькович, 59-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Тигран Барсегян, Джон Джошуа (Марк Гурман, 59-минут), Куле Мбомбо.

Бас бапкер Стойчо Младенов.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Рустам Сахибов (Есен Жасанов, 74-минут), Рустам Темірхан, Виталий Волков (капитан), Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Ардақ Сәулет, Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Асланбек Кәкімов (Антон Шурыгин, 82-минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

31 тамыз 2019 жыл. Қызылорда, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион, 2500 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Тараз» (Тараз)-«Тобыл» (Қостанай) — 0:5

«Шахтер» (Қарағанды)-«Қайрат» (Алматы) — 0:4

«Атырау» (Атырау)-«Ертіс» (Павлодар) — 0:3

«Жетісу» (Талдықорған)-«Ордабасы» (Шымкент) — 0:1

«Оқжетпес»-«Астана» кездесуі елордалықтардың Еуропа Лигасындағы ойынына байланысты екі команданың келісімі бойынша кейінге қалдырылды.

*   *   *

Бұл 25-турда барлығы 17 гол соғылды. Үш ірі есеп нәтижесі тіркелді. Тең ойын есебі болған жоқ. Тағы бір ерекшелік, қонақтар ғана жеңіске жетті.

21 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 2 футболшы жасыл алаңнан қуылды: Виталий Устинов, 19-минут («Атырау»); Александр Марочкин, 21-минут («Қайсар»).

Бір ойында бір футболшы 3 гол (Абат Айымбетов, «Ақтөбе»), бір футболшы 2 гол (Сенин Себаи, «Тобыл») соқты.

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Шапшаң гол авторлары — Мартон Эппель, 2-минут («Қайрат»); Азат Нұрғалиев, пенальти, 3-минут («Тобыл) ; Марко Станоевич, 5-минут («Ертіс»); Бауыржан Тұрысбек, 12-минут («Тобыл»); Абат Айымбетов, 17-минут («Ақтөбе»).

«Ертіс» футболшылары «Атыраудың» қақпасына екі голды 90+2 және 90+4 минуттарда соқты.

Ең көп жанкүйер «Шахтер»-«Қайрат» командаларының кездесуіне жиналды — 5000 адам.

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Тобыл» (52 ұпай), «Қайрат» (50 ұпай), «Ордабасы» (49 ұпай). «Қайрат» пен «Ордабасы» бір-бір саты ілгері жылжыды.

4-6 орындардағы командалар: «Астана» (47 ұпай), «Жетісу» (41 ұпай), «Қайсар» (37 ұпай). «Астана» бірден екі сатыға төмендеді, дегенмен бұл команданың басқалардан екі ойыны кем.

7-9 орын иелері: «Шахтер» (33 ұпай), «Оқжетпес» (30 ұпай), «Ертіс» (22 ұпай). «Ертіс» бір саты жоғарылады. Ал «Оқжетпестің» басқалардан бір ойыны кем.

10-12 орындағы командалар: «Тараз» (19 ұпай), «Атырау» (18 ұпай), «Ақтөбе» (8 ұпай). «Тараз» бір саты төмендеді. Ал «Атыраудың» басқалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

26-тур ойындары екі апталық үзілістен соң 15 қыркүйек, жексенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырау» командасын қабылдайды. Бұл команданы бірінші айналымда 2:0 есебімен ұтсақ, екінші айналымда тең ойнаған болатынбыз (1:1). Ақтөбелік гол авторлары: Милан Радин, Хрвое Милишевич, Ардақ Сәулет.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Шахтер»

«Тобыл» — «Оқжетпес»

«Қайрат» — «Жетісу»

«Ордабасы» — «Қайсар»

«Ертіс» — «Тараз»

Абат Айымбетов екінші орынға шықты

 13 гол соққан ақтөбелік Абат Айымбетов сұрмергендер тізімінде 14 гол соққан украиналық легионер Адеринсола Эсеоладан («Қайрат») кейінгі екінші орынға шықты.

Ал Абаттан кейінгі орындарда тұрған, 11 голдан соққан 4 мерген де ылғи легионерлер:

Жоао Пауло, «Ордабасы» (Бразилия); Мартин Эппель, «Қайрат» (Венгрия), Марин Томасов, «Астана» (Хорватия), Тигран Барсегян («Қайсар»), Армения.

Асланбек — аңғарымпаз ассистент

«Қайсармен» кездесу барысында екі гол ақтөбелік жартылай қорғаушы Асланбек Кәкімов тастаған пас арқылы енді.

22 жастағы Асланбек Кәкімов чемпионат басталғалы әріптестеріне осымен оныншы рет голмен аяқталған нәтижелі пас берген екен.

Бұл ретте ол бірдей көрсеткішпен 29 жастағы Асхат Тағыбергенмен («Қайсар») бірге екінші орынды бөлісіп тұр. Бірінші орында — хорватиялық 32 жастағы легионер Марин Томасов («Астана»).

Қазақстан үшінші орында тұр

 5-10 қыркүйек аралығында 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу  турнирінің ойындары өтуіне байланысты Премьер-Лига екі апталық тыныс алады.

«I» тобындағы Қазақстан ұлттық құрамасы екі ойынды да сырт алаңда өткізеді. 6 қыркүйек күні Кипр футболшыларымен, ал 9 қыркүйекте Ресей құрамасымен кездеседі. Бұдан бұрын Шотландия мен Сан-Мариноны ұтып, Ресей мен Бельгиядан жеңілген болатынбыз.

Төрт ойыннан кейінгі турнир кестесі төмендегідей: 1.Бельгия — 12 ұпай; 2.Ресей — 9 ұпай; 3.Қазақстан — 6 ұпай; 4.Шотландия — 6 ұпай; 5.Кипр — 3 ұпай; 6.Сан-Марино — 0.

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button