Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбеде «Бопай» балабақшасы ашылды

Конституция күні Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында «Бопай» атты балабақша пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ елімізге белгілі қаламгерлермен қатар ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. 

Қазақстан Республикасының Ата Заңы күні облыс орталығында 150 балаға арнап салынған «Бопай» атты балабақша театрландырылған көрініспен ашылды.

Баһадүр хан Әбілқайырдың адал жары,  сенімді серігі, ел анасы Бопай ханымның есімін мәңгі есте сақтау үшін ашылған балабақша құрылысын ақтөбелік Қожаевтар әулеті тұрғызды.

Балабақша 6 топқа есептелген, соның ішінде 3 қазақ тобы, 3 орыс тобы жұмыс жасайды. Бөбекжайда музыка залы, спорт алаңы, медициналық бөлме, логопед, психолог кабинеттерімен қатар, тұз шахтасы, тігін бөлмесі, асхана, кір жуатын орындар да жасақталған. Балалардың ойын және жатын бөлмелері заманауи жиһаздармен, ойыншықтармен жабдықталған.

Облыстың құрылыс саласында өлшеусіз үлес қосып келе жатқан «Әлиханойл — З» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қожаевтар әулеті тұрғызған «Бопай» атты балабақшаның ашылу сәтінде обоыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналған қауымды Конституция күнімен құттықтады.

-Елбасы, Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында қазіргі таңда еліміздің экономикалық мүмкіншіліктері молайып, тәуелсіздігіміз нығайып, Қазақстан терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналды. Бірақ бұл өздеріңіз білетіндей, оңайға түскен жоқ. Бірнеше рет  экономикалық формациядан өтуге тура келді.Сол кезеңдерде елде көптеген әлеуметтік нысандар жабылып қалды. Ұстаздар мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге уақтылы зейнетақысын төлеудің де мүмкіндігі болмаған кезеңдерді еліміз бастан кешірді. Оның бәрін біздер ұмытпауымыз керек.

Қазіргі таңда тәуелсіздігіміз нығая түсіп, экономикаға инвестиция тартылып, көптеген жұмыс орындары ашылып, бюджеттің мүмкіншілігі молая бастады. Мұның барлығы Елбасының саясаты, көрегендігі, оның үстіне халқымыздың үлкен сабырлылығының нәтижесінде қол жеткізілген жетістік,-деген облыс әкімі өз сөзінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында  кәсіпкерлердің ықпалын сөз етіп, осындай зәулім ғимаратты ел игілігіне табыстаған Қожаевтар әулетіне алғысын білдірді.

«Әлиханойл — З» ЖШС он бес жылдан бері аймақта мектеп, балабақша құрылысын салумен айналысады.  Аталған серіктестіктің басшысы Зұлқожа Қожаев – Қазақ хандығының 550 жылдығында Ақтөбенің Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болған Әбілқайыр ханға мемориалдық кешен тұрғызуды өз міндетіне алған кәсіпкер.

Салтанатты шараға жиналғандар балабақша ішін аралап көрді. Сол күні Бопай ханымның рухына арнап ас берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button