Басты жаңалықтарМереке

37 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды

Конституция күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспанаға  қол жеткізген 37 адамға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Жаңа баспанаға қол жеткізгендер- көпбалалы, толық емес және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар. Оларға үй алу үшін несие «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жылдық үстемеақысы 2 пайыздық мөлшерлемемен берілді.

Займ сомасының көлемінде 10 пайызды құрайтын бастапқы жарнаны өтеу мақсатында әкімдік аталған бағдарламаларға қатысушыларға арнап тұрғын үй сертификатын ұсынды.

Мереке күні облыс басшысы Оңдасын Оразалин қоныстой иелерін Конституция күнімен әрі көптен күткен қуанышты сәттерімен құттықтап, оларға жаңа пәтердің кілттерін салтанатты түрде табыстады.

-Облыс тұрғындары «Бақытты отбасы» бағдарламасына белсенді түрде қатысып жатыр.Бүгінгі таңда банк филиалы 536 несиелік өтінімді қабылдап, оның 244-і бойынша оң шешім шықты. Бүгінде алғашқы бес отбасы қоныстойларын атап өтсе, енді міне, жеңілдетілген шарттар бойынша тағы 37 адам өз баспаналарына қол жеткізуде,- деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірова.

Мерекелік шара кезінде Оңдасын Оразалин жаңа пәтерлердің ішін аралап көрді.

Қазір Ақтөбе қаласында пәтер кезегінде 23548 адам тұр.Оның ішінде көпбалалы санаты бойынша-1517, толық емес отбасылар саны- 5958,  мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны- 932 адам.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button