Экономика

«БАТЫС ЕУРОПА — БАТЫС ҚЫТАЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘЛІЗІ

Ақтөбе өңіріндегі учаскелер биыл толық аяқталады

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі басталғанда «Шіркін, осындай жол салуға біздің де мүмкіндігіміз жетсе ғой» деп қызыға, «Бұл жоба орта жолда қалып қоюы мүмкін» деп қызғана қараған көршілес Орталық Азия, Кавказ елдерін айтпағанда, бұған тіпті әлем жұртшылығы назар аударды. Дүние жүзіндегі беделді банктер мойнын бұрып, құрылысты қаржыландыруға ықыласты екендіктерін білдірді. Әлемдік бизнестің алпауыттары мен банк басшылары «көрсеқызар» емес, «жеті пішіп» барып қана шешім алатыны белгілі. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған көлік инфрақұрылымын дамыту туралы шешім алған болатын және осы шешім негізінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің құрылысын жоспарлаған болатын. Бұл жобаға көрші мемлекеттер қалай қарайды? Қолдай ма, қолдамай ма? Бұл да күрделі мәселе болатын. Бір кездері екі құрлықтың мемлекеттерін қосатын бұл дәлізді шындыққа жанаспайды деп бағалағандар да табылды. Қазір сол «фантастика» сол адамдардың көз алдында жүзеге асуда. Сонымен бәрін рет-ретімен айтайық…

Банк те беделге қарайды

Скептиктерді де кінәлап, жерден алып, жерге салуға болмас. Өйткені кезінде АҚШ-тың өзі жасқанған алып ел КСРО-ның да ірі құрылыстарды толық аяқтауға шамасы жетпеді. Мысалы, сол кездегі 15 одақтас республиканың аузынан жырып салған БАМ («Байкал — Амур» магистралі) ұзаққа созылып, Кеңес Одағын әбден шаршатты. «Чита-Хабаровск» автомагистралі жобасы әлі салынып болған жоқ. Себебі мұндай үлкен құрылыстарды қаржыландыруға империяның қауқары жетпеді. Арзан жұмысшылар — солдаттар мен еңбекпен түзеу колонияларындағы бас бостандығынан айрылғандарды, студенттер мен комсомол-жастарды жұмылдырса да шама келмеді.

Ал бүгінгі күні тәуелсіз жас мемлекет — Қазақстан Республикасы алып құрылысқа бел шеше кірісіп кетті. Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықты бағалаған шетелдік банкирлер ақша төгуден аянып отырған жоқ. Мега-жобаны қаржыландыруға әлемнің алпауыт бес қаржылық құрылымы қызығушылық танытып, ойланбастан қаржы құюға ықыластарын білдірді. Қазақстандық бұл жобаға Дүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және Даму банкі, Ислам Даму банкі, Азия және Жапония Даму банктері инвестиция бөлді.

— Банктердің сенімді түрде қаржы аударуының басты кепілі бар, ол — Қазақстан Көшбасшысының әлем елдері алдындағы беделі, — деген болатын Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов маусым айында Ақтөбе облысына келген сапарында. — Ал Азия Даму банкі бір жолға деп 760 миллион доллар берді. Жаһандық қаржы институты болып саналатын Дүниежүзілік банк 2 миллиард 150 миллион доллар көлемінде орасан зор қаржы құйды. Бір елдің бір құрылысы үшін осындай қаржы бөлу бұл банктің тарихында болған емес. Осыған қарап Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделін бағамдай беріңіз.

Жол — Ырғыздың ырыздығы

Министр Әбілғазы Құсайынов күре жолдың бір учаскесі Ырғызда болған кезінде салынып жатқан жолды көзімен көріп, қарқынына риза болған еді. Айта кету керек, осы жобаға қазір кіріп отырған жол учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары облыста 2003 жылы басталған болатын. «Самара – Шымкент» автожолы бойында орналасқан облыстың елді мекендері жаңа жолды игіліктеріне пайдалануда. 2005 жылға дейін ұзындығы 273 шақырым Ақтөбе-Қарабұтақ учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, 2007 жылдан бері ұзындығы 215 шақырым Қарабұтақ-Ырғыз-Қызылорда облыстарымен шектесетін учаскеде жалғасты. Мердігерлік компаниялар — «Иврус» және «Дена Рахсаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қалған жолды пайдалануға беру үшін еңбек етуде. Биылғы жылдың аяғына дейін 116 шақырым учаске бойынша жол қозғалысы ашылып, келесі жылы толықтай пайдалануға берілмек. Осылайша біздің облыстың үстінен өтетін дәліз учаскелері биыл толық аяқталады.

Бір кездері Ақтөбе қаласына дейін 10 сағат жүріп, жол азабын тартып әбден қалжырап келетін ырғыздықтар қазірдің өзінде бес-алты сағатта облыс орталығында болады. Жол бойында орналасқан шайханалар мен кафелерде ырғыздықтар жұмыс орындарын ашып, жолаушыларға қызмет етуде.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов журналистерге берген сұхбатында Ырғыз жолы бойында мейрамханалар мен кемпингтер тұрғызу үшін жер сұраушы бизнесмендер көп екендігін айтқан болатын. Және бір жиында Ырғыз жолы бойында әлі «бес жұлдызды» қонақүй тұрғызылады деген еді. Бұл облыс басшысының құр сәуегейлігі емес, нақты іс жобасына, экономикалық дәйектемелерге сүйеніп сөйлеген сөзі болатын. Осындай әңгімелер бұл күндері шындыққа айналып келеді. Қазіргі кезде Ырғыз автожолы бір жағы Ақтөбемен, бір жағы темір жолы бар Шалқармен, енді бір жағы Қызылорда облысымен байланысатын үш жақты айырыққа айналып отыр.

Петербор мен Ляньюньган арасы

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 8445 шақырымды құрайды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасынан — 2787, Ресей Федерациясынан — 2233, Қытай Халық Республикасынан 3425 шақырым жол өтеді. Дәліздің негізгі бағыттары мынадай: Санкт-Петербург-Мәскеу-Нижний Новгород-Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Ырғыз-Арал-Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қордай-Алматы-Қорғас-Үрімші-Ланьчжоу-Чженчжоу-Ляньюньган.

Көріп отырғанымыздай, дәліз Қазақстан бойынша бес облыстың үстімен жүреді. Барлығы 2452 шақырым жол қайта жаңартуға жатады (Ақтөбе – 358, Қызылорда – 817, ОҚО – 458, Жамбыл – 480, Алматы – 339 шақырым). Айта кету керек, осы бағыт бойында 4,6 миллиондай халық тұрады екен және бұл еліміздің халқының үштен бір бөлігі болып табылады.

Жүк тасымалы — кіріс көзі

Қандай құрылыс болса да халықтың жағдайын жақсартуға, мемлекеттің әлеуетін арттыруға бағытталады. Ал бұл жобаның қандай тиімділігі бар?

Қазақстан аумағында автомобиль жолдары бұрын-соңды дамыған емес. Кешегі кеңес дәуірінде Ресейдің деревнялары арасының өзінде жолдар сайрап жатты. Ал қазақстандықтар үшін жол болған емес, ауылдарды айтпағанда, аудан орталығынан облыс орталығына жетудің өзі қиямет еді. Енді осындай олқылықтың орны толмақ.

Жол болса өңірлердегі экономиканың дамуы қарқын алады, ішкі сыртқы сауда дамиды. Жұмыс орындары ашылады. Енді ғаламдық көлік компаниялары қазақстандық рынокта шоғырлана бастайды. Еуропадағы және әлемдегі сияқты көлік рыногында қатаң бәсекелестік қалыптасады. Көлік кешені дамып, халықаралық байланыс күшейеді, бұл экономиканың одан әрі дамуына серпіліс береді. Ақтөбеліктер үшін мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі жоспарлар жанданады. Көлік рыногы арқылы Қазақстан ықпалды мемлекетке айналып, жүк тасымалында айтарлықтай табыс түсіреді. Мамандар бұл дәліз арқылы Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетін болады деп жобалауда. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 триллион доллар көлемінде табыс табады екен. Демек, біздің елдің жүк тасымалындағы үлесі қомақты болмақ.

Ойып салу:

Жобаның алғашқы атауы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығында анықталды.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін салу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 88-е өкімімен бекітілген «серпінді жобалардың» тізбесіне енді.

2008 жылғы 22 қыркүйекте Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы «Ынтымақтастық және «Санкт-Петербург-Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Алматы-ҚХР шекарасы» бағыты бойынша автомобиль жолдарын дамыту туралы» Меморандумға қол қойылды.

2009 жылғы 16 сәуірде Пекинде Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммуникация министрлігі арасындағы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру туралы» Меморандумға қол қойылды.

2009 жылғы 11 маусымда Алматыда Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Еуропалық комиссия арасындағы «Көлік жүйелерін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы» Меморандумға қол қойылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button