Басты бет » Білім » Облыстық тамыз кеңесі: жаңа оқу жылы және ерекшеліктер

Облыстық тамыз кеңесі: жаңа оқу жылы және ерекшеліктер

Кеше Өнер орталығында «Bilim ja’ne g’ylym» тақырыбында облыс педагогтерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілді. Жаңа оқу жылындағы басты жаңалықтар — «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып,  2025 жылға дейінгі білім мен ғылымның жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіледі.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Жанбол Жилбаев, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптікодағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева қатысты. Сондай-ақ басқосуға қала, аудан әкімдері,  қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыстық басқармалар мен аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, депутаттар, т.б. жиналды.

Кеңес отырысы алдында «Ақтөбе — адалды қалаңы» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті,   облыстық білім басқармасы мен Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктері арасында білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында білім және әріптестік қарым-қатынастар саласындағы өзара ынтымақтастық туралы үшжақты  меморандум жасалды.

Ел Президенті жүктеген міндеттер

Кеңесте алдымен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Жанбол Жилбаев баяндама жасады. Онда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық тамыз кеңесінде берген тапсырмалары, жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, қазір 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде біршама өзгерістер болады. Бұл өзгерістер: бөбектердің жасы мен даярлық деңгейлеріне қойылатын талаптарды, балабақшаға қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді,  тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін жетілдіруді қамтиды.

Орта білім беруде, биыл жаңартылған бағдарламаларға 4, 9, 10-сынып оқушылары көшеді. Келесі жылы 11-сынып көшіріледі. Сөйтіп, жаңа жүйеге көшу аяқталады. 2021 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу басталады. Мектеп инфрақұрылымын, 5+5+2 схемасы бойынша біртіндеп көшіру жоспарлануда. Бұл енгізу кезінде балаларға жүктеме азаяды және мамандыққа ерте бейіндеу қамтамасыз етіледі.

Дарынды балаларды қолдау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте білім беру ұйымдарын теңестіруге ұмтылу, гимназиялар мен лицейлердің деңгейіне тарту қажет. Ауыл мектебі мен қала мектебіндегі білім сапасының деңгейлерін теңестіру де шешілуі қажет маңызды мәселе, — деді Ж.Жилбаев.

Жаңа оқужылынан бастап «жеңіл портфель» жобасы іске асады. Ата-аналарға таңдау беріледі, оқушылар мектепте оқулықтарды қалдырып, ал үйде электронды оқулықтарды пайдалана алады.

Ұлттық білім академиясының президенті үш тілде оқыту мәселесі туралы да айтты.

Қазақ тілін дамыту—басты міндет екенін  Президент атап көрсетті. Барлық білім мекемелерінің негізгі ұстанымы—мемлелекеттік тілді дамыту болады. Жаратылыстану математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту білім алушылар мен олардың ата-аналарының тілектерін ескере отырып, мектептердің мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылады, — деді Ж.Жилбаев.

Мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева сөз алып, өткен оқу жылының қорытындысы мен  жаңа оқужылының мақсат-міндеттері туралы баяндады. Биылғы жылы білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы шығарылды. Облыс бойынша мемлекеттік бағдарламада көзделген көрсеткіштерге толығымен қол жеткізілді.

Облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балабақшалар желісі 100 бірлікке көбейіп, олардың саны 363-ке жетті.

Елбасының тапсырмасымен тәрбиешілердің еңбе кақысын көтеру Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Республикалық кеңестің жаңалығы—10 жыл тәжірибесі бар тәрбиешінің жалақысы 60 мың теңгеден 77 мың теңгеге, немесе 28 пайызға көтерілді.

Қабылданатын жаңа Заң аясында әр жыл сайын жалақы 10 пайызға артып, жаңа аттестаттау жүйесіне көшірілумен 2024 жылы шамамен  77 мың теңгеден 165 мың теңгеге дейін өседі.

Айта кету керек, мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың тамақтануы үшін 70 пайыздық жеңілдік төлеу мәселесі шешілді, — деді Ләззат Оразбаева.

 Ақылы олимпиадалар өткізілмейді

 Жаңа оқу жылының басына 403 мектеп жұмыс жасайды, Білім алатын оқушылар саны — 148 619 бала. Жаңартылған мазмұнға көшу аясында оқушылар мен мектеп түлектерінің білім жетістіктерін бағалау жүйесі кезең-кезеңмен PISA, SAT, ACT және т. б. халықаралық стандарттарына  өзгертілетін болады.

Ақылы түрде өткізілетін олимпиадалардың еш пайдасы жоқ.  Сондықтан биылғы жылы ешқандай ақылы олимпиадалар, байқаулар жүргізілмейді, — деді басқарма басшысы.

Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембеков, Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Ж.Мұхамбетпайызова және т.б. сөз сөйледі.

Облыс әкімі міндеттеген 5 тапсырма 

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алып, педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз кеңесінде жүктеген бірқатар мәселелер туралы сөз қозғап, аудан әкімдеріне, облыстық білім басқармасының басшысына бірнеше мәселелерді шешуді нықтап тапсырды.

Облыс басшысыөз сөзінде кезек күттірмей шешілуі тиіс бес міндетті атап айтты.

Бірінші міндет — педагогтер кәсіби білікті маман болуы тиіс.

Оқушыларға тиісті деңгейде білім беру, ізденімпаздық, өзіне талап қоюшылық — педагогтің ең басты ұстанымы болуы керек. Облыстағы педагогтердің 35-40 пайызы   ұлттық біліктілік тестілеуден өтпей, қайта тапсыруға өтініш бергенін қалай түсінеміз? Өз білімін жетілдіре алмаған педагог балаға қалай білім бермек, — деді облыс басшысы.  Ол өз сөзінде сапалы білімге қол жеткізу үшін педагогтерге талапты күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасау керектігін де тілге тиек етті.

Физика пәнінің маманы 2-3 ай ағылшын тілінің курсына барып келіп, ағылшынша сайрай алмасы анық. Өзім ағылшын тілінінің маманымын. Сол себепті, мұны жақсы білемін. Соған байланысты ағылшын тілінде сабақ беретін пән мұғалімдері үшін жол картасын әзірлеу керек болар. Ағылшын тілін меңгерту үшін бірқатар мұғалімдерді шетелге жіберейік. Сондай-ақ, шетелден мамандар шақыртып, арнайы сабақтар ұйымдастырған да жөн, — деді облыс әкімі.

Екінші міндет — білім беру мекемелерінің басшылары лауазымына лайық кадр болуы тиіс. Бұл туралы Оңдасын Оразалин былай деді:

Шалқар, Ойыл, Алға аудандарынан директор лауазымына келген бірқатар үміткерлер, бірнеше  мәрте комиссияның қанағаттанарлықсыз бағасын алса да, 5-6 рет қайтара конкурстық комиссияға  келе беретінін қалай түсінуге болады? Басшылық лауазымға үміткер бола тұра, тиісті деңгейдегі талаптарға сай сұрақтарға жауап беруге білімі жетпей жатса, ондай басшыдан не үміт, не қайыр? Осындай басшының басқаруындағы мекемеде білім сапасы бола ма? Өкінішке қарай, бір орнында ұзақ жыл тапжылмай отырып, ешқандай да бір жетістікке жетпеген, өз жұмысының қыр-сырын түсінбейтін, басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттері кемшін мектеп директорлары да  арамызда жоқ емес. Оларға білім беру ұйымын басқару сеніп тапсырылды. Сол себепті, олар әуелі халыққа қызмет жасайтын мемлекет өкілі. Сондықтан басшылық жұмыста жеке бастың емес, халықтың, мемлекеттің мүддесі басымдыққа ие болуы тиіс. Аудан әкімдері  сауаты жетпейтін адамды қайта-қайта жібермей, лайықты кандидат таңдауға баса назар аударуы тиіс.

Үшінші міндет —  қалалық және аудандық білім бөлімдеріне барынша білікті мамандарды тарту керек. Облыс әкімі осы саладағы бақылаудың кемшіндігін қатты сынға алды.  Кадр таңдауда қателесу — мемлекеттік мүддеге нұқсан келтіру.

Осы саладағы кадрлардың жиі ауысуы, бос орынға ұзақ уақыт жауапты лауазымды тұлғаны тағайындамау саланың жұмысын кері тартатыны анық. Немесе тағайындалған басшыларының біліктілігі төмен болып жатады. Ал біліктілігі  төмен лауазым иесі білім саласына басшылыққа келген болса, ол адамның білім сапасын арттыруға  жұмыс жасайды екен деп үміттенуіміздің өзі артықтау болар.

Білім бөлімінің басшыларын тағайындау бойынша айлап, жылдап ол орынды бос ұстау фактілері де кездеседі.  Немесе кадрларды жиі ауыстыру сияқты кереғар жағдайлар да жоқ емес. Нақты айтатын болсақ, Хромтау ауданында 2018 жылдың желтоқсан айынан бері білім бөлімінің басшысының лауазымының орны бос тұр.  Мұғалжар ауданында да білім бөліміне басшылар тұрақтамайды. 1,5 жылдың ішінде 3 басшыны ауыстырған.       

Мұғалжар ауданы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары ауданның білім беру мекемелерінің басшыларынан ақша жинап, пара берді деген күдікпен ұсталуы нені білдіреді? Жалған ақпар арқылы жақсы көрсеткіштерді сатып алуға әрекет жасау — бізді де, педагогтерге аманат етіп тапсырылған шәкірттерді де, олардың ата-аналарын да алдау, — деді Оңдасын Оразалин.

Төртіншісі — Елбасы тапсырмасына сәйкес, апатты, үшауысымды мектептердің мәселесін шешу. Бұл мәселелерді шешу мақсатында облыста бірнеше мектеп салынып жатыр. Дегенмен, құрылысы жылдарға созылған, дер уақытында тапсырылмаған құрылыс нысандары да жетерлік. Облыс әкімі бұл жұмыстарды бақыламаған тиісті мекемелердің басшыларын сынға алды.

Жоспарға сәйкес 1560 орындық 5 мектеп  жыл аяғына дейін беріледі. Дегенмен, құрылыс жүріп жатқан мектептердің ішінде жұмыс көлемі 65-80 пайыз аралығында орындалған нысандардың уақтылы пайдалануға берілмеу қаупі бар. Атап айтқанда, Мұғалжар ауданы Құмжарған селосындағы бейімделген, апатты, саманнан тұрғызылған ғимараттың орнына салынып жатқан 60 орындық мектептің құрылысы өткен жылдан бері жүргізілуде. Жұмыстың  тек 80 пайызы ғана орындалған. Ойыл ауданы Бестамақ ауылында ескі, бейімделген ғимарат орнына салынып жатқан 50 орындық мектеп құрылысының да орындалған жұмыс көлемі небары — 75 пайыз.Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылындағы бейімделген, ағаштан тұрғызылған ғимарат орнына салынып жатқан 100 орындық мектептің құрылысы былтыр басталды. Орындалғаны — 65 пайыз.Ырғыз ауданы Шеңбертал елді мекеніндегі саманнан тұрғызылған, бейімделген мектептің орнына салынып жатқан 100 орындық мектеп құрылысының да тек 80 пайызы  орындалған. Кез келген мердігер әр құрылыстың артында үлкен жауапкершілік бар екенін сезіну керек. Құрылыс жұмыстарының  қарқыны неге төмен, — деді Оңдасын Оразалин.

Бесіншісі, жөндеу жұмыстары кезіндегі кемшіліктерді реттеу. Облыс басшысы жөндеу жұмыстарының кеш басталып, уақытында аяқталмайтынын, мектептердің жаңа оқу жылында дайын болмайтынын сынады.

Мұғалжар ауданындағы №2 Ембі орта мектебінің жөндеу жұмыстарына тиісті  қаражат уақтылы бөлінген. Конкурстық процедуралар уақтылы өткізілмегендіктен, мердігер тек шілде айында ғана анықталған.  Жұмыс 20 шілдеден кейін басталыпты. Келісімшарт бойынша аяқтау мерзімі —  2019 жылдың 15 қазаны деп белгіленіп отыр.

Сонда біржарым ай бойы оқушылар қалай және қайда оқымақ?  Бұған кім жауап береді, — деді облыс әкімі. Ол күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуы аудан және қала әкімдіктерінің жеке бақылауында болуы керектігін қадап айтты.

Облыс басшысы мектеп — ауылдың тірегі, болашағы екенін, сол себепті, әртүрлі сылтаулармен мектептерді жабу үрдісін тоқтату керектігін тілге тиек етті.

Облыс әкімі мектеп формасының сақталуына бақылауды күшейтуді де тапсырды. Оқушы мектепте жалпыға ортақ  ішкі тәртіпке қатаң бағынуы тиіс.

Сөзінің қорытындысында облыс әкімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен  партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия мүшелеріне бірқатар жаңа тапсырмалар бергенін,  партия жұмысында заман талабына сай жаңа әдістермен тәсілдерді пайдалану керектігін айтып, ұстаздар еңбегіне табыс тіледі.

Ұстаздар мерейі

Айта кету керек,  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық тамыз кеңесінде Хромтау тау-кен  колледжінің директоры Б.Мулдашева  Қазақстан Республикасы Президентінің грамотасымен,  Шалқар ауданы, Қорғантұз жалпы білім беретін орта мектебінің география пәнінің мұғалімі  С.Үмбеталин «Білім беру ісінің құрметті қызметкері»,  Ақтөбе қаласындағы №10 орта мектеп директоры И.Бексұлтанова  «Ыбырай Алтынсарин», «Балақай» ЖШС    мектепке дейінгі орталығының  директоры, мектепке дейінгі ұйымдардың Қазақстан ассоциациясы филалының төрағасы Н.Каюдина «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған болатын.

Бұл күнгі шара  барысында да педагогтерге үлкен құрмет көрсетілді. ҚР  Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2 ардагер ұстаз  «Еңбек ардагері», 8 педагог «Ыбырай Алтынсарин» және 8 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин  «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздары — дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты,  Ақтөбе қаласы №17  орта мектеп-гимназиясы  мен  №23 орта мектеп-лицейі және Темір ауданы №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы ұжымын марапаттап, аталған білім шаңырақтарының басшыларына сертификаттар табыс етті. Сондай-ақ, облыс әкімі тағайындаған  100 000 теңге көлеміндегі сыйақы және Алғысхатқа 21 педагог ие болды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.