Басты жаңалықтар

Ақтөбе қаласын дамыту бағыттары нақтыланды

Кеше қалалық әкімдік ғимаратында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Ақтөбе қаласын дамыту жоспары бойынша мәжіліс өтті.

Оған мемлекеттік мекеме басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, т.б. қатысты.

Жиынды ашқан облыс басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының дамуы, оның болашағы барша тұрғындарға ортақ мәселе екенін жеткізіп, келешекте агломерация орталығына айналатын шаһарда бүгінде 500 мыңға жуық адам тұратынын атап өтті.

  • Бүгінгі басқосудағы басты мақсат — қаланы дамытуға арналған жоспарлармен бөлісу, сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау. Қаланың дамуы, жетістігі — бәрімізге ортақ мәселе. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында облыс орталығының рөлі зор. Ал қаланың дамуы тікелей облыстың дамуына әсер етеді. Сондықтан бүгінгі жиында осыған дейін атқарылған жұмыстарды талқылап, алға қойған міндеттерді айқындауымыз керек, — деді О.Оразалин.

Жиында Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин биылғы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

— Бүгінге дейін белсенді тұрғындар мен қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен қаланың дамуына қатысты жалпы саны 24 ұсыныс түсті. Оның ішінде абаттандыру, инженерлік желілер, жол, жарықтандыру, жер, тағы басқа мәселелер бар.

Жалпы, биылғы жыл басынан бері Ақтөбе қаласына 98 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның негізгі көлем индексі — 114,6 пайыз. Биылғы жылғы қала бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 338,9 миллиард теңгені құраса, кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу көлемі 2 миллиард теңгеге жетті. Ал өңдеу өнеркәсібі — 288,6 миллиард теңге. Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімін өндіруді 627,8 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биылғы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 98 миллиард теңгені құраса, жыл соңына дейін негізгі капиталға салынған инвестицияның болжамдық көлемін 185,5 миллиард теңгеге жеткізу міндеті тұр. Ал ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімнің көлемі — 10,3 миллиард теңге болса, жыл соңына дейін жалпы өнімнің болжамды көлемін 105 пайызға жеткізуіміз керек, — деді М.Абдуллин.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласының экономикасын дамытатын 48 инвестициялық жоба әзірленген. Оған жалпы мөлшері 700 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда инвестициялық жобалардың тізімі жасақталуда. Оның ішіне 6,6 мың жұмыс орнын құрайтын жалпы құны 616,7 млрд теңге болатын 48 ірі жоба кірген. Сондай-ақ, бүгінде 36 кәсіпорын өндіріс қуатын модернизациялауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта аталған модернизациялаудың арқасында қала экономикасына 200,0 млрд теңге инвестиция тартылып, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға, шығарылатын өнімнің өзіндік құнын және экологиялық қалдықтарды 30 пайызға төмендетуге мол мүмкіндік бар.

— Алдағы уақытта қаламызда бес мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын көтерме-тарту орталығы салынады. Құны 12 миллиард теңге тұратын орталықтың құрылысы келер жылы басталады деп жоспарлануда. Орталықта 2560 сауда орны ашылып, соның арқасында жылына 4 миллиард теңгеге жуық салық төленетін болады. Сондай-ақ «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде «Batysmart» көтерме-үлестіру орталығын құру жоспарлануда. Жобаға салынатын инвестиция құны — 5,0 миллиард теңге, жоба қуаттылығы жылына 17,5 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек құрайды, — деді қала әкімі.

Өз сөзінде Мавр Абдуллин тұрғын үй кезегі, қоғамдық көлік, көше жолдары мен қаланы абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 145 мың адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. Алдағы уақытта тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Бұған дейін аталған бағдарлама аясында 41,8 млрд теңгеге 388 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11,6 млрд теңгеге 738,9 шақырым желі тартылған. Қазіргі таңда инженерлік желілер «Бауырластар-4», «Батыс-1», «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивтеріне және №5 шағын ауданына тартылуда.

Бүгінде қала бойынша қолжетімді баспана алуға 23,0 мың отбасы кезекке тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 2020-2022 жылдары 35,0 млрд теңгеге барлығы 267,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Ал қоғамдық көлік мәселесі бойынша биылғы қараша айына дейін қаладағы барлық автобустар электронды төлемге көшеді. Бүгінгі күні қала бойынша 6 бағыттағы автобустарда электронды төлем тестілеу режимінен өткізіліп жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта Ақтөбедегі жол мәселесін шешу үшін 40 жаңа жоба іске асырылмақ. Аталған жобаларға қаражат бөлінсе, облыс орталығындағы жолдардың 80 пайызы жөнделеді.

— Алдағы уақытта қаланың орталық көшелері мен ескі бөлігі, Тұрғындар қалашығы ауданын абаттандыру жобасына 40,5 миллиард теңге, сондай-ақ инженерлік желі тартылмаған аумақтарға желі тартуға 15 миллиард теңге қаржы керек. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұрған ақтөбеліктердің санын азайту мақсатында «Нұр Ақтөбе», «Батыс-3», «Мәскеу Сити» аудандарында көп қабатты үйлер салып, оны кезекте тұрған азаматтарға балама нұсқа ретінде жеңілдетілген шартпен сату ұсынылады. Ондай жағдайда аталған аудандарда 238 мыңнан астам адам тұра алады, — деді Мавр Абдуллин.

Бұдан кейін қала әкімі жиынға қатысушылар тарапынан балабақша сыйымдылығы, жол жөндеу, жасыл желекті сақтау, жарықтандыру, т.б. мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап беріп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин бүгінгі күні қала тұрғындары қоғамдық көлік, ағаштарды суару және күту, жарықтандыру, көшелердің тазалығы, көлік кептелісі, тұрмыстық қалдықтар, т.б. мәселелер бойынша әлеуметтік желілер арқылы көп шағымданатынын айтып, қала әкімінен бүгінгі күні осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

—  Қоқыс мәселесіне келсек, бүгінгі күні тариф бағасы — 105 теңге. Қазіргі кезде қоқыс шығаратын екі компания тарифтің төмендігіне байланысты тұрмыстық қалдықтар жинайтын кейбір бөліктерін тапсырып жатыр. Олардың орнына жеке бір компанияны осы жұмысқа тартып жатырмыз. Олар Ресейден арнайы техника әкелсе, қоқыс шығару мәселесін бір ай мерзімде шешеміз. Қазір бір компания күні-түні қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр. Ал тариф мәселесіне келсек, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті көтермесек, бұл екі мекеме де жабылып қалуы мүмкін. Ал қаладағы ағаштарды суару, күту жұмыстарына келсек, биыл бұл бағытқа 110 миллион теңге қаражат бөлініп, қазір екі компания суару жұмыстарымен айналысуда. Егер қазіргідей қолмен суару әдісін пайдалансақ, біз қаланы көгалдандыра алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта қала бойынша 110 ұңғыма қаздырып, сол арқылы көшеде ағаштарды суаруға арналған базалық жүйе орнатпақпыз. Қазіргі таңда мамандармен ақылдасып, тиімді шешім шығарып жатырмыз. Бұл мәселеде бізге «Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сондай-ақ ұңғыма қазатын үш компания көмек береді, — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Облыс әкімі бүгінгі күні қаланы көгалдандыру, ағаштарды күтіп ұстау, көше жолдары мен жаяу жүргіншілер жолын салу, жөндеу, олардың сапасын бақылау, сондай-ақ қоғамдық көліктер мен аялдамалардың жағдайын жақсарту, т.б. жұмыстарға ерекше көңіл бөліну керектігін айтып, қала әкіміне бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

— Қаланы көркейту, оның дамуына үлес қосу — ортақ мақсат, ортақ іс. Сондықтан, алға қойылған жоспардың нәтижелі орындалуы, жұмыстың сапасына, жауапты тұлғалардың жауапкершілігіне, тұрғындардың мәдениеттілігі мен жанашырлығына тікелей байланысты. Кей жағдайда тұрғындар жоғарыда аталған мәселелерге қатысты наразылық танытып жатады. Ол үшін біз жасалып жатқан жұмысты ашық, айқын түрде көрсетіп, оны халыққа жеткізуіміз керек.

Қаламызды одан әрі дамыту үшін алдымен, сіздер, бұл іске үлес қосып, өз көшеңіз бен аулаңыздың тазалығына жауапкершілікпен қарап, мәдениетті болуларыңыз керек. Және соны өзгелерге ісіңіз арқылы үлгі етіп, көрсетулеріңіз қажет. Қаланың дамуы бір адам немесе бір басшыға байланысты емес, ол бірігіп жасалған жұмыстың нәтижесінде ғана көрінеді. Сондықтан осы жиынға қатысып отырған барлық мекеме басшылары өздерінің тиісті жұмыстарын атқарып, қарамағындағылардан жауапкершілік пен нәтижелі жұмысты талап етсе, қаламыз өркендеп, дамиды, — деді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button