Әлеумет

Әлеуметтік көмектің шарапаты

Берік Төреханов — көпбалалы әке. Табысы кедейлік шегінен төмен азаматтардың қатарында болған Берік мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде жеке кәсіп ашып, мал санын көбейтуді мақсат етіп отыр.

Көпбалалы Төрехановтар отбасы Алға қаласында тұрады. Бұған дейін әулеттегі 14 адам іргетасы 1967 жылы тұрғызылған саман үйді паналап келді.

Бес балам бар. Жұбайым бала күтімімен үйде отыр. Бұған дейін ол Алға қаласындағы бір дүкенде жұмыс жасады. Өзіміздің баспанамыз болмағасын, әке-шешеммен қатар тұруға тура келді. Ұзақ жыл ата-анамның иелігіндегі малды бақтым. Шағын төрт бөлмесі бар саман үйде 14 адам болып тұрып жатқан шақта мемлекеттік органнан қызметкерлер келіп, біздің тұрмысымызды, жай-күйімізді өз көздерімен көрді. Олардан мемлекеттен көпбалалы аналарға қолдау көрсетілетінін естігенде, ерекше қуандық. Осылайша, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының қолдауға қол жеткізудің жолдарын ұғынықты тілде түсіндіруінің арқасында келіншегім Зина атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді, — дейді Берік.

Жақында бұл отбасы 140 мың теңгенің үстінде алғашқы атаулы әлеуметтік көмек қаражатын қолдарына алды. «Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығым зор. Төрт балам мектепке барады. Шынын айту керек, оларды мектепке дайындауға қиналғанымыз да рас. Жақында бірінші рет атаулы әлеуметтік көмек қаражатын алғанымызда, бірден балаларымызға мектеп формасы мен қажетті құралдарын сатып әпердік. Бұл — біз үшін үлкен қолдау», — деді көпбалалы әке.

Жақында Беріктің отбасы баспаналы болды. Көлемі шағын үй болса да, өз баспанасына қол жеткізген Төрехановтар отбасының мүшелері бұл қуанышты көптен күткен еді. «Үш бөлмелі шағын үйді Алға қаласынан 2 миллион теңгеге сатып алдық. Қаржы жағынан ағайын-туыс көмектесті», — деді Берік.

Биыл сәуірде шаңырақтың отағасы аудандағы кәсіпкерлер палатасының филиалында «Бастау» жобасы бойынша бір айлық курстан өтіп, қолына арнайы сертификат алды. Курс оқығаны үшін оған мемлекеттен 16 мың теңгенің үстінде шәкіртақы тағайындалды. Ондағы мамандардың түсіндіруімен қолында сертификаты бар жігіт жеке кәсіпкерлігін ашуға тиіс болды. Жақында ол  505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алды. Беріктің мұндай  қомақты қаржыға қол жеткізуіне оның мал шаруашылығы, әсіресе  қой өсіру ісіне қатысты құрған бизнес-жобасын сәтті қорғауы себепші болған.

Мемлекеттік грант қаражатына 16 қой мен 1 қошқар сатып алдым. Малды Алға қаласындағы «Коля» шаруа қожалығынан алдым. Үйімнің ауласында қора салып жатырмын. Әлі де болса бітпей жатқан шаруалары көп. Күн салқындап, қыс түспей осы істі ыждағаттауым керек. Қазір малды өріске 5-6 отбасы болып бірге шығарамыз. Кезекпен мал жаямыз. Болашақта малды асылдандыру ойымда бар. Ол үшін асылтұқымды қошқар сатып алуым керек. Мақсатым — гиссар тұқымды қой санын көбейту. Тәжіктің гиссар тұқымды қошқары Шымкент қаласында сатылады екен. Бағасы — 90 мың теңге. Етті бағыттағы бір қошқар 170 келі тартады. Қаражатымды жинап, қалай болғанда да осы қошқарға қол жеткізуім керек. Қошқарды Шымкенттен әкелу үшін де 40 мың теңге қаржы керек екен. Бұл істе көршім қолұшын беруге дайын тұр, — дейді Берік.

Берік өз атына ашқан жеке кәсіпкерлігі үшін жақында мемлекетке алғашқы салықты да төлепті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button