Әдебиет

Ізтай ақынның өсиеті

«Ширек ғасыр бойы өзінің сыршыл да ойлы, назды да сазды лирикасымен қазақ өлеңінің асыл қазынасын байытқан» (Мұхтар Құрманәлин) Ізтай ақын, Ізтай Мәмбетов 45 жыл ғана ғұмыр кешіп, өмірден ерте өткен. Соңында төрт қызы қалыпты: Жібек, Кәмшат, Маржан және Гүлшат. Олардың ішінде үлкені, Жібегі ата-әжесінің қолында өскен.

Бүгін оқырмандарымызға ақынның тұңғыш перзенті — Жібек Қозбақованың естелігін ұсынудың орайы түсті:

«Оңашада ғана еркелететін…»

Әкем мен анам бас қосып, шаңырақ көтергенде, анам Мұғрипа небәрі 19 жаста екен. Ал әкем одан 8 жас үлкен еді. Анам — Орал жақтың қызы, бірақ Алматыдағы мектеп-интернатта оқыған. Ол белгілі ақын Жұбан Молдағалиевке туыс болып келеді, екеуі сол Жұбан ағаның үйінде танысыпты.

Мен ата-әжемнің бауырында өскеніммен, туған әке-шешемнің кімдер екенін, әрине, білетінмін, бірақ олар ауылға келгенде, тым жақын боп кетпеуге «тырысып», қашқақтап бағушы едім. Анамды «Мұғрипа» деп атымен атайтынмын. Ал әкемді «папа» дейтінмін.Олар мені тек атам мен әжем жоқ жерде, оңашада ғана еркелетіп, бетімнен сүйетін. Сірә, екі жақ та үлкен кісілердің көңіліне қарап, солар «қызғанып қалмасын» дейтін болсақ керек.

Әкем үйінің үлкен ұлы еді, сондықтан оның тұңғышы — мені атам жеті айлығымда сұрап алып, бауырына басқан екен. Әкем өзінің маған арнаған «Сағындым сені, нәрестем» деп басталатын өлеңінде:

«Сағындым, жаным, бірақ та,

Сабырлық етем жұбанып:

Әлдилеп сені жырақта,

Қарт әкем жүр ғой қуанып», — дейді.

Атам Тілеулі өте еңбекқор жан еді. (Әкем де бұл жағынан атама тартқан.) Сырттағы бүкіл шаруаны ол күні бойы тыным таппай жүріп, өзі атқаратын. Мен ес білгеннен атамнан бір елі қалмай, шөп шабуға, бақшасуаруғаеріп барушы едім. Атам мені қатты еркелетті. Әжем Сұлу да өте мейірімді адам-тын. Әжемнің әкеме өгей шеше екенін мен кейін, есейген шағымда бір-ақ білдім.

Әкемнің «Өгей шешеме» атты өлеңі — кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды алыптар мақтағанөлең. Сәбит Мұқанов: ««Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді. Ізтай бірінші рет ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты», — деген пікір қалдырыпты. Ұлы жазушы менің әжемді ешқашан көрмесе де, әкемнің өлеңіне қарап, оның кісілігі туралы дөп басып айтқан. Әжем өзінің мейірімінің арқасында қазақ поэзиясындағы ең бір ізгі, шуақты бейнеге айналды.

Біз Алға ауданының Бесқоспа ауылында тұрдық. Әкем жырға қосқан Табантал өзені осы ауылдың жанынан ағып өтеді. Ауылдағы жұрттың бәрі атамды қатты сыйлайтын,еңбекқорлығына қоса, ол көп сөйлемейтін, қайратты, сұсты адам еді. Мен мектепті Алға қаласынан бітірдім, бірақ ата-әжемді қимай, оқу іздеп, қалаға бірден аттанып кете алмадым. Сол тұста папам да қайтыс болды. Бұл қайғы атамды қатты күйзелтіп, күні кешегі қайратты, мықты адам көз алдымызда жүдеп,әлсірей берді. Көп ұзамай ол да өмірден өтті. Екі-үш жылдан соң әжем де көз жұмды…

Осылайша ауылмен біржола қоштасып, Алматыға аттандым.

Ақынның балалық шағы

Әкем қайтыс болғандаүйдің тұңғышы — мен 17-де, ал ең кіші сіңлім Гүлшат 9-ақ жаста еді. Тек әкем ғана емес, атам, әжем — алдымыздағы арқа сүйер үлкендердің бәрі бірінен соң бірі кеткендіктен бе, көпке дейін ес жиып, еңсе көтере алмадық.

Иә, әкеден ерте айырылудың өкініш-мұңы біздің көкейімізден ешқашан кеткен емес. Тіпті қазірдіңөзінде мені: «Егер әкем тірі болғанда…» — деген ойлар мазалайтыны бар. Әкемнің тұстастарының, оның көзін көрген жандардың әңгіме-естеліктерін жаныма жұбаныш қыламын, ал кей сәттерде ол естеліктер сағынышымды еселей түседі. Жақын бір жылдарда ғана белгілі ақын Ғафу Қайырбековтің жұбайыБәтіш апай өздерінің әкеммен жақын араласып, бірге жүргендерін, оның мінезі тентектеу, бірақ ешқашан ешкімге жамандық ойламайтын, адал адам болғанын тебірене еске алған еді.

Расында:

«Мен туыппын ақпандатқан боранда

Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, болам ба?!

Өстім еркін ақ боранмен алысып,

Балалығым беттеріне қар ысып.

Асау тайды алғаш ұстап мінгенде-ақ,

Асау желмен кете бардым алысып», — деп, өлеңінде өзі айтқандай, әкем жастайынан-ақ алған бетінен қайтпайтынқайсар, табанды болып өскен. Өзі алғыр, зерек бала оқудағы жетістіктерімен қатар, түрлі үйірмелерге қатысып, жан-жақты болуға ұмтылған.

Әкемнің балалық шағы Ақтөбеде өтті. Осы қалада сол кездегі Тамды және Фабрика (Фабричный) көшелерінің қиылысында тұрған екен. Отбасында бес бала болған. Үлкені — Айман апа, қазір ол Алға қаласында тұрады, жасы 90-нан асқанмен әлі де тың, балалық шақтағы естеліктерін, бауырларына деген сағынышын айтып отырады. Әкемнің шын есімі — Ізбасқан, ол Айман апамыздан кейін дүниеге келген. Ізінен ерген інісі мен екі қарындасы бүгінде, өкінішке қарай, өмірде жоқ.

Атам Тілеулі қарапайым еңбекші адам болған, диірменде еңбек етіпті. Ал туған анасы Күнзира өмірден өткенде әкем 14 жастағы бала екен. Алғаш өлең жазуына да анасының өлімі себеп болған. Анасының қазасынан кейін көпке дейін балалармен бұрынғыдай асыр салып,араласпай, өзімен-өзі оңашаланып, мұңайып жүріпті. Тым сезімтал болған ғой…

Әкем Ақтөбедегі №6 мектепте оқыған. Жоғарыда айтқанымдай, оқушы кезінде бокс, күрес сынды спорт түрлерімен айналысқан, футболдан өтетін жарыстарға барған. Драма үйірмесіне қатысып, сахнаға да шыққан. Мектептегі қабырға газетін шығаруға атсалысқан. Осындай белсенді оқушы бола жүріп, сабағын өте жақсы оқуға да үлгеріпті. Мектепті әкем үздік бітірген.

Біздің отбасы

Өткенге көз тастап, әкемді қиындық, жоқшылық көрген сәттерінде өзіне тән қайсар мінезбен бәріне шыдауға, мойымауға тырысқан-ау деп ойлаймын.

Әкемнің анама арнаған бір өлеңі бар:

«Дастарқанды жайдың-дағы,

Қызардың сен күлімдеп:

«Бұзылады-ау шайдың дәмі,

Сүт жоқ болды бүгін», — деп.

Айтпақ едің себебін де,

Айтқызбадым мен, бірақ.

Маған оның керегі не —

Қайтем соған тұнжырап?

Сәулем, соны алмашы ойға,

Дұрыс болды біткені-ақ:

Құя берші, қара шайға

Көңіліңді сүттен ақ», — деп келеді.

Біздің отбасы тарихының бір бөлшегі, міне, осы өлең. Оның шекесіне «Мұқышқа» деп жазылған. Әкем анамды «Мұқыш» деп еркелететін.

Мен ауылда ата-әжемнің қолында болғаныммен, каникул кездерінде Алматыға да барып тұратынмын. Әкемнің өз жұмыс кабинеті болды. Өлең жазғанда ол екі-үш күн бойы сол кабинетінен шықпай отыратын еді.

Үйде өзіміз оңаша қалған сәттерде бәріміз қосылып, радиодан төгілген әуенге билеп те алатынбыз. Папам өте жақсы билеуші еді. Жалпы, ол әдемі киініп, әдемі болып жүргенді ұнататын. Шашын кім көрінгенге қидырмай, үйге шақыратын өзінің шебер шаштаразы болды. Шашын қиып жатқанда, «бұйрасына көп тиме», «бұйрасы көрініп тұратын болсын», — деп отыратын. Әр баланың көңілінде басқалардың бәрінен артық, қол жетпестей, керемет бір адамдардың бейнесі болады ғой. Мен папамды сондай адам көретін едім.

Бізге ақылын айтып, өмірге баулыған сәттерінде оныңкөбіне: «Ешкімге жаутаңдамай, ешкімге жалпаңдамай, тік жүріңдер», — дейтіні есімде сақталыпты. Бұл сөздерді қазір әкенің өсиетіндей көремін. Оның ең бір жек көретін қасиеттері — жарамсақтық пен жағымпаздық еді. Бізді сол қасиеттерден аулақ болса деп тілесе керек.

Әкем бізді еркелеткенде:«Менің Жібегім, Кәмшатым, Маржаным, Гүлшатым бар, енді Мұқыш қатарынан ұлдар сыйласа, аттарын Сәтен, Шыт-шыбыр қоямын», — деп, әзілдеп те отыратын…

Әкемнің қағаздарын өзі реттеп қойған қалпында ұзақ жылдар үйде сақтадық. Тек кітаптарының көпшілігі қолды болып кеткені өкінішті… Кейін әкемнің мұрасын Алғадағы өзінің атын иемденген аудандық балалар кітапханасына табыстағанды жөн көрдік. Жуырда оны журналист Шара Елеусіз зерттеуге кірісіп, бірнеше жақсы дүниелер жариялап та үлгеріпті. Бұған қуанып қалдық.

Сондай-ақ әкемнің өлеңдерін, (оның ішінде бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдер де бар), жинап-теріп, баспаға тапсыруға әзірлеп қойдық. Енді оның тағдыры жуырда белгілі болмақ. Әйтеуір көп ұзатпай әкемнің жаңа кітабы оқырмандардың қолынатисе деп тілеймін.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button