Жастар

«Баста» жас кәсіпкерлерді қиындыққа мойымауға шақырды

Форум

Ақтөбе қаласында «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылардың «Баста» атты форумы ұйымдастырылды. Шара барысында табысқа жеткен кәсіпкерлер тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкерлердің ісін дамыту мен қолдауға бағытталған бірнеше жобаларды ұсынып келеді. Солардың бірі — «Жас кәсіпкер» білім беру жобасы. Халық арасында үлкен сұранысқа ие жоба қатысушылары үшін «Баста» форумы — соның жалғасы. Ұйымдастырушы — Ақтөбе қаласы кәсіпкерлер палатасы.

Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткісі келетін 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар үшін «Жас кәсіпкер» жобасы — үлкен мүмкіндік. Өйткені жеке ісін ашуға ынталы жастарға қайтарымсыз гранттық қаржыландыру қарастырылған. Онымен қоса аталмыш жоба бойынша жас кәсіпкерлер білім ала алады. Осындай бастаманы жастарға түсіндіру үшін ұйымдастырылған форумға тәжірибелі кәсіпкерлер қатысты. Олар — «Digi Soul» маркетинг агенттігінің негізін қалаушы Асхат Оразаев, сұлулық салонының иесі Әйгерім Нұрғалиева, т.б. Кәсіпкерлер өздерінің жетістікке жету жолындағы құпиясын айтып, қиындықтардың ғана адамды шыңдайтынын атап өтті. Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова жиналғандарды толғандырған сан түрлі сұрақтарға жауап берді.

«Жас кәсіпкер» жобасы арқылы жас кәсіпкерлер 15 күн бойы білім алып, бизнеске деген қабілеттілігін дамытады. Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңде 497 адам оқып шықса, қазіргі уақытта 603 адам тәжірибесін шыңдап жатыр. Жалпы, Ақтөбе облысында жыл соңына дейін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 1100 адамды оқыту жоспарланған. Курстың барлық түлектеріне грантқа немесе жеңілдікті қаржыландыру конкурсына қатысу құқығын беретін сертификат беріледі, — дейді жобаның үйлестірушісі Диана Жұмабаева.

Форумда Жастар жылында өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыссыздарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз адамдарға, сондай-ақ мүгедектерге тегін оқыту курстарының жүргізілетіні де айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button