БілімБасты жаңалықтар

Басты талаптың бірі — үш ауысымды мектептер мәселесін шешу

Тамыз кеңесі

Өткен сенбі күні Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Келешекке — кемел біліммен» аттыАқтөбе қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім саласының ардагерлері, сондай-ақ педагогтар қатысты.

Алдымен қала әкімі Мавр Абдуллин бастаған топ ғимарат фойесінде қала мектептері ұйымдастырған көрмені тамашалап, өнертапқыш, талантты оқушылармен тілдесті.

Жиында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов 2018-2019 оқу жылының қорытындысын баяндап, алдағы оқу жылында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Бүгінде Ақтөбе қалалық білім бөліміне қарасты 241 білім беру мекемесі бар. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 51,3 пайызды құраса, үлгерім сапасы — 99,9 пайыз. Биыл 990 оқушы грант иегері атанса, оның ішінде 159-ы мемлекеттік, ал 131-і бюджеттік негізде жоғары оқу орнына қабылданды.

Қазіргі таңда білім саласындағы ең өзекті мәселенің бірі — үш ауысымды мектептер мәселесі. Алдағы уақытта Украинка, Қанағат, Бекқұл баба ауылдары мен «Нұр Ақтөбе» ауданында жаңа мектептер салынуда. Соған қарамастан №6, №12, №53, №56, №58, №60 орта мектептер мен Бекқұл баба атындағы негізгі мектеп үш ауысымда жұмыс жасап келсе, 2019-2020 оқу жылында үш ауысымдағы мектептер санына тағы қосымша 3 мектеп қосылу қаупі бар. Себебі мектептерде оқушы орнының тапшылығы әлі де сақталуда. Сондай-ақ бүгінгі күні №9, №21, №27, №17, №56, №37 орта мектептерге қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта №12, №53 орта мектептерге де қосымша ғимарат құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар өткен оқу жылында орын тапшылығын жою мақсатында «Батыс-2» шағын ауданында орналасқан «Сымбат» жеке мектебінде 650, ал «Ақбөбек» жеке мектебінде 150 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Бұл бағытта алдағы уақытта жұмыстар жүргізілмек, — деді С.Сүлейменов.

Оның айтуынша, биылғы жылы білім беру ұйымдарында ерекше білімді қажет ететін 425 балаға толық жағдай жасалған. Ал балаларды мектепке қабылдау жұмысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында автоматтандырылған жүйемен іске асырылған. Атап айтсақ, бүгінге дейін мектепке аталған жүйе арқылы 4280 бала қабылданған. Сондай-ақ биыл білім беру мекемелері 2311 компьютер және 425 интерактивті тақтамен толықтырылған.

Мектепке дейінгі ұйымдар туралы айта кетсек, былтыр 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі оқу-тәрбие жұмысымен 93 пайыз бала қамтылса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 97,2 пайызға жеткен. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс негізінде Ақжар-2, Пригородный елді мекендері мен «Батыс-2» шағын ауданында орналасқан 620 орындық заманауи талапқа сай 3 балабақшаға балалар қабылдануда. Алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беруді 100 пайызға жеткізу міндеті тұр, — деді бөлім басшысы.

2019-2020 жаңа оқу жылында білім сапасын арттырумен қатар облыс орталығында білім беру ұйымдарын күрделі жөндеуден өткізу, заманауи робототехника, ІТ кабинеттерін жасақтау, мектеп формасын сақтау мәселесін жолға қою, мектептердегі оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алу, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, т.б. мәселелер басты назарда тұр.

Бұдан кейін жиында Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин білім беру саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, осы саладағы бірқатар мәселелерге тоқталды.

Білім саласы — күрделі сала. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған, әріп пен сан танымайтын кішкентай бүлдіршінді 11 жыл бойы оқытып, оларды жан-жақты тәрбиелейтін — ұстаздар қауымы. Сондықтан мәртебелі маман иелерін алдағы жаңа оқу жылымен құттықтаймын.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бүгінгі күннің басты талабы — оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беру, ұстаздардың деңгейін көтеру, үш тілділік мәселесіне көңіл бөлу, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу. Соңғы жылдары қаламызда халық саны өсіп, облысты агломерация орталығы ету мақсатында бірқатар жұмыстар жасалуда. Осы орайда қала мектептерінде орын тапшылығы мәселесі туындатып отыр. Алдағы уақытта осы мәселелерді шешу мақсатында тиісті жұмыстар жасалады. Ең бастысы, білім сапасын арттыру мен оқушылар арасындағы қылмысты болдырмау — бүгінгі күнгі педагогтер алдында тұрған басты міндеттер. Сондықтан барлық ұстаздарға жаңа оқу жылында шығармашылық табыстар мен сәттілік тілеймін. Шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап, еліміздің абыройын көтерер азамат болсын! — деген шаһар басшысы бір топ ұстазға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі мен Құрмет грамотасын, сондай-ақ Алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ қала мектептерінің ішінде №9 орта мектеп-гимназия мен Новый орта мектебінің ұжымын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Шарада Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай білім беру саласында «үздік» деп танылған 20 педагогке қала әкімінің Құрмет грамотасы мен 100 мың теңгелік сертификаты, ал Жастар жылына орай 20 жас маманға 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің Алғыс хатымен 8 педагог марапатталса,Халықаралық экология, инженерлік және педагогика ғылымдар академиясының атынан 11 педагогқа Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Тамыз кеңесінде жиынға қатысушы бір топ ұстаз жаңартылған білім мазмұны, жаңа мемлекеттік білім стандарты, әдістемелік-нұсқаулық жұмыстар туралы өз ой-пікірлерін білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оқушылар ұстаздарға мерекелік құттықтаулар жолдады.

                                            Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button