Экономика

Жас кәсіпкерлерге 21 миллион теңге көлемінде гранттар беріледі

Мемлекеттік бағдарлама

Қайтарымсыз мемлекеттік грант алу үшін, әлбетте, кәсіпкерлер өз жобасын комиссия алдында қорғауы керек. Кеше, 26 тамыз күні «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант алудан үмітті кәсіпкерлердің өтінішін қарау басталды. 26-28 тамызда, үш күн бойына үміткерлердің өтінімдерін іріктеу жөнінде конкурстық комиссия отырысы өткізіледі. 

Гранттар беру үшін барлығы 61 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Осының ішінде 21 млн теңге «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастарға беріледі. Айта кетейік, грант қайтарымсыз негізде беріледі. Бір адамға берілетін грант көлемі 3 млн теңгеден аспайды.

Мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік, соның ішінде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз түрде ұсынылады. Ол грантқа ие болған кәсіпкерлерөз жобаларына жұмсалатын қаражаттың кемінде 10 пайызын өздері қаржыландыруы тиіс және жаңа жұмыс орындарын ашуы керек.

Конкурс жөніндегі хабарландыру облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында («Ақтөбе»,«Актюбинский вестник»), облыс әкімдігі мен кәсіпкерлік басқармасының инстаграм желілері мен http://kasipkerlik.aktobe.gov.kz/ru/ кәсіпкерлік сайтында жарияланды.

Ақтөбе қаласы мен аудандардан жалпы грант құны 390 млн теңге болатын барлығы162 өтінім түсті. Яғни, 1 грантқа — 8 үміткерден келіп отыр. Келіп түскен жобалардың 70 пайызы (113 жоба) ауылдық жерлерде жүзеге асырылмақ.

Комиссияның бірінші күнгі отырысында Алға, Қобда, Темір, Ырғыз және Шалқар аудандарынан келген кәсіпкерлердің 54 жобасы қаралды. Ертең облыс орталығында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жобаларын комиссия қарауына ұсынады.

Ең жас кәсіпкер 20 жастағы Аслан Бақытжанов Алғада фитнес орталығын ашуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, аудан орталығында мұндай кәсіп түрі мүлде жоқ. Өзі де спортпен айналысатын жас кәсіпкер фитнес орталығын ашу кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтады. Тағы бір кәсіпкер Арай Исмағұлова биыл «Бастау» кәсіпкерлік негіздері курсында оқыған. Бизнесті кеңейту туралы өз жобасын сәтті қорғаған ол жеке фотосалон ғимараты құрылысын салуды мақсат еткенін айтады. Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 млн теңге көлемінде несие алып, өз идеясын жүзеге асырған алғалық кәсіпкер енді баспахана ашуды көздеп отыр. Егер комиссия оның жобасын мақұлдаса, баспаханаға қажетті құралдар алмақ. Болашақта тіпті аудандық газет ашу ойында бар.

Үміткерлер арасында зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға бизнес-жобаларын қорғау кезінде жеңілдіктер қарастырылған, яғни, олардың жобалары бағалаудың 3 өлшемінің орнына екі өлшем бойынша бағаланады.

Ұйымдастырушылар биылғы конкурсқа қатысушылардың жобаларының өте қызықты екендігін айтады. Олардың қатарында этноауылды ұйымдастыру, былғарыдан жасалған бұйымдар өндірісі, алма бағы мен қымыз өндіру, отбасы үлгісіндегі кафетерий ашу сынды ерекше жобалар бар.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button