Денсаулық

Алдын алу шаралары жаңа форматта өткізіледі

Дөңгелек үстел                                                                                

Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен қалалық жастар ресурстық орталығы бірігіп, «Жастар арасында АИТВ жұқпасының алдын алу үшін күш-жігерді біріктіру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Үстел басында АИТВ/ЖИТС алдын алу саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, медицина қызметкерлері және жас көшбасшылар сөз сөйлеп, өзара пікірлесті.

ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, осы жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша, орталықта АИТВ-позитивті 400 адам тіркеуде тұр. Басым көпшілігі — жастар. Ең жасы — 22 жаста.

  • АИТВ жұқпасы бұрын халық арасында арнайы топтар, яғни, есірткіні ине арқылы тұтынатындар арасында ғана тіркелетін. Айталық жыл басынан бері облыста АИТВ-позитивті 26 адам анықталды. Оның үшеуі есірткі қолданғанда, қалғаны жыныстық қатынас арқылы жұқтырғаны белгілі болды. Аталған жұқпаны жұқтырғандардың жас шамасы — 22-ден 48 жасқа дейінгі буын. Абырой болғанда, вирус алғашқы сатысында анықталып, қазіргі таңда вирусқа қарсы тегін ем шаралары жүргізіліп жатыр, — дейді А.Жайлаубаева.

Шараға қатысушылар жастар арасында аталған вирустың бұдан әрі көбеймеуі үшін алдын алу шараларын көбірек жасап, әсіресе, жастардың өз ортасында «тең теңімен» форматы арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Бұл форматта студент студентке, оқушы оқушыға АИТВ мен ЖИТС туралы «өз тілдерінде» түсіндіретін болады. Сондай-ақ, үстел басында

жастар арасында АИТВ жұқпасының алдын алу үшін күш-жігерді біріктіру жайы да сөз болды. Мұнда тек қана ЖИТС орталығы ғана емес, дәрігерлер, педагогтер, ата-аналар, жастар бәрі бірігіп, қоғам боп күресу керектігі айтылды.

Анықтама берер болсақ, АИТВ — адамның иммун тапшылығының вирусы. Бұл вирус ағзаға түссе, аурудан және вирустан қорғайтын иммундық жүйе бұзылады. Ал осы вируспен жиі ауыратын адамға ЖИТС диагнозы (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) қойылады. Аталған вирустың тұрмыстық жағдайда жұғуы мүмкін емес. Егер осы вирусы бар адамның қаны, шәуеті, қынап сұйықтары немесе ана сүті дені сау адамның қанына ине немесе дене жарақаты арқылы түссе, жұғуы әбден мүмкін. Бұл вирусты емдеуге арналған  дәрі-дәрмек әлі табылмады, алайда науқастың өмір сапасын жақсартып, өмірін ұзартуға әсер ететін препараттар бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button